Топ-баннер
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еркеліктен есеймеген жігіт

Еркеліктен есеймеген жігіт

Адам баласының мінезі көбіне өскен ортасынан, көрген тәрбиесінен тамыр тартады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Әке мен ананың мейірімі – баланың жан азығы. Бірақ шектен тыс өбектеу мен орынсыз кешірім кейде сол мейірімнің өзегін босатып, болашаққа балта шабуы мүмкін.
Санжар үйдің кенжесі. Әке-шешесі бетінен қақпай өсірді. Ішкені алдында, ішпегені артында. Ештеңеден таршылық көрмей ержетті. «Жоқ» деген сөзді естіген емес. Ата-анасы жоқтан бар құрап, оның барлық шолжаңдығын көтеретін. Шалалық жасаса да, ойланбастан кешіретін. Санжар мектеп бітіріп, оқуға түсті. Өзінен үлкен әпкесі Айназ бен ағасы Ақеділ оқу бітіре сала, өз күндерін өздері көріп, өмірге ерте араласты. Ата-анасына ешқашан ауыртпалық салған емес. Жұмысқа да өздері орналасты. Ал Санжар үшін ата-анасы елпеңдеп жүгіріп жүретін.
Ақеділ ата-анасына жиі ренжитін.
– Қашанғы бұл баланы өбектей бересіңдер? Өздігінен бірдеңе істеп үйренсін. Ертең сендердің көздерің кетсе, бұны кім жетектейді? Отызында орда бұзбаса, қырқында қамал ала ма? Осы кезден жауапкершілікті алып үйренсін, – деп ашына сөйлейтін.
Ата-анасы іштей оның сөзінің жаны барын түсінгенімен, «Біз кетсек, өзі-ақ үйренер» деп, кенжесіне болысатын.
Күндер сырғып, айлар жылжып өте берді. Санжар сол арқасын кеңге салып, алшаң басқан күйі жүрді. Ол жүрген жерде үнемі шу шығатын. Қарызға белшеден батса да, уәдесінде тұрмаса да, кінәні өзінен емес, өзгеден іздейтін әдет тапты. Ал оның артын тазалайтын – тағы да әке-шешесі мен бауырлары. Санжар көбіне ағасынан бұрын әпкесіне сыр ашатын. Айназ қыз бала болған соң, інісінің тентектігін тез кешіретін. Бауырына болысып, оның дегенін дереу орындайтын. Бірақ бұл әрекет жылдар өтсе де жалғаса берді. Санжардың есейетін ойы жоқ еді.
Қанша қарызға батса да, шалалық жасаса да, бәрін өзіне көмектесуді міндет көретін болды. Бауырлары інісінің бұл қылығына талай рет көз жұма қарады. «Есейер, түзелер» деп үміттенді. Бірақ бір күні арада үлкен жанжал туды. Өзінің жасаған қателігі үшін Санжар ағасы мен әпкесін, тіпті әке-шешесін кінәлай жөнелді.
– Сендер мені осылай тәрбиеледіңдер! Мен кінәлі емеспін! – деп айқай салды ол.
Бұл сөз Ақеділдің жүрегіне оқтай қадалды.
– Әркім өз ісіне өзі жауап беруі керек. Сен баяғы бала емессің, – деп түсіндіргісі келді.
Бірақ Санжар тыңдамады. Керісінше, ағасы мен әпкесінің арасына жік салып, жағдайды одан сайын ушықтырды. Үйдің берекесі кетті. Күні кеше шат күлкіге толы шаңырақтың ішін салқын үнсіздік жайлады.
Уақыт – ең әділ төреші. Бірде әкесі сырқаттанып, ұзақ уақыт жұмысқа жарамсыз болып қалды. Бұрынғыдай қарызды жауып, баласының артынан жүгіретін шамасы жоқ еді. Үйдің тіршілігі күрт өзгерді. Анасының да қабағы кірбің тартты. Ақеділ мен Айназ барынша қол ұшын созғанымен, олардың да өз отбасы, өз міндеттері бар.
Санжар алғаш рет тіршіліктің ащы дәмін татты. Қарыз берген достары теріс айналды. Қасында жүрген жолдастары сиреді. Телефон соқса, бұрынғыдай жүгіріп келетін ешкім жоқ. Сонда ғана ол жалғыздықтың не екенін сезінді. Кеудесін керген тәкаппарлықтың орнына үрей ұялады.
Бір күні ауруханада жатқан әкесінің жүзіне ұзақ қарады. Әкесінің маңдайындағы әжімдер тереңдеп, шашына ақ кіргенін байқады. «Осының бәріне менің де салмағым түсті-ау…» деген ой санасын тіліп өтті. Бұрын байқамаған ауыр күрсіністері, үнсіз төзімі енді жүрегіне жетті.
Сол түні ол көп ойланды. «Мен неге бәрін өзгеден күттім? Неге өзіме жауапкершілік алмадым?» деген сұрақтар мазасын алды. Есіне ағасының айтқан сөзі оралды: «Отызында орда бұзбаса, қырқында қамал ала ма?» Шынында да, уақыт ешкімді күтпейді екен.
Ертеңінде Санжар алғаш рет ешкімге айтпай, жұмыс іздеуге шықты. Жеңіл болмады. Талай жер одан бас тартты. Талай рет намысы тапталды. Бірақ бұл жолы ол шегінбеді. Өмірдің салмағын өз иығымен көтеріп көруге бел буды. Кешкісін үйге шаршап келсе де, көңілінде бір өзгеше тыныштық бар еді. Өйткені ол алғаш рет бір істі өзі атқарған.
Күндер өте келе, Санжар баяу болса да өзгерді. Қарызын бөліп-бөліп өтей бастады. Ағасына келіп:
– Аға, мені кешір. Сен дұрыс айттың, – дегенде, Ақеділ үнсіз ғана бауырының арқасынан қақты. Осылайша, ол оны қанаттандырғандай еді.
Айназ да інісінің шын ниетін сезіп, бұрынғыдай қорғаштай бермей, керісінше, өздігінен әрекет етуіне мүмкіндік берді. Ата-анасының жүзіне қайтадан жылылық ұялады.
Тілші түйіні: Махаббат – баланы еркелету емес, оны өмірге бейімдеу. Жауапкершілік – жастан сіңгенде ғана берік болады. Әке-шешенің мейірімі мен талапшылдығы тең болғанда ғана ұрпақ нық қадам басады. «Жақсылық жасаймын» деп, болашаққа көлеңке түсіріп алмайықшы. Балаға қанат бітіру үшін оны үнемі құшағыңда ұстай беру шарт емес. Кейде ұшуға мүмкіндік беру де керек. Осыны қаперге алайықшы, оқырман...
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
03 наурыз 2026 ж. 23 0

Тарихтан жеткен тағылым

03 наурыз 2026 ж. 25

Жылдам байлық иллюзиясы

03 наурыз 2026 ж. 25

Әсем әндер әуеледі

03 наурыз 2026 ж. 24

Өнермен өрілген ғұмыр

03 наурыз 2026 ж. 23

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031