Әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналары: заң талаптары және төлем тәртібі
Міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік аударым, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы: төлеу мерзімдері және төленбеген жағдайда жауапкершілікке тарту шаралары
Әлеуметтік төлемдер – Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төленетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналары болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында бірнеше міндетті төлемдерді жүзеге асырады. Бұл төлемдер азаматтардың болашақ зейнетақысын қалыптастыруға, денсаулық сақтау жүйесіне қатысуына және әлеуметтік тәуекелдер кезінде мемлекет тарапынан төлемдер алуына мүмкіндік береді.
1. Міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ)
• Мөлшері: қызметкердің айлық табысының 10%;
• Төлеуші: қызметкердің табысынан ұсталады және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылады;
• Мақсаты: азаматтың жеке зейнетақы жинағын қалыптастыру.
2. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ)
• Мөлшері: қызметкердің табысының 3.5%;
• Төлеуші: жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударады;
• Қайда төленеді: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына;
• Мақсаты: қызметкердің болашақ зейнетақы табысын арттыру және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету.
3. Әлеуметтік аударымдар
• Мөлшері: қызметкердің айлық табысының 5%;
• Төлеуші: жұмыс беруші есебінен төленеді;
• Қайда төленеді: Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ);
• Мақсаты: еңбекке жарамсыздық, жүктілік пен босану, жұмыссыз қалу және басқа әлеуметтік тәуекелдер кезінде төлем алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
4. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары (МӘМС)
• Мөлшері:
• Жұмыс беруші тарапынан – қызметкер табысының 3%;
• Қызметкер тарапынан – табысының 2% (жалақысынан ұсталады);
• Қайда төленеді: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына;
• Мақсаты: азаматтардың тегін және сапалы медициналық көмек алуын қамтамасыз ету.
Төлем мерзімі: 4 төлем үшін де есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей;
Төлемдерді төлемеген немесе кешіктіріп төлеу жағдайындағы жауапкершілік
Егер жұмыс беруші немесе жеке кәсіпкер жоғарыда көрсетілген міндетті төлемдерді уақтылы және толық көлемде төлемесе, келесі шаралар қолданылады:
• Әкімшілік жауапкершілік:
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 91, 92, 92-1 баптарына сәйкес:
• Міндетті төлемдерді уақтылы аудармаған тұлғаларға ескерту немесе айыппұл салынады;
• Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері көбейтіледі (жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға бөлек есептеледі);
• Мәжбүрлеп өндіру шаралары:
Мемлекеттік кірістер органдары берешекті өндіріп алу мақсатында шоттарды бұғаттау шараларын қолдана алады.
6. Маңызы
Міндетті әлеуметтік төлемдерді уақтылы төлеу:
• Азаматтардың зейнетақы, әлеуметтік және медициналық құқықтарын қорғауға;
• Мемлекет алдындағы заңды міндеттемелердің орындалуына;
• Әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Сондықтан әрбір жұмыс беруші заңмен белгіленген мерзімде төлемдерді толық және уақтылы аударуға міндетті.
Ә.ТЕМІРБАЙ,
Қазалы ауданы бойынша
Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы













