Тыныштық пен теңгерім: Психикалық саулықты қалай сақтау керек?
Ақпараттың дамылсыз таралып жатқан уақытында адамның психикалық денсаулығының сапасы маңызды. Ақпараттың қарқынды ритмі, әлеуметтік желілердегі түрлі жазбалар, қарым-қатынастағы қиындықтар-бәрі адам психикасына әсер етеді. Сол себепті өзіміздің психикалық жағдайымызға аса назар аударып, оны күтіп-бағу күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Көптеген адамдар психикалық күйзелістің белгілерін байқамайды, уақытылы шара қолданылмағандықтан кейіннен ауыр проблемаларға ұшырап жатады.
Психикалық денсаулықты сақтау тек қиындықтардан қорғану емес, сонымен қатар өмірге деген құштарлықты, эмоционалды тұрақтылықты және жалпы бақыт сезімін арттыруға мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) анықтамасы бойынша, психикалық саулық – бұл адамның ішкі жағынан тыныш және жағымды психологиялық күйде болуы. Басқаша айтқанда, психикалық саулық – адамның өз қабілеттерін тиімді пайдаланып, алға қойған мақсаттарына жете білуі, қоршаған ортасына оң ықпал етуі және өмірлік қиындықтарды жеңе алу қабілеті. Сонымен қатар, психикалық саулық адамның әлеуметтік, интеллектуалдық, эмоционалдық және физиологиялық тұрғыдан үйлесімді дамуын қамтиды.
Психикалық денсаулықты қалай жақсарта аламыз?
Бірінші кезекте, психикалық денсаулыққа әсер ететін негізгі факторлардың бірі-өмір салты. Дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы және физикалық белсенділік, йога, күнделікті серуендеу мидың және нерв жүйесінің дұрыс жұмысын қамтамасыз етеді. Ұйқының жетіспеушілігі концентрацияны бұзып, көңіл-күйді төмендетеді, ал дұрыс тамақтану керісінше энергия мен күш-қуат береді.
Күйзелістен қорғанудың тағы бір жолы-стрессті басқару әдістері. Адам күнделікті түрлі қиындықтармен кездеседі, ал оларды дұрыс қабылдай білу психикалық саулықтың кепілі. Тыныс алу жаттығулары, бір сәт өзіңмен қалу жүйке-жүйесін тыныштандырып, ойды жинақтауға көмектеседі. Сонымен қатар хобби мен шығармашылық істерге назар аудару онымен айналысу күйзелістің азаюына себепші болады. Өзіңізге ұнайтын іс-әрекетпен шұғылдану, мысалы, сурет салу, музыка тыңдау немесе кітап оқу психикалық шаршауды жеңілдетеді.
Адам психикасы әлеуметтік байланыстарға тәуелді. Отбасы мүшелерімен, достармен қарым-қатынас орнату, ой бөлісу, бірге уақыт өткізу эмоционалды тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қиын сәттерде сенімді адамдардан қолдау алу, өз ойларың мен сезімдеріңді бөлісу психикалық саулыққа өте маңызды әсер етеді. Адам қоғамға тартылған сайын, өзіне деген сенім мен өзіндік құндылық сезімі арта түседі. Әлеуметтік тұрғыда оқшаулану, жалғыздық керісінше күйзелісті күшейтіп денсаулыққа зиян беруі мүмкін.
Кейде өз күшімізбен күйзелістен шығу қиын болады. Сол кезде психологиялық көмекке жүгіну қажет. Психолог немесе психотерапевтпен сөйлесу эмоциялық ауыртпалықты азайтып, шешім қабылдауға көмектеседі. Психолог мамандар адамға өмірлік қиындықтардан шығу, күйзелісті басқару, эмоцияларды дұрыс басқару жолдарын табуға көмектесу арқылы психикалық саулықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл-әлдеқайда тиімді тәсілдердің бірі, себебі мамандар обьективті тұрғыдан бағалап, нақты кеңес береді.
Келесі кезекте психикамызды қорғаудын тағы бір жолы ақпараттық диета жасау, жағымсыз контентті азайту, позитивті жаңалықтарға көңіл бөлу, табиғатқа шығу немесе кітап оқу. Саналы түрде ақпарат тұтыну психикалық шаршауды азайтып, ойды жинақтауға көмектеседі.
Психолог мамандар ескертеді: егер біз ақпараттық ағынды басқармасақ, болашақта «ақпаратпен шаршаған» буынды туындатуымыз мүмкін. Сондықтан әрқайсысымыз өзіміздің шекарамызды белгілеп, ақпараттың құлы болмауды үйренуіміз керек. Тыныштықты таңдау-бұл қазірдің өзінде батылдық, әрі психикалық теңгерімді сақтаудың негізі.
Мирамкүл ШАМШАЕВА











