Заманауи оқу автодромы – жүргізуші даярлаудың жаңа деңгейі
Қазіргі таңда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүргізушілерді кәсіби әрі сапалы даярлау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы талаптарға сай жобаланған оқу автодромы «А», «В», «С» және «D» санатындағы көлік құралдарын басқаруға үйретуге арналған заманауи кешен болып табылады. Автодром жүргізушілерді теориялық біліммен қатар, түрлі жол жағдайларында тәжірибелік машықтарын жетілдіруге бағытталған.
Автодром кешенінің құрылымы бойынша оқу автодромының инфрақұрылымы жүргізушілерді кешенді түрде даярлауға мүмкіндік беретін бірқатар арнайы нысаннан тұрады.
Атап айтқанда, автодром аумағында инструктор мен күзетшіге арналған тұрмыстық контейнер орнатылған. Бұл нысандар оқу үдерісін ұйымдастыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және нысанның үздіксіз жұмыс істеуіне қызмет етеді.
Кешенде жол қозғалысының нақты жағдайларын имитациялайтын бағыттаушы бағдаршаммен реттелетін жол айырығы қарастырылған. Осы элемент болашақ жүргізушілерге қиылыстардан өту, бағдаршам сигналдарын дұрыс қабылдау және жол қозғалысы ережелерін тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әмбебап оқу алаңы көлік жүргізудің бастапқы элементтерін меңгеруге арналған. Мұнда қозғалысты бастау, тоқтау, жылдамдықты реттеу, маневр жасау сынды негізгі машықтар үйретіледі.
*** соңы 2-бетте
Арнайы жаттығу аймақтары
Автодромда жүргізушілердің кәсіби қабілеттерін арттыруға бағытталған бірнеше арнайы аймақ қарастырылған. Солардың бірі – «Төбе» (көтеріліп-түсу) өткелі. Аталған нысан жүргізушілерге еңіс пен өрде көлікті дұрыс басқару, қол тежегішін тиімді пайдалану дағдыларын меңгеруге септігі зор.
Зигзаг тәрізді жүріс бөлігі жүргізушінің көлікті дәл әрі сенімді басқару қабілетін дамытуға арналған. Бұл аймақта рульді басқару, қозғалыс траекториясын сақтау, шектеулі кеңістікте маневр жасау машықтары жетілдіріледі.
Сондай-ақ бұрылыстарға арналған алаңшалар, 90 градус бұрылыс аймағы және тұрақ пен айналу алаңы жүргізушілердің кеңістікті сезінуін, көлікті дәл қою және бұру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Санаттарға арналған оқу алаңдары да дәл қарастырылған. Яғни автодромда әр санаттағы көлік құралдарына бейімделген оқу алаңдары қарастырылған.
Атап айтқанда, «А» санатындағы көлік құралдарына арналған арнайы алаң екі дөңгелекті көліктерді басқару машықтарын үйретуге мүмкіндік береді. Бұл аймақ мотоцикл жүргізушілеріне тепе-теңдікті сақтау, бұрылу және қауіпсіз қозғалыс дағдыларын қалыптастыруға арналған.
Кіріп-шығу тұрағы мен автотұрақ аймағы жүргізушілерге көлікті дұрыс орналастыру, шектеулі кеңістікте қозғалу және тұраққа қою ережелерін тәжірибеде үйренуге жағдай жасайды.
Аумақтық және техникалық сипаттамаларға тоқталсақ, оқу автодромының жалпы аумағы 1,94 гектарды құрайды. Жер телімі жер пайдалану актісіне (№1046, 2021 жылғы 21 қыркүйек) сәйкес заңды түрде рәсімделген. Алаң аумағында көлікті әртүрлі жол жағдайларында жүргізу бойынша тәжірибелік жаттығулар өткізуге арналған барлық қажетті нысандар орналастырылған.
Автодромдағы жолдар мен алаңшалардың жабындысының жалпы ауданы 10050 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде: асфальтбетон жабындысы – 9 111 шаршы метр, қиыршықтас жабындысы – 939 шаршы метр. Жабын түрлері түрлі жол жағдайларын модельдеуге және жүргізушілердің бейімделу қабілетін арттыруға көмек береді.
Кіру жолдары мен қауіпсіздік
Автодром аумағына кіру Рысқұлов және Борқұлақов көшелері жағынан асфальтбетон жабындысы төселген кіреберіс арқылы жүзеге асырылады. Кіреберіс қазіргі бар қиыршықтас жолмен жалғасып, автодром бойында автокөліктерге арналған жинақтау және тұрақ алаңы орналасқан.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында автодром аумағының периметрі бойынша биіктігі 1,7 метр болатын металл тор қоршау орнатылған. Қоршау үлгісі – ОГ-1, тип М1В (3.017–1 сериясы), тор металл өзектерге керіліп, бұрыштық тіректерге мықтап бекітілген. Бұл бөгде адамдардың кіруін шектеп, оқу процесінің қауіпсіз әрі тәртіпті өтуін қамтамасыз етеді.
Жобаланған оқу автодромы жүргізушілерді даярлаудың заманауи талаптарына толық сай келеді. Кешендегі оқу нысандары бірізді орналасу тәртібімен жобаланып, жүргізушілердің көлік жүргізу дағдыларын комплекстік маршруттар бойынша бағалау және бақылауға мүмкіндік береді.
Ауқымды автодром болашақ жүргізушілердің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайтуға, апаттардың алдын алуға және сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба болып табылады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














