ҚМДБ дипфейкке қатысты пәтуа шығарды
Фото: MIKE / ADOBE STOCK PHOTOҒұламалар кеңесі дипфейкті әділетсіз қолдануға қарсы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі дипфейк технологиясын қолдануға қатысты өз пәтуасын жариялады.
Дипфейк – жасанды интеллект көмегімен адамның шын айтпаған сөзін сөйлетіп немесе істемеген әрекетін жасағандай етіп бейнежазба жасау технологиясы. ҚМДБ хабарлауынша, Ислам ғылым мен технологияның дамуына тыйым салмайды, бірақ тек адамзат игілігіне, әділеттілік пен адамгершілікке сай қолданылуы тиіс. Яғни, технология игі мақсатқа қызмет етсе – рұқсат, зиянды мақсатқа қолданылса – тыйым.
«Deepfake арқылы адамның шын айтпаған сөздерін сөйлетіп, істемеген әрекеттерін жасағандай етіп көрсету, жалған ақпарат тарату шариғат бойынша қатаң тыйым салынады. Мұндай әрекет қоғам тыныштығын бұзып, іріткі тудырады. Ал ислам діні адам өмірінің қауіпсіздігін ең басты мақсаттардың бірі деп қарастырады. Тіпті қалжың түріндегі қорқытуға да рұқсат жоқ», – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Ғұламалар кеңесінің қорытындысы бойынша, дипфейк арқылы жалған ақпарат таратуға, адамдарды алдауға шариғатта толық тыйым салынған.









