Тоқаев православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтады
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Мемлекет басшысы Қазақстанның барша православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтайды.
“Бұл жарқын мейрам адамдардың жүрегіне сенім мен үміт ұялатып, барша адамзатқа сүйіспеншілікпен қарауға үндейді. Әділдік, ізгілік, шынайылық, жауапкершілік, мейірімділік, үйлесімділік сияқты мәңгілік рухани құндылықтар христиан діні мен басқа да әлемдік дәстүрлі діндердің арқауы саналады.
Президенттің айтуынша, православ христиандары еліміздегі конфессияаралық келісімді нығайтуға, өскелең ұрпақты отаншылдық пен еңбекқорлыққа баулуға және олардың бойына отбасы құндылықтарын сіңіруге елеулі үлес қосып келеді.
“Бірлік, тілектестік, өзара қолдау қағидаттары – мемлекеттік саясатымыздың ажырамас бөлігі, барлық жетістіктеріміздің мызғымас негізі. Жұртымыз бір-біріне құрмет көрсетіп, сенім мен жанашырлық таныта отырып, әділдік және өсіп-өркендеу жолында алға қарай нық қадам жасай береді. Православ азаматтарға және барша халқымызға шын жүректен зор денсаулық, толағай табыс тілеймін! Әр үй құт-берекеге толсын!” – деді Тоқаев.
Еске салайық, 2025 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтап, дәстүрлі жаңажылдық үндеуін жасады. Құттықтау отандық телеарналарда тікелей эфирде көрсетілді. Мемлекет басшысы 2025 жылды ел үшін мерейлі кезең деп атап, экономикалық өсім, инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік салалардағы жетістіктерге тоқталды. Сонымен қатар 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, алдағы реформалар мен басым бағыттарды айқындады. Президент бірлік, еңбекқорлық пен жауапкершіліктің ел дамуы үшін шешуші маңызға ие екенін атап өтті.













