Тірлігі толымды су торабы
Тіршіліктің қайнар көзі саналатын судың маңызы бүгінде бұрынғыдан да арта түсті. Әсіресе климаттың күрт өзгеруі мен су тапшылығы белең алған қазіргі кезеңде бұл ресурсқа деген сұраныс күн сайын ұлғаюда. Сондықтан суды үнемдеп, ұтымды пайдалану – кезек күттірмейтін маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда еліміздің су шаруашылығы саласында ғасырлық тарихы бар, стратегиялық маңызы ерекше нысандардың рөлі айрықша. Солардың бірі – Сыр бойындағы Қазалы су торабы. Бұл ірі гидротехникалық құрылым өткен ғасырдың бел ортасында іске қосылып, бүгінде де аймақтың ауыл шаруашылығы мен тіршілігіне нәр беріп тұрған негізгі жүйенің бірі саналады.Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында Қазалы мен Арал өңірінің төменгі саласында су тапшылығы айқын байқала бастады. Бұл жағдай аймақтың шаруашылығы мен тұрғындарының тіршілігіне елеулі әсер етіп, су ресурстарын тиімді басқару қажеттілігін туындатты. Осыған байланысты Қазалы су торабының құрылысы басталып, бұл жоба елдің су шаруашылығын дамытуда маңызды кезеңге айналды. 1970 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыруға 18,6 миллион сом қаржы бөлініп, мемлекеттік комиссия тоспаны қабылдап, нысанды ел игілігіне тапсырды.
Алғашқы жылдары су торабының жұмысында әртүрлі бағыттағы бөлімдер белсенді қызмет атқарды. Су пайдалану, құрылыс жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, механикалық және есептеу бөлімдері ұйымның негізгі тірегі болды. Бұл кезеңде су торабының қызмет көрсету аймағында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірнеше инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Басықара ауылында мектеп, балабақша, фельдшерлік емдеу орны, мәдениет үйі, орталық асхана, екі дүкен мен пошта байланыс үйі салынды. Сонымен қатар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында екі пәтерлі 16 тұрғын үй, екі қабатты 16 пәтерлік 2 үй, орталықтандырылған бу қазандығы мен 25 орындық монша сияқты маңызды әлеуметтік нысандар іске қосылды. Мұның барлығы да су торабының құрылысын ел игілігіне пайдаланудың алғашқы нәтижелері болды.
Кеңес Одағында қайта құру кезеңі басталғанда, бұл өзгерістердің алғашқы кезекті әсері су шаруашылығы саласына да жетті. «Қазалы су торабы» – солардың қатарында өзгеріске ұшыраған маңызды нысандардың бірі болды. Осы кезеңнен бастап Қазалы су торабы Қазалы су шаруашылығы мекемесінің құрамына бөлімше ретінде қосылды. Бұл өзгерістер мекеме қызметінің жаңа бағытта дамуына жол ашты. Қазалы су шаруашылығы мекемесіне сол уақытта Қуаныш Көланов сияқты білікті басшы, ал Басықара елді мекеніндегі «Қазалы су торабы» бөлімшесіне Шәкірат Сейтекенов сияқты кәсіби маман жетекшілік етті.
1993 жылдың қаңтарында үлкен бір тарихи өзгеріс орын алды: «Қазалы су торабы» мекемесі Қазалы су шаруашылығы теңгерімінен бөлініп, өз алдына дербес ұйым болып қайта құрылды. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен сәйкес келіп, мекемеге жаңа серпін берді. Басшылыққа конкурс жарияланып, Басықара елді мекеніндегі ЖМК-64 мекемесінен мамандар шақырылып, бөлімдерге басшылық қызметке тағайындалды. Бұл кезеңде мекеменің жұмысы қарқынды түрде жақсарып, тұрақталып, су торабының қызметі толыққанды қалыпқа келді. Сол уақыттан бері су торабының жұмысы ешқашан тоқтап қалмай, тұрақты әрі сапалы қызмет көрсетуін жалғастыруда.
«Қазалы су торабы» тоспасы Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы судың деңгейін тұрақтандыру мақсатында маңызды рөл атқарады. Бұл нысан Арал және Қазалы аудандары үшін ерекше мәнге ие, себебі ол «Оңжаға», «Солжаға» және «Ақсай» су жүйелерінің магистральді арналары мен егістік алқаптарын, шабындықтарды және қоршаған ортаны экологиялық жақсарту бағытында маңызды жұмыстар атқарады. Сондай-ақ су торабының көмегімен кеуіп қалған көлдерге су құйылып, бұл жерлердің экологиялық жағдайы қалпына келтіріледі.
1994 жылдан бастап нысанның басшылығын Болатбек Асербаев қолға алып, оның жетекшілігімен көптеген оң өзгерістер жүзеге асырылды. Мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл іске Үкіметтің «Сырдария өзені жағалауын ретке келтіру және Солтүстік Арал теңізінің бөлігін сақтап қалу» жобасы аясында Бүкіләлемдік банктен инвестиция тартылды. 2004-2006 жылдар аралығында Қытайдың геоинженерлік корпорациясы қаржыны толықтай игеріп, жобаны табысты аяқтады.
Нәтижесінде, су тоспасындағы негізгі қақпалар мен су жүйелері магистралды арналарының сағаларындағы гидротехникалық нысандардың ғимараттарына жаңадан темір-бетон плиталары орнатылды. Сонымен қатар құйма темір-бетонмен қоршалып, су ағынын басқаруға арналған қондырғылардың қақпалары жаңартылды. Жоғары кернеулі электр желілерінің кабельдері тартылып, тоспа бойындағы жолдар асфальтталып, барлық аймақ толықтай жарықтандырылды. Абаттандыру жұмыстары да жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталып, табысталды.
Абай елді мекеніндегі қорғаныс бөгетінің ұзындығы 3 шақырымды құрап, 68,00 абсолютті белгіге жеткізілді. Қазалы су торабынан төмен орналасқан «Оң жаға» қорғаныс бөгеті ұзындығы 8,3 шақырымға, 67,30 абсолютті белгіге көтерілді. Бірлік елді мекеніндегі қорғаныс бөгеті 6,3 шақырымға созылып, 66,70 абсолютті белгіге дейін жетті. Ортаңғы қорғаныс бөгеті 400 метрге ұзартылып, 69,50 абсолютті белгіге дейін көтерілді. Төменгі қорғаныс бөгеті де 400 метрге созылып, 70,60 абсолютті белгіге жеткізілді. Жоғарғы қорғаныс бөгеті ұзындығы 650 метр, биіктігі 72,60 абсолютті белгіге дейін көтерілді, ал Масақбай қорғаныс бөгетінің ұзындығы 500 метрге жетіп, биіктігі 72,60 абсолютті белгіге дейін көтерілді. Осы өзгерістер нәтижесінде барлық бөгеттер пайдалануға берілді. Осылайша, аудан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген шаралар өз нәтижесін беріп, апатты жағдайлардан сақтану үшін мемлекеттен бөлінген қаржы тиімді әрі уақытылы игерілді.
2012 жылы «Қазалы су торабы» өндірістік учаске ретінде қайта құрылды. Осы кезеңнен бастап, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалының қарамағына өтті. Мұндай өзгерістер су торабының тек өңір үшін емес, бүкіл ел үшін маңызы артқанын көрсетеді.
Уақытында осы маңызды нысанның жобасы мен сметалық құжаттарын «Средазгипроводхлопок» институты кәсіби түрде әзірлеп, құрылыс жұмыстарының іргетасын қалаған. Ал алғашқы құрылыс жұмыстары Қызылорда қаласындағы «Қызылордаводстрой» тресі қарамағындағы Қазалыдағы №16 жылжымалы механикаландырылған колонна арқылы жүзеге асырылды. Осы қиын да күрделі құрылысқа Кеңес Одағының әртүрлі республикаларынан келген 25 ұлттың өкілдері атсалысып, аянбай тер төгіп, өз үлестерін қосты.
Мекеме басшысы Болатек Айниетұлының айтуынша, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалына қарасты Қазалы су торабы мекемесінде 24 маман су шаруашылығындағы аса маңызды міндеттерді атқарып жүр. Олар таңның атысынан күннің батысына дейінгі уақытын судың тұрақты айналымын қамтамасыз етуге арнайды.
– Қазалы су торабы арқылы Сырдария өзенінің ағысы реттеліп, сол арқылы шаруаларға қажетті тіршілік нәрі – су уақытылы жеткізіледі. Су болмаса, егін де шықпайды, тіршілік те тоқтайды. Сондықтан су торабының жұмысын жүйелі жүргізу – стратегиялық әрі әлеуметтік маңызы бар мәселе, – дейді Болатбек Асербаев.
Шынымен де, дариядан бөлінетін әр тамшы судың қадірі артқан заманда Қазалы су торабының атқаратын рөлі өлшеусіз. Өңірдегі мыңдаған гектар егістік алқаптың өнімділігі, мал шаруашылығының тұрақтылығы, елді мекендердің күнделікті тұрмысы – барлығы осы су торабы арқылы жеткізілетін тіршілік нәріне тікелей тәуелді. Сондықтан Қазалы су торабы – тіршіліктің күретамыры ғана емес, елдің әл-ауқаты мен экологиялық тепе-теңдігінің де берік діңгегі. Ендеше, тұтас өңірдің тіршілігін, табиғи балансын сақтап тұрған тірек нысанның тірлігі дәйім толымды болсын деп тілейміз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













