Ғалымдар 2026 жылы магниттік дауылдар көп болатынын ескертті
Сурет: pexelsАлдағы 2026 жылы магниттік дауылдар саны көп болады. Мұндай мәлімдемені ресейлік ғалым жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.
2026 жылы Күн жарқылдарының саны азайғанына қарамастан, Жерде магниттік дауылдар жиі болады деп күтілуде. Бұған Күндегі короналдық тесіктердің белсенділігі себеп. Бұл туралы Ресей Ғылым академиясына қарасты Ғарыштық зерттеулер институтының Күн астрономиясы зертханасының жетекшісі Сергей Богачев РИА Новости ақпараттық порталына берген сұхбатында айтты.
"Күн белсенділігі бәсеңдегенімен, магниттік дауылдар саны артты. Бұған короналдық тесіктердің күрт көбеюі негізгі әсер етті. Бұл фактор Күнде әлі де сақталып отыр және 2026 жылы да өз әсерін жалғастырады. Сондықтан магниттік дауылдар көп болады", – деді ғалым.
Богачевтің айтуынша, 2025 жылы магниттік дауылдардың күші бойынша алдыңғы деңгейге жататын G4 санатындағы үш дауыл тіркелген. Ал 2024 жылы мұндай құбылыстар төрт рет болған, оның бірі ең жоғары деңгей – G5 санатына жеткен.
Ғалымның мәліметінше, 2025 жылы магниттік дауыл болған күндер саны 2024 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе артқан: 40 күннен 73 күнге дейін өскен. Оның түсіндіруінше, күшті дауылдардың пайда болуы көбіне кездейсоқ сипатқа ие. Мысалы, қуатты Күн жарқылы Жерге әсер етпеуі мүмкін, ал әлсіздеу, бірақ Жерге бағытталған құбылыстар айтарлықтай геомагниттік бұзылуларға әкелуі ықтимал.
Мысал ретінде Богачев 2003 жылғы 4 қарашада болған XXI ғасырдағы ең қуатты Күн жарқылы Жерде тіпті әлсіз геомагниттік әсер де туғызбағанын еске салды. Ал 2024 жылғы мамыр айындағы салыстырмалы түрде әлсіз жарқылдар ең жоғары G5 деңгейіндегі магниттік дауылға себеп болған.
Сарапшының болжамынша, 2026 жылы күшті және өте күшті магниттік дауылдар болуы мүмкін.
Алғашқы магниттік дауыл 2 қаңтардан 3 қаңтарға қараған түні күтіледі, яғни бірнеше сағаттан кейін. Болжанған деңгейі – G2, бұл орташа күшті геомагниттік белсенділікке сәйкес келеді. Дегенмен, дауылдың G3 деңгейіне немесе одан да жоғары көтерілу ықтималдығы шамамен 30%.











