Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылқы жылынан не күтеміз?

Жылқы жылынан не күтеміз?

Жер бетіндегі халық биыл жылан жылын шығарып салып, жылқы жылын қарсы алмақ. Халықтық жыл санаудағы он екі мүшелдің әрқайсысының өз мінезі, өз болмысы бар. Дана халқымыз бұл жылдарды тек күнтізбелік уақыт өлшемі деп қана емес, белгілі бір тағдырлық сипатпен, замананың беталысымен байланыстырып қараған.
Мысалы, тышқан жылын береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың жылы деп білген. Ал мешін жылы ел ішінде бүлік, берекесіздік көп болады деп сақтанған. Ұлу жылы суда өсетін тіршілік иесі болғандықтан, жауын-шашын мол түсіп, астық пен шөптің бітік шығарына сенген. Керісінше, қоян жылы – жұт пен ашаршылық, ауыр сынақтармен келетіні туралы болжамдар бар. Ал енді жылқы жылы ше?
Жылқы – қазақтың жанына ең жақын, қанына сіңген қасиетті жануар. Көшпенділер өмірін жылқысыз елестету – тарихты ұмытумен тең. Сондықтан да халқымыз «жылқы – ер қанаты» деп бекер айтпаған. Шындығында, жылқы көшпенді қазақтың серігі ғана емес, тіршілігінің тұғыры болды. Атқа мінген ұл – ел қорғаны, ат жеткен жер – ел шебі саналған. Бейбіт күнде – көлік, жаугершілікте – сенімді серік, той-томалақта – сән-салтанаттың символы болған. Қазақ үшін жылқы жай ғана түлік емес, тұтас бір мәдениеттің діңгегі. Жырда да, күйде де, ертегі мен аңызда да жылқы бейнесі ерекше орын алады. Батыр жырларында тұлпарсыз ер жоқ. Бәйгеде озып, даңққа бөленген жүйріктердің есімі ел аузында аңызға айналған.
Сонымен бірге халқымыз жылқы арқылы адам мінезін сипаттап, оны тектілікпен, еркіндікпен байланыстырып отырған. «Жылқы мінезді» деп көңілі кең, пейілі дарқан, бірақ қажет тұста қайсар мінез танытатын нағыз азаматты айтқан. Ал бәйбішені «бес биенің сабасындай» деп, берекенің, сабыр мен салмақтың, елге ұйытқы болар тұлғаның бейнесіне балаған.
Жылқы тек көлік қана емес, ол – тұлпарға мінген текті халықтың бейнесі. Жылқыға қарап елін, жүйрігіне қарап жерін таныған жұрттың ұрпағымыз. Сондықтан да жылқы жылы келер шаққа үмітпен қарауға, осы қасиетті жануардай қайсарлық пен серпіліске жол ашуға үндейтін секілді.
Шығыс күнтізбесі бойынша жылан жылынан кейін келетін жылқы жылына ерекше мән беріп, бұл жылды құт-берекенің, қозғалыс пен серпілістің жылы деп бағалаған. Халық арасында «Жылқы жылы – жұтсыз» деген сенім кең таралған. Өйткені ел жадында бұл жылда ел басына төнген ауыр апаттар, ашаршылық пен қантөгістер аз тіркелген. Жылқы жылы – жаймашуақ, тіршілікке тыныс беретін, қытымыр кезеңдерден кейінгі жаңару мен үміттің жылы саналған. Сондықтан халық бұл жылды асықпай, үмітпен, тілекпен қарсы алған.
Жылқы жылы – тарихқа да талай игі жақсылар мен ұлы тұлғаларды алып келген ерекше жыл. Мәселен, ел қорғаны, аты аңызға айналған Қаракерей Қабанбай батыр (1690) – дәл осы жылқы жылы туған. Жыр алыбы Жамбыл Жабаев (1846), Алаш әдебиетінің асқарлары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров (1894) те осы жылмен келген.
Бұл кездейсоқтық емес. Халық танымында жылқы жылы туғандар – мінезі тік, рухы биік, әділетке жақын, қайратты болады деген наным бар. Олар – сабырлы, бірақ қажет тұста найзағайдай жарқылдап, елге қорған бола алатын жандар. Сонымен қатар жылқы жылы дүниеге келгендер үшін бұл жыл – мүшел жасы болуы мүмкін.
1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002 жылдары туғандар 2026 жылы жаңа мүшелге аяқ баспақ. Қазақ дүниетанымында мүшел жас – ерекше кезең. Бұл жаста адам тән мен жан жағынан тоқырау мен сынақ кезеңінен өтеді деп сенген. Қауіп-қатер, ауру-сырқау, оқыс жағдайлар осы кезде жиі болады деген таным да бар. Сол себепті қариялар мүшел жасқа толған адамға «Жаның тазарады» деп, сүйікті киімін біреуге сыйлауға кеңес береді. Құрбан шалып, садақа беріп, тілеу тілейді. Мақсат – бұл кезеңнен аман-есен, жаңарып шығу.
Тағы бір халықтық ұстанымға сенсек, жылқы жылы туған адам бұл жылы жылқы бауыздамауы керек. Мұндай тыйым – өз жылымен келген жанның тағдырымен астасып жатқан жылқыны құрбан етпеу, оған құрметпен қарау дегенді білдіреді.
Жыл иесі жылқы – қиындыққа төзімді, күш-қуаты мол, еңбекқор және еркіндікті сүйетін жануар. Сондықтан бұл жылы адал еңбек еткен адамның жолы болады. Жыл бойы тынымсыз еңбек еткендердің табысы мол болады. Шығыс астрологтары жылқы жылы адамдардың жомарттық пен еңбектену арқылы несібесін көбейтетінін айтады. Әрине, бұл болжам, бірақ нақты нәтиже адамның өзіне байланысты.
Мансапта биік белестерді бағындыру, күрделі істерден қорықпау үшін де қолайлы кезең – жаздың екінші жартысы мен күздің басы. Жылқы жылы бала сүю үшін де сәтті саналады. Бұл жылы туған балалар табанды, мінезі жұмсақ, денсаулығы мықты болып келеді.
Жылқы – ұжымшыл жануар, жалғыздықты ұнатпайды. Сондықтан жаңа жылды отбасымен, достармен, көңілді әрі белсенді қарсы алған дұрыс. Табиғат аясында серуендеу, қысқы серуен немесе шаңғы тебу – денсаулық пен қуатты сақтаудың кепілі.
2026 – үміттің шырағы, мүмкіндіктің мініс аты. Екпіндеп еніп келе жатқан жылда жылқы сияқты табанды әрі төзімді болсақ, алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ. Ендеше, әрбір істі сеніммен бастап, батыл қадаммен алға ұмтылайық!

А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
31 желтоқсан 2025 ж. 21 0

Ұрпағы ұлықтаған Самұрат би

31 желтоқсан 2025 ж. 19

Кәсіпкерлікке қолдау кең

31 желтоқсан 2025 ж. 23

Шаттық сыйлаған шырша тойы

31 желтоқсан 2025 ж. 20

Аудан әкімінің құттықтауы

31 желтоқсан 2025 ж. 30

Жылан жылындағы жақсы істер

31 желтоқсан 2025 ж. 26

Жылқы жылынан не күтеміз?

31 желтоқсан 2025 ж. 22

365 күндегі 100-ші басылым

31 желтоқсан 2025 ж. 25

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031