Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіби деңгейдің жоғарылығын дәлелдеу және халықаралық қауымдастықта танылудың үлкен мүмкіндігі

Кәсіби деңгейдің жоғарылығын дәлелдеу және халықаралық қауымдастықта танылудың үлкен мүмкіндігі


Жақында көк байрағымызды желбіретіп, әлемдік додада топ жарған арудың жеңісі көпті қуантты. Бейнекескінді өз парақшасына салып, ақжолтай хабарды сүйіншілеген, үздік халықаралық сұлулық сайыстарының жеңімпазы, Ерлан Айнабеков. Ол жазбасында: «Әлемнің ең мықты коларисі Қазалы ауданында» деген жазба қалдырған болатын. Үздіктердің үздігі Айнұр Найпованы газет тілшілері әңгімеге тартып, үлкен жарысқа дейінгі жол туралы сұрап білді.

– Сұлулық индустриясы – қазіргі заманның ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Қоғамдағы адамдардың сырт келбетіне мән беру деңгейі артқан сайын, сұлулық индустриясы да жылдам дамып келеді. Ол тек сыртқы келбетке әсер етіп қана қоймай, адамның өзін-өзі бағалауына, сеніміне және жалпы психологиялық ахуалына да әсер ететіні айтылып жүр. ainura.akimjanovna-мен жақын таныс болсақ...
– Мен Қазалы ауданының тумасымын. Өзімді бьюти сферада өмірлік бағытымды түземін деп ойлаған жоқпын. Мұнда келуіме басты себепкер – әкем. Банк ісі саласы бойынша академиялық білімі бар. Мамандығым бойынша жұмыс істеп жатқан маған бір жолы әкем: «Қызым, қосымша шаштараздықты оқып алсаң қайтеді», – дегенінде, тосын ұсынысқа таңырқап, бас тартқан болатынмын. Қызығы сол, әкемнің тілегі қабыл болып, арада жылдан өткенде, осы салада қызмет көрсетіп келемін.
Қызылорда қаласында банк бөлімшесінде жауапты жұмыс істейтінмін. Қазалыға тұрмысқа шықтым. Атам мен енем Ресейдің Оренбург қаласында тұратын. Сол жаққа жиі барып жүрдік. Жұмыстан шығуыма тура келді. Отбасылық өмірдің алғашқы үш жылы жұмыссыздықпен өтті. Үлкен ұлымды босандым, артынша қызым дүниеге келді. Екінші перзентім екі айға толғанында Оренбург қаласынан алғаш шаш қию курсын меңгердім. Сол жақтан бет бояуы, тырнақ, шаш үлгісін жасау, кірпік жабыстыру ісін оқып, әмбебап шеберлікті меңгеріп, жұмысқа тұрдым. Орынбордан оралып, Қазалыда ісімді жалғастырдым.
– «Әмбебап шеберлік» дегенді айтып қалдыңыз... Бүгінгі өзіңізді әйгілеген бағытқа қай кезде бет бұрдыңыз?
– Барлығында да тұрақты тұтынушыларым болды. Бірі кірпік жасағанымды ұнатса, бірі тырнағын әрлегеніме қызығатын. Барлығын меңгере тұра, мен іздеген биікке ұмтыла алмадым. Үйлену тойларына макияж жасайтынмын. Мәскеуден атақты визажист Гоар Аветисяннан, Екатеринбургтен «Babaevski» атты брендті дамытқан Джейхун Бабаевтан сұлулық қызметтері көрсеткішінен үш деңгейлі білімді жетілдіріп келген болатынмын. 2017-2020 жылдары өз тойына біздің қызметті таңдаған қалыңдықтар қатары қалың еді. Сондықтан шашты күрделі бояу тапсырысына үлгермейтінмін. Карантин бастағанда да тек отыра алмай, әлемге әйгілі стилист, көрнекті бьюти-білім беруші және халықаралық дәрежедегі кәсіби тренер Горгий Коттың білімін онлайн алдым.
Халықаралық жарыстар мен чемпионаттарда қатысып, жүлделі орындарға ие болған, өзінің «Международная Академия Красоты Георгий Кот» атты қарқынды оқыту академиясы, түрлі құнды білім беру бағдарламалары бар Кот креативті шаш үлгілері мен шеберлік оқыту бойынша әлемге танымал тренер.
Меңгерген білімімді маникендерге жасап, дағдылынып жүрдім. Осы екі шеберден алған білімінің құны 3 миллион болған еді.
Кәсіби макияждарға кәсіби құралдар қолданылғандықтан, тұтынушылар өзгерістері бетін жуған көңіл күйлерін түсіретінін айтатын. Ал күрделі боялған шаш бір жылға дейін адамды қуанышқа бөлей алады. Осы жағдайлар өзімді бір бағытта терең жетілдіру туралы ойды санама қаттады. Сол кезден бастап тек шашты күрделі бояу техникасымен айналысуға терең ден қойдым.
– Көп оқитын, ізденетін мамансыз. Ол тәжірибе жинаудың тәсілі ме, әлде жаңалыққа ұмтылу ма? Өз аузыңыздан естісек...
– Оныңыз рас. Маған: «Сонда мамандығыңды әлі меңгерген жоқсың ба? Неге оқи бересің?» дейтіндер бар. Әр 6 ай сайын біліктілікті көтеріп отыруды дәстүрге айналдырған жанмын. Сұлулық саласында тырнақ, кірпік, бет әрлеуде де үздік мастер кластарға қатысып, ізденісімді арттырдым. Кейде 3 ай сайын баратын кездерім де болады. Бір уақытта бірнеше курстарды оқып, меңгеруге тырысамын. Әр шебердің өзіндік құпиясы бар. Салыстыра отырып, барлығының фишкаларын түземін. Анвар Давидов, Айнура колларист сынды мамандардың дәрісін алдым. Мәскеуде оқыдым, Дубайдан онлайн білім игердім.
Жиған білімім мені мамандануға ғана емес, мол тәжірибе алмасуға көп көмектесті. Мәселен 2023 жылы Анталиядағы Халықаралық жарысқа қазақстандық команда құрамында барып, 18 мемлекет арасынан осы күрделі шаш бояу техникасы бойынша бірінші орынға қол жеткіздік. «Fashion World 2025» Қазақстанда өткенінде, үлкен ауқымды шеберлік шарасының құрметті қонағы ретінде шақырылдым.
– 2025 жылғы қарашада Сочиде өткен ірі шығармашылық-сән және кәсіби фестивалге қалай таңдалдыңыз?
– Георгий Кот –үш дүркін әлем чемпионы. Шығармашылықтың жоғары деңгейі мен кәсібилігі арқылы жаһандық танымалдылыққа қол жеткізген тұлға. 2020 жылы онлаин дәріс алғанымда, сол кісінің тәжірибесін тікелей алсам, жобаларына қатыссам, жүздессем деген арманын болатын. Сол орындалып отыр. Ұсынысты айтып, мені додаға қосқан ұстазым Ерлан Айнабеков.
2025 жылы қыркүйек айында Астанаға келіп, төрт күндік шеберлік сағатын өткізіп, Қазақстаннан чемпионатқа қатысатын шеберлерді оқытып, дайындап кетті. Бұл чемпионат командалық жарыс болғанымен, жеке өнер көрсетуге мүмкіндік беретін айтулы дода болды. Мастабты жарыстағы алғашқы адымым жаман болған жоқ деп ойлаймын. Бұл іс-шара салалық чемпионат сияқты дәстүрлі спорт жарысы емес, шаштараз өнері, креативті стильдер мен кәсіби көрсетілімдерге арналған маңызды оқиға. Шаштараз саласының креативті мамандары мен жанкүйерлерін жинады. Бәсеке-байқау форматында емес, керісінше көрме-фестиваль секілді шығармашылық іс-шарада жаңашыл үлгілер, сән көрсетілімдері, стильдік экспозициялар ұсынылды.
Бұл фестиваль кәсіби стилисттерге тәжірибе алмасу, жаңа трендтерді көрсету және шеберлікті паш ету мүмкіндігін береді.
Hairworld Championship — шаштараз өнері мен сұлулық саласындағы ең беделді халықаралық жарысына әлемнің 50 елінен мықты шаштараз шеберлері қатысып, түрлі категориялар бойынша жарысып, үздік жұмыстарын таныстырды.
Қатысушылар жұмысын 60 адам, 40 әділ қазы, 24 төреші, 5 көмекші бақылады.
Жарысқа 6 ай дайындалдым. Нәтижесі өздеріңізге аян.
– Жарыс алаңында кездейсоқ қиындықтарға тап болған екенсіз... Бұл қобалжудың әсері ме?
– Мен шағын ауданда тұрамын. Қазақстаннан барған шеберлердің өзі ірі қалалардан еді. «Орын ала алмай қайтсам қалай болады?» деген қобалжуым болғанын жасырмаймын. Алайда «Осы күнге дейін алған білімім, жиған тәжірибем текке кетпеген шығар» деген ой өзімді қамшылады. Жарыс күндері 5 күн, 5 түн ұйықтамадық. Тіпті тамақ та батпады. Чемпионаттың күрделі шаш бояу сынында шаш түсін біртіндеп, жұмсақ ауыстырып бояу техникасы. «Toto Bond» – шашқа арналған қалпына келтіру, шашты бояудағы бір реңкті бояу түрлерінен жарысқа қатыстым. Үш түрлі шаш қию сыны мен тематикаға байланысты шашқа құстың бейнесін өнерлеу бойынша да мүмкіндігімді салдым. Жұмысымды командаластарымның бәрі мақтады. Бірақ бізде үздік ондыққа ілегерміз деген арман болды. Қорытынды нәтижесімен үшінші орынды хабарлау аяқталғанда, барлық үмітім үзілген еді. Ал екінші орын алғандар қатарына өзімінің атым аталғанда, өң мен түстің арасында тұрғандай күйді кешірдім. Сол сәтті еске алсам, әлі толқимын.
Айтып отырғаныңыз рас, бір форс-мажор орын алды. Ақшасы төленген моделім жарыс болған күні ол келмей қалды. Модель таппай, 6 сағат іздеп, бір аруды зорға көндірдім. Сол 6 сағатта «бар еңбегім босқа кетті» деп жылаумен болдым.
Әлемнің мықты мамандары топтасқан орында бір жұмысым еленгеніне де қуандым.
– Құпия болмаса, жүлде қоры туралы білсек...
– Екінші орынға күміс медаль мен шашқа арналған кәсіби заттар берді. Бірақ жиған тәжірибем үлкен олжам болды. Өзімдегі қорқынышты, мақсатыма батыл қадам басуымды, жұмысымды одан әрі жетілдіруге деген үлкен құлшынысымды оятты. Одан да биіктерге жету мақсаты пайда болды. Мен үшін жарысқа қатысу — кәсіби деңгейдің жоғары екенін дәлелдеу және халықаралық қауымдастықта танылудың үлкен мүмкіндігі еді.
– Жарыстан кейінгі әсер қандай болды? Ұсыныстар түсіп жатқанын естідік...
– Жарыс мені өзгертпеді, шыңдады, құлшына жұмыс істеуіме жігерлендірді. Әлеуметтік парақшам бірнеше мың жазылушымен толықты. Ұсыныстар үнемі түседі. «Неге ауданда жүрсіз?» деген сұрақты тұспалдап отырғаныңызды білемін. Аудан менің қаладағылардан кем қалмауыма, одан әрі ізденуіме ұмтылдырады. Ешқашан жұмыссыз, ақшасыз қалған емеспін. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, шашын боятатын тұрақты тұтынушыларым бар. Олардың қатары артпаса, кеміген емес. Мұнда мен үшін қуанатын жақындарым бар. Айта кетейін, төрт баланың анасымын. Үлкеніміз – студент, кішіміз – айлық. Мені қолдайтын ерім, енем, қайын жұртыма үлкен ризашылығымды айтқым келеді. Болашақта шәкірттер тәрбиелеп, солардың жемісін көрсем деген мақсатым бар.
– Өз ісін бастағысы келіп жүрген жандарға айтарыңыз...
– Бала күнімнен не іс істесем де, көшбасшы болсам деген ой ойлайтынмын. Содан кейін үштікке ілініп, Қазақстанның туын желбіретсем деген арманым болатын. Бірақ спорттан не өнерден қабілетім жоқ, «маған ондай болу қайда?» дейтінмін. Миға шектеу қоюға болмайды екен. Маған жарыс сол инсайтты ұғындырды.
Жас колористерге: «Оқыңдар!» дер едім. Миға құйған білім, байлық. Ол ешқашан жұтамайды, ешкім алып қоя алмайды. Ісін бастай алмай жүрген қыздарға айтарым: «Адамның істегенін адам істей алады. Қорықпай, оқып, алға жүруі керек».
Фото: Кейіпкер мұрағатынан
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
31 желтоқсан 2025 ж. 24 0

Ұрпағы ұлықтаған Самұрат би

31 желтоқсан 2025 ж. 19

Кәсіпкерлікке қолдау кең

31 желтоқсан 2025 ж. 23

Шаттық сыйлаған шырша тойы

31 желтоқсан 2025 ж. 20

Аудан әкімінің құттықтауы

31 желтоқсан 2025 ж. 30

Жылан жылындағы жақсы істер

31 желтоқсан 2025 ж. 26

Жылқы жылынан не күтеміз?

31 желтоқсан 2025 ж. 22

365 күндегі 100-ші басылым

31 желтоқсан 2025 ж. 26

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031