Тазалық табалдырықтан басталады
Бірер жыл бұрын «тазалық» сөзі аталса, көпшілік көкейіне мезгілдік, науқандық жұмыстар оралатын. Қазір бұл түсінік біртіндеп өз ауқымын кеңіте түсуде. Тазалық – тыныс пен табиғат, талап пен талғам биігіне ұмтылдыратын үздіксіз үдеріс. Бұл бағытта білетініміз қандай? Байқағанымыз бар ма? Тәрбие арқылы тезді түзеуге бола ма? Іздедік...
Маңызды талап
Тұрмыстық тазалық – әр отбасының күнделікті өміріндегі маңызды талаптардың бірі. Себебі ол адамның денсаулығына, күнделікті көңіл-күйі мен еңбекке деген құлшынысына тікелей әсер етеді. Тазалыққа үйдегі келін не анасы ғана емес, отбасы мүшелерінің бәрі жауапты болуы қажет. Жүзеге асыруда тәртіп үлкен маңызға ие. Егер әр адам өз затын өз орнына өз уақытында қойса, уақытты үнемдеу әлдеқайда жеңілдейді.
Тұрмыстық тазалықтың түрлеріне күнделікті тазалық, апталық тазалық, үлкен маусымдық тазалық жатады.
Атмосфераның бұзылуы ауаның тек химиялық-физикалық тұрғыда ластануынан тұрмайды. Күл-қоқыс немесе тұтынған тұрмыстық заттарымыздың қалдықтарын кез келген жерге бейберекет лақтырып тастау – саналы түрде қоршаған ортаның бұзылуына жол беру.
Айналаны абаттандыру – абыройлы іс
«Халқымыз тазалық мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырмаған. Гигиена, вирус, бактерия дегенді білмеген кездің өзінде-ақ арам, обал, ысырап деген үш ұғыммен сан ғасырлар бойы ұрпағына үлкен ұғымды ұқтырған. Қазақ таза емес асты ешқашан тұтынбаған, лас орыннан тамақ ішпеген. Ыдысты жуусыз қалдыру, тіпті бетін ашық тастау асты арамдайды. Ас арамданса, ниет бұзылады деп ойлаған. Бойларындағы қандарын, денсаулықтарын сақтап, оған аманат ретінде қарап, ұлтының ертеңіне байыппен бойлаған. «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол» деген ұстанымды өмірлік азық еткен жұрт артық ас та төкке, ысырапқа жол бермеген. Бұл дегеніміз – тазалықтың алғышарты. Мұны үлкен мәдениет демей, не дейсің?», – дейді ұстаз Роза Баймаханова.
«Біз бала болған өткен ғасырдың 90-жылдары үйден қалдық шықпайтын. «Қазір киілмеген киім жаман аура шақырады» дейді. Жаман аура шақырса, біріміз қалай өстік. Жыртылған киімді аналарымыз жамап берді. Қой жүнінен киім тікті, киіз басты. Қазір материалдық әлеует жоғары. Алайда керек емес дүниеге ақша құртудан алдымызға ешкімді оздырмаймыз. Бір баланың киімін келесі кимейді, тіпті бір маусымда кигенін келесі маусымда кию ұятқа саналады. Қонақ шақырсақ та өзгеге еріп, артық тағамға ақша жұмсаймыз. Менің ойымша, әркім өзіне керегін білсе, тұрмысы да түзеледі, «жұрт не дейді?» деген жалған намысқа бой алдырмауды үйренеді. Жұртқа жағынуға емес, балаларымыздын денсаулығы дұрыс болып өсуіне фокус қоятын уақыт жетті», – дейді көпбалалы ана Нұрғайша Әбиір.
«Өткен жылы ауламның көше бетіне үлкен қоқыс жәшігін қойдырған болатынмын. Ішіне өзгелердің тастамайтын заты қалмады. Кейде өз қалдығымыз симай қалатын. Сондықтан шағынына ауыстырдық. Айтайын дегенім, «Абаттандыру және санитарлық-тазалық» айлығына жыл басынан бері үздіксіз қатысып жүрген жоғары білімді көршімнің арналмаған жерге тұрмыстық қалдықтар тастап жатқанын көргенмін бар. «Сонда тазалық жергілікті басшылық пен жауапты мекемелерге ғана керек пе?» деген ойда қаласың», – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Талғат Бақытжан.
«Бұрын босаған құтыны елеусіздеу жерге тастайтынмын. Табиғат аясына шыққанда да ойлау жер болса, қалдықтарды сол жерге жинап кететінмін. Бірде 3 жасар балам қолындағы конфетінің сыртын қоқыс тастайтын жәшік болмағандықтан, екі көше бойы қолынан түсірмегені маған үлкен ой салды. Балаларыма жақсы тәрбие беру үшін өзім де жақсы әдеттерді көбейтіп, жаман әдеттерден арылуға тырысып жүрмін», – дейді Абзал Құдайберген.
««Таза Қазақстан» акциясына біздің мекеме де ұйымшылдықпен қатысты. Осы уақыт аралығында әріптестеріміздің тазалық жұмыстарына бармау үшін неше түрлі сылтау ойлап табатыны мені таң қалдырды. Қазір көп жұмысты техникаға тапсырамыз. Қозғалыс аз. Табиғат аясында жүруді де кейінге шегереміз. Тазалық жұмыстары науқаны осы жағынан өте пайдалы. Бірлескен істе береке болады. Әз азамат тұратын жердің тазалығы – тұрғындар айнасы, абыройы деп білемін», – дейді Аманжол Таңатар.
Алла таза құлдарын ұнатады
«Тазалық – Исламның жартысы» деген тәмсіл бар. Асыл дінімізде Алла тағала таза, барынша таза құлдарын жақсы көретіні айтылады. Таза емес дүниені шынайы мұсылман тұтынбаған, оған жол бермеген. Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм Мүслим риуаятында: «Екi түрлi қарғыс арқалаудан сақ болыңдар. Адамдар жүретiн жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы» деген.
Тағы бір хадис шәріде: «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi болса, қиямет қайым басталып кеткенше қолындағы көшеттi егуге үлгiретiн шама болса, соны дереу отырғызып үлгерсiн», – дейдi.
Дінімізде «тахарат», «нәзафат», «зәрафат» сөздері тазалықты үндейді», – дейді исламтанушы Нұр Есімсейітұлы.
Қоқыс деп қарама, табыс деп бағала
Қазір әлемде қоқыс өңдеуді бизнеске, ірі табыс көзіне айналдырып отырған елдер бар. Бұл мемлекеттер саясаты тұрмыстық қалдықтың тек қоршаған ортаны ластаудың көзі емес, ортақ ресурстарды қайта өңдеу, энергия өндіру мен шикізат ретінде сату арқылы нақты ақша табуға болатын экономикалық сала екендігін ұғындырып отыр.
Қоқыстың 99 процентін қайта өңдеп, энергияға айналдыратын ел – Швеция. Олардың тұрақты жұмыс істейтін 30-дан аса қоқыс-энергия зауыты жылына миллиондаған үйлерді электр мен жылумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Ұлыбритания, Норвегия және Ирландия секілді мемлекеттердің қоқысын импорттап, шамамен тоннасына 43 АҚШ долларынан, жылына миллиондаған доллар табыс табады.
Индонезия мемлекеттік инвестициялық қоры арқылы «қоқыстан – энергия» жобаларын іске қосып, электр энергиясы өндірісіне бағыттаған. Мұндай жобалар жергілікті электр желісіне қосылатын энергетикалық өнім шығарып, мемлекетке және экономикаға пайда әкелуге мүмкіндік берген.
Үндістанның бірнеше аймақтары қалдықтан өндірілетін электр энергиясын мыңдаған үйлерді қамтамасыз етуге қолданады.
Қайта өңделген материалдар: металл, пластик, қағаздың сатылуынан бюджетке түсім түсіріп отырғандар да бар.
Дания энергия балансында маңызды орны бар ел. Норвегия да осы салада дамып, қалдықтарды энергия мен жылумен қамтамасыз етуге пайдаланады. Сингапурда бастама жер тапшылығын шешіп қана қоймай, энергия өндіруде табыс әкеледі.
«Жасыл экономика» – жақсы бастама десек те...
Үкімет «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын қабылдады. Мақсаты 2030 жылға қарай тұрғындардан тұрмыстық қатты қалдықтарды 100 пайыз жиналуы тиіс. Тұжырымдада әзірге Алматы қаласында ғана орындалып отыр. Бұл жобаның іске аспауына үлкен тосқауыл – қоқыстарды сұрыптауға арналған арналған инфрақұрылым жоқтығы.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты келтірген мәлімет дәл осы бағытпен айналысатын бірнеше кәсіпорын, ұжымдарды көрсетті.
Алматы қаласында орналасқан «Kazakhstan Waste Recycling» компаниясы қоқыс қағаз, пластик, шыны сияқты қалдықтарды жинап және сұрыптайды, сондай-ақ оларды қайта өңдеуге өткізеді. «Kazakhstan Kagazy» среіктестігі аймақтар бойынша жиналған макулатура мен қоқыс қағазды сұрыптап, қайта өңдеу зауыттарына жөнелтеді.
«Қазақстан Kagazy Group» құрамындағы «Kagazy Recycling» ірі өндірістік компаниясы қайта өңделген қағаздан картон мен құрама қағаз өнімдерін шығарып, сұрыпталған қалдықтарды өз өндірісінде қолданады.
Жапонияда қалдықтарды 34 түрге қоқысқа бөлу жолға қойылған. Үлгілі үрдіс бізге де қажет-ақ. Қазақстандағы қоқыс сұрыптау мен қайта өңдеу әлі толық жүйеленбеген, тұрғындардың көпшілігі мұндай кәсіпорындардың бар екенінен бейхабар.
Үкімет қалдықтарды басқару инфрақұрылымын кеңейту үшін зауыттар мен сорттау сызықтары салынуда, сонымен қатар бизнеске жеңілдетілген қаржыландыру механизмдері ұсынылуда.
«Tengrinews» таратқан ақпаратқа жүгінсек, Қазақстанда қоқыс жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Байқағанымыздай, Қазақстанда қоқыс сұрыптаумен айналысатын жеке және ірі кәсіпкерлер бар. Десе де сала инвестиция салуды қажет етеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2009 жылы құрылған «Technic Destroy» компаниясы бүгінде кеңселік және коммерциялық техниканы, литий-ионды батареяларды қайта өңдеу бағытында еліміздегі жетекші кәсіпорынға айналды. Компания Орталық Азияда литий-ионды батареяларды өңдейтін арнайы өндіріс желісін енгізген алғашқы ұйым. 2024 жылдың өзінде кәсіпорын 3000 тоннадан астам батарея мен электронды жабдықтарды қайта өңдеп, Қазақстандағы экологиялық ахуалдың жақсаруына үлес қосқан.
Үкімет бекіткен 2026-2030 жылдарға арналған қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру туралы тұжырымдама біріңғай, тиімді және цифрлық шешімдерге негізделген қоқыс басқару жүйесін жасау, барлық қалдықты есепке алу және тіркеу жүйесін жаңарту, заңнаманы үйлестіру және жауапкершілікті күшейту, тұрмыстық, өндірістік, құрылыс және басқа да қалдық түрлерін қайта өңдеу мен кәдеге жарату. «Waste-to-Energy» сияқты энергияға айналдыру жобаларын дамытуды мақсат тұтып отыр.
Елімізде экономикалық ынталандырулар мен қолдаулар бар.
«Industrial Development Fund»-тан қоқыс көліктерін, сорттау желілерін және өңдеу қондырғыларын сатып алу үшін 3 процентпен жеңілдетілген несие беріледі. Қазақстандықтар «EcoQolday» сынды платформалар арқылы қағаз, шыны, пластик сияқты қалдықтарды өткізіп ақша таба алады. Жоба өңдеумен айналысатын компанияларға әр тонна өңделген қалдық үшін қаржылай төлемдер төлейді.
«Таза Қазақстан» – тазалық пен тәртіпті нығайту, табиғатты аялап сақтауға, мәдениетсіздікке, вандализмге және қоғамдық тәртіпті бұзуға төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған идеология.
««Таза Қазақстан», бұл – біркүндік акция емес, ендігі өміріміздің салты! «Жас келсе – іске» деген. Бүгінгі жасты табиғат қорғау идеясы біріктіріп отыр», – деді Президент.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынған мәлімет, 2025 жылдың басынан елде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында мыңға жуық: «Таза қала», «Таза аймақ», «Таза жағалау», «Қалаға ағаш», «Мөлдір бұлақ», Халықаралық құстар күні, «Жер сағаты» және басқа да іс-шаралар өткізілгендігін айтады. Нәтижесінде 5 миллионға дейін ағаш көшеті отырғызылды, 1,1 миллион тонна қоқыс жиналып, 584 мың гектарға жуық аумақ тазартылған.
Президент тапсырмасына сәйкес, Арал теңізінің құрғаған түбінде жалпы көлемі 1,1 миллион гектар аумақта сексеуіл алқаптары құрылуы халықты қуантуда.
Telegram-дағы @TazaQazBot чат-ботына азаматтар ластанған аумақтың фотосын және геолокациясын жолдау арқылы өз үлестерін қоса алады.
Күнтізбеде, БҰҰ-ның 5 маусымды 1972 жылғы шешімімен бекіткен, қоршаған ортаны қорғау күні аталатын халықаралық күн бар. Мақсаты – адамзаттың назарын қоршаған орта проблемаларына аударып, табиғатты қорғау, суды үнемдеу, ағаш отырғызу сияқты іс-шаралар арқылы табиғатқа қамқорлық жасауға шақыру. Өкініштісі, Қазақстанда бұл күн Экологтардың кәсіби мерекесі ретінде ғана аталып өтеді. Біз сауал қойған тұрғындардың дені оның бар екенін білмейтін болып шықты. Есесіне «Таза Қазақстан» акциясынмен түгелдей таныс, одан өздері де қалыс қалмайтындықтары қуантты.
Өңірде оң өзгеріс бар
2022 жылғы «Қазгидрометтің» ресми мәліметтері бойынша, Қызылорда қаласы мен Балқаш қалаларында атмосфералық ауада зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрацияларының асып кету жағдайлары бірде-бір рет тіркелмегендіктен, сол жылы Сырдың бас қаласы ауасы ең таза өңірлер тізіміне енген.
Қашан да облыс үшін санитарлық-тазалық, абаттандыру мен ауа ластануына жол бермеуді күн тәртібінен түсірмеген. Дәстүрлі жолға қойылған бастама биыл да қарқынды жүзеге асты. Бұл туралы облыс әкімінің сайтында жарияланған есептік бағдарламаны назарға алдық.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында бірашама жұмыс жүзеге асты. Жыл басынан бері бюджет қаражатымен бірге кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, саябақтар мен демалыс орындары, ойын және спорт алаңдары қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөнделген.
Саябақтарының аумағы біртұтас кешен ретінде жаңа сипатқа ие болған.
Қызылорда облысының қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге арналған іс-шаралар жоспары түзіліп, орындалуы қадағаланған. Жұмыс жоспары аясында облыстағы тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауға арналған көліктерге GPS-тер орнатылып,«ҚР-ның Қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесіне енгізілген.
Қызылорда облысы бойынша коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламасы аудандарда әзірленіп, мәслихат шешімдерімен бекітілген.
Республикалық бюджет арқылы облыс бойынша Арал және Қазалы қалаларында кәріз тазарту құрылыстарын салу жоспарына енгізілген.
Көгілдір отынға көшу мәселесі оң шешімін тапқан.
Қоғамдық көліктерді табиғи газ отыны метанға көшіру ісі де назардан тыс қалмаған.
Қызылорда облысы бойынша тұрақты негізде елді мекендердің атмосфералық ауасының жай-күйіне санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижесінде жалпы ластаушы заттардың максималды-бір реттік концентрациялары белгіленген нормадан асу дерегі анықталмаған.
2025 жылдың 11 айында жинақталған 230,7 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 75,6 мың тоннасы, яғни 32,8 проценті өңделген. Облыс бойынша бұл бағытта 17 кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді.
Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес бюджет есебінен бөлек, облыс бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, өңдеу бағытында 99 миллиард 259 миллион теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қатарына қазалылық «Досмұқасан Жалғасбек» ЖК де бар.
2025 жылы жалпы құны 37,8 млрд теңгені құрайтын Қызылорда қаласында Оңтүстік Корея технологиясы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату жобасы екінші кезең сараптамасымен мақұлданған. Шілде айында «With You E&C Kyzylorda» ЖШС-ның Оңтүстік Корея технологиясы бойынша жылына 300 мың тонна қалдық сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының капсуласы бой көтерген.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасына орай өңірдің барлық елді мекендерінде санитарлық тазарту, аббаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуген. Бүгінгі күнге тазалық шараларына барлығы 500 мыңнан аса еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қамтылған. Нәтижесімен 21961 тона қоқыс қалдықтары шығарылып, елді мекендердегі 510 скверлер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік нысан, 3 943 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 332 су объектілері мен 45 894 көшелердің бойы тазартылуға 548 техника жұмылдырылған.
2025 жыл басынан облыс бойынша 255 500 дана өңірдің климатына сәйкес жерсінетін қарағаш, терек және сырталының көшеттері егілген.
Ауылдық аймақтарда қолайлы орта қалыптастыру, тұрғындарды тазалық шараларына ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілген. Маңызды жобаға 2023-2024 жылдары 1,5 миллиард теңге бөлініп, «Үздік» атанған елді мекендерге 48 арнайы техника беріліп, ынталандырылды. 2025 жылы үздік атанған аулдарға 564 миллион теңгеге 19 техника сатып алынған. Қазалы ауданы конкурста «Үлгілі аудан» номинациясын иеленіп, 3 арнайы техникаға қол жеткізген.
Қазалы ауданында да «Таза Қазақстан» акциясы ауызбіршілікпен атқарылды. Экологиялық жағдайды жақсарту, халыққа жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және заманауи демалыс инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерді назарға алдық.
Әйтеке би кентіндегі бұрынғы «Жеңіс» саябағы мәдени демалыс кешені ретінде қайта жаңғыртылды. Кешеннен «Құрметті азаматтар» алаңы, шахмат және теннис үстелдері, велосипед жолақтары, «Даңқ», «Тағзым», «Киелі қазақ елі», «Ғашықтар» аллеялары, спорттық алаңдар және балалар ойын алаңдары жасақталып, көгалдандыру жұмыстарына 20 мыңға жуық ағаш көшеттері егілген.
Аудан орталығынан Орталық алаң, «Руханият» орталығы алдындағы сквер абаттандырылды. Жаңа субұрқақ, брусчаткалар, балалар және тренажер алаңдары орнатылып, ауданның сәулеттіне сәулет қосты. 120 жылдық тарихы бар Қазалы теміржол вокзалына «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ қаржыландыруы есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қазалы ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолагылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасына аудан бойынша 37 жалпысенбілік ұйымдастырылып, 2500-ден аса адам, 214 мекеме, 40 арнайы техника жұмылдырылғанын жеткізді. 40 мыңнан аса ағаш көшеттері мен қаламшалары тігіліп, қоршаған ортаны қадағалау мақсатында 320,0 миллион теңгеге 70 бейнебақылау қондырғысы орнатылған.
2024 жылы 21768 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып, оның 6880 тонна, яғни 31,6 проценті өңделсе, 2025 жылы 9 айда жинақталған 16756 тонна қоқыстың 5026 тоннасына «жаңа өмір сыйланған».
Экобелсенділік бәсең
«Экомәдениет», «экобелсенділік» деген ұғым әлем жұртына таныс. «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, Табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ» деген қатар ұйқасқа құрылған сөздер, жалаң парадокс емес, өмір көрінісі, айнымас аксиома.
Қазіргі таңда экологиялық мәселелер жер шары тұрғындары үшін аса ауқымды тақырып. Климаттың өзгеруі, ауа мен судың ластануы, қоқыстың көбеюі — жауапсыздықтың жауабы, берекетсіз әрекетінің салдары.
Экомәдениетке википея «Адамның табиғатқа жауапкершілікпен қарауы, экологиялық нормаларды сақтау және қоршаған ортаны қорғауға саналы түрде қатысуы» деген анықтама береді. Экомәдениеттің төмен болуына әсер ететін факторлар да анықталған.
«Экологиялық жағдайды тек мемлекеттік іске балайтындар бар.
Экомәдениеттің төмен болуына алдымен экологиялық білімнің жеткіліксіздігі әсер етеді. Көп адамдар өз әрекеттерінің табиғатқа қандай зиян келтіретінін толық түсіне бермейді. Мектептерде экотәрбие қосымша жүргізіледі. Дегенмен экология пәні өз алдына оқытылса, білім бүгінгідей теориялық деңгейде қалып қоймай, күнделікті өмірмен байланыстырылар еді», – дегенді айтады Бағдат Әлмұратова. Биология пәнінің мұғалімі бұл салаға қоғамдық бақылаудың әлі де кемшіндігін жасыруға болмайтынын жеткізді.
«Жылдамдықты асырғандар үшін айыппұлдың қатаңдауы жол көлік оқиғасын едәуір кемітті. Сол сияқты қоршаған ортаны қорғау туралы ереже мен заңдарды да қайта қарайтын уақыт жетті деп ойлаймын. Мәселен, Қытайда қоршаған ортаға зиян келтіргендер үшін нақты жазалар өте қатаң. Аспанасты еліңнің Қылмыстық кодексі бойынша қоршаған ортаға ауыр зиян келтіру —танымал экологиялық қылмыс. Егер адам немесе ұйым үлкен көлемде токсикалық заттарды шығарса, радиоактивті қалдық тастаса немесе басқа ауыр ластау жасап, байыппен зиян келтірсе, жеңіл жағдайда 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе айыппұл арқалау, ауырлау болса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырумен бірге айыппұл тағайындалуы мүмкін.
Пекин аймағының соты экологиялық ластау жасаған кәсіпкерлерді 1 жыл-8 айдан 6 жыл 10 айға дейін түрмеге қамау және үлкен көлемде жоғары айыппұл салу туралы үкім шығарады. Қытайда тек айыппұл ғана емес, түрмеге қамалу, өндірісті тоқтату, құрал-жабдықты ұстау сияқты қатаң санкциялар бар көрінеді», – дейді.
Экобелсенді экомәдениетті көтеру жолдарын былайша түсіндіреді: «Экомәдениетті болу үшін экологиялық сананы қалыптастыру қажет. Ол бір күнде дамитын дағды емес. Қазақ «Баланы – жастан» дейді. Бұл тәрбие де бала кезден басталуы тиіс. Айналасына, өзіне жауаптылықты үйренген бала қоқысты сұрыптау, табиғатты ластамау, ресурстарды үнемдеу сияқты қарапайым әдеттер арқылы үлкен өзгеріске бейімделеді. Сонымен қатар, экологиялық тақырыптағы ақпараттандыру да маңызды», – дейді сөзінде.
Эколог Пакизат Сайлаубекова әлеуметтік парақшасында «Экологиялық үрей», «экошейминг» ұғымдары туралы айтады.
Экологиялық үрей — бұл адамның қоршаған ортаның бұзылуына, климаттың өзгеруіне, табиғи апаттарға немесе экологиялық болашаққа қатысты тұрақты алаңдаушылық, қорқыныш пен мазасыздық сезінуі.
Табиғаттың жағдайы үшін уайымдау кейде адамның күнделікті өміріне әсер ететін деңгейге дейін күшеюі мүмкін. Экологиялық үрейдің негізгі белгілеріне: климаттың өзгеруі туралы ойлағанда мазасыздану, болашақ ұрпақтың өмірі үшін қорқу, үмітсіздік немесе кінә сезімі жатады. Экологиялық үрейді қалыпты эмоционалдық реакция санауға болмайды
Экошейминг – адамды немесе топты экологияға зиянды деп саналатын әрекеттері үшін көпшілік алдында ұялту, айыптау немесе кінәлау.
Әлеуметтік желі қолданушысы Шырын Мұратбек соңғы 4 жылда қоқыстарды сұрыптап, арнаулы орындарға өткізу ісімен үлгі болып жүр. Көпбалалы ана одан түскен ақашны қайырымдылыққа жұмсайтынын айтуда.
Ел Президенті сөзінде тазалықты әр адамның күнделікті өмірінің бөлігіне айналдыру қажеттігін, тазалық — адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші екенін айтап өткен болатын. Бізді қоршаған орта бізге ғана керек. Табиғатты қорғау – болашаққа жасалған инвестиция. Бұл тұрғыда әр адам кішкентай қадамдар арқылы үлкен өзгеріс жасай алады. Себебі «Тазалық табалдырықтан басталады»...
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














