Қазақстан жасанды интеллектіні енгізу дайындығы бойынша көш бастап тұр
Фото: ЖИ өңдеген иллюстрация
Қазақстан Government AI Readiness Index рейтингінде 16 сатыға көтерілді. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Oxford Insights халықаралық талдау орталығы жариялаған Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде Қазақстан айтарлықтай серпіліс көрсетті.
Қазақстан Government AI Readiness Index рейтингінде 16 сатыға көтерілді. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Oxford Insights халықаралық талдау орталығы жариялаған Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде Қазақстан айтарлықтай серпіліс көрсетті.Ел әлемнің 195 мемлекеті арасында 60-орынға көтеріліп, бір жыл ішінде бірден 16 сатыға жоғарылаған. 2024 жылғы рейтингте Қазақстан 76-орында болған. Өңірлік бөліністе Қазақстан жасанды интеллектіні енгізу және басқару деңгейі бойынша Орталық Азия елдерінің бәрінен озып, «аймақтағы ең дамыған цифрлық мемлекеттердің бірі» деген мәртебесін қайта растады. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады. Government AI Readiness Index үкіметтердің жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруда, экономикада және қоғамдық процестерде тиімді қолдану қабілетін бағалайды. Сонымен қатар рейтинг елдердің ЖИ технологияларының қауіпсіз, жауапты және орнықты дамуына қандай деңгейде жағдай жасап отырғанын көрсетеді. Зерттеу 195 мемлекетті қамтып, жасанды интеллект саласындағы мемлекеттің рөліне бағытталған бірегей халықаралық көрсеткіш саналады. Қазақстанның рейтингтегі ілгерілеуі институционалдық және инфрақұрылымдық негіздің нығайғанын, сондай-ақ жасанды интеллектінің мемлекеттік секторда белсенді түрде енгізіліп жатқанын айғақтайды. Ел әсіресе Public Sector Adoption бағыты бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, 73,59 балл жинаған. Бұл мемлекеттік қызметтерде цифрлық шешімдердің кеңінен қолданылып жатқанын, электрондық үкіметтің дамуын және азаматтар мен бизнеске арналған сервистердің проактивті форматқа көшкенін көрсетеді. Қазақстанның басты бәсекелестік артықшылықтарының бірі – цифрлық және телекоммуникациялық инфрақұрылымның жоғары деңгейде дамуы. Бұл жасанды интеллект шешімдерін ұлттық ауқымда жаппай енгізуге мүмкіндік береді. Ұлттық цифрлық платформалардың қалыптасуы, интернетке қолжетімділіктің жоғары болуы және электрондық мемлекеттік қызметтердің дамыған экожүйесі ЖИ технологияларын одан әрі өрістетуге қолайлы орта қалыптастырған. Oxford Insights есебінде Қазақстанның саяси әлеуеті мен басқарушылық дайындығы да жеке атап өтілген. Стратегиялық құжаттардың болуы, нормативтік-құқықтық базаның қалыптасуы және жасанды интеллект мәселесіне институционалдық деңгейде тұрақты көңіл бөлінуі елге бұл бағытта ұзақ мерзімді әрі жүйелі мемлекеттік саясат жүргізуге жол ашып отыр. 2025 жылғы рейтинг жаңартылған әдістеме бойынша жасалды. Онда стратегиялық жоспарлау мен реттеуден бастап, жасанды интеллектіні мемлекеттік сектор мен экономикада практикалық тұрғыда енгізуге дейінгі барлық кезеңдер қамтылған. Зерттеу нәтижелері Қазақстан үшін келесі даму басымдықтарын да айқындап берді. ЖИ экожүйесінің келесі кезеңі жасанды интеллект шешімдерін коммерцияландыруды жеделдетуге, жеке технологиялық сектор мен стартаптарды дамытуға, сондай-ақ бизнес үшін деректер мен қаржыландыру құралдарына қолжетімділікті кеңейтуге бағытталмақ. Жалпы алғанда, Government AI Readiness Index 2025 деректері Қазақстанның жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізу жолында сенімді әрі жоспарлы түрде алға жылжып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы кезеңде мемлекеттік цифрлық базаны нарықтық шешімдерге айналдыру және ЖИ технологияларын экономиканың нақты секторларына енгізу елдің тұрақты дамуына жаңа серпін беруі мүмкін.










