Мәжілісте микро және шағын бизнесті қолдау мәселесі қаралды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет отырысында қаралған мәселелер бойынша мәжіліс өткізді. Күн тәртібінде микро және шағын бизнесті қолдау шаралары туралы мәселе қаралды.Аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов бейнебайланыс режимі арқылы қатысып, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шағын бизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында қаржылдандыру үшін экономикалық қызметтің басым түрлерінің тізбесін айқындап, тиісті ұсыныс енгізу керек. Кәсіпкерлерді қолдау және ынталандыру, оның ішінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған жобаларды әзірлеп, тиісті басқармаға ұсыныңыздар. «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынғаннан бері облыс бойынша бірде-бір жоба іске аспаған ауылдардың қатарында біздіңде ауданнан ауылдар бар. Осыған сәйкес, мәселені қатаң бақылауға алып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша нақты жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырамын, - деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
2023-2024 жылдары аралығында Қазалы ауданында құны 883,6 млн. теңге болатын 131 жоба қаржыландырылып, 174 жаңа жұмыс орны ашылған.
Жиында аудан басшысы күн тәртібінен бөлек, экономикалық көрсеткіштердің, қаржының игерілуін 100 пайызға орындау, алдағы демалыс күндердегі қоғамдық-саяси ахуал, қоғамдық қауіпсіздік, азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар мен жанар-жағармай бағалары негізсіз өспеуі және коммуналдық қызметтердің тұрақты, үздіксіз жұмыс жасауы сынды өзекті мәселелерге байланысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.














