Жүйелі жұмыс – нақты нәтиже кепілі
Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен мәжілісте 2025 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен бюджеттің орындалуы жан-жақты қаралды. Жиын барысында аудан басшысы салалық бөлім басшыларымен бірге күн тәртібіне шығарылған мәселелерді егжей-тегжейлі талқылап, алдағы кезеңге арналған нақты тапсырмалар жүктеді.Аудан басшысы биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ауданда негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде оң өсім динамикасы қалыптасып, экономикалық тұрақтылық қамтамасыз етілгенін атап өтті. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 114,1 пайызға, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп 114,4 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 103,6 пайызды, бөлшек сауда айналымы 101,1 пайызды құраса, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 109,2 пайызға жеткен. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының көлемі 127,3 пайызды, ал пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 110,5 пайызды көрсетіп, саланың қарқынды дамуын айғақтады.
Жиын барысында аудан әкімі қол жеткізілген нәтижелерге тоқтала отырып, кейбір көрсеткіштерді одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты жыл қорытындысына дейін барлық экономикалық көрсеткіштердің өсімін сақтап қана қоймай, оны күшейту бағытында нақты әрі жүйелі шаралар қабылдау, әр сала бойынша жұмыс қарқынын арттыру жөнінде жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар жылды бұдан да жоғары нәтижелермен қорытындылау басты міндет ретінде белгіленді.
Мәжілісте су тасқынының алдын алу және Сырдария өзенінің бойындағы қорғаныс бөгеттерінің жай-күйі де күн тәртібінен тыс қалмады. Бұл бағытта тиісті сала басшыларына бөгеттердің қауіпсіздігін қайта пысықтап, қауіпті аймақтарды тұрақты бақылауда ұстау, алдын алу шараларын дер кезінде ұйымдастыру тапсырылды. Аудан басшысы тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар бөлімімен өзара тығыз байланыста жұмыс жүргізудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ алдағы уақытта аудан аумағындағы Сырдария өзенінің бойындағы қауіпті иіндерді жеке өзі аралап көретінін жеткізді.
Сонымен қатар жиында күзгі мерзімді әскерге шақыру науқанының ұйымдастырылуы, сондай-ақ аудан орталығы мен елді мекендердегі тазалық жұмыстарының жай-күйі де талқыланды. Аудан әкімі бұл бағыттарда анықталған кемшіліктерді сынға алып, оларды 1 апта мерзім ішінде толық қалпына келтіру, тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізу жөнінде жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Арайлым ЖҮСІПОВА














