Энергетикалық сусындар инсульт қаупін арттыруы мүмкін
Фото: shutterstockЭнергетикалық сусындарды шамадан тыс пайдалану инсульт қаупін едәуір арттыруы мүмкін. Мұндай қорытындыға Ұлыбритания дәрігерлері келді. Зерттеу нәтижелері BMJ Case Reports ғылыми журналында жарияланған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мамандар күн сайын сегіз банка жоғары қуатты энергетикалық сусын ішкен науқастың жағдайын сипаттаған.
Бұған дейін дені сау, физикалық белсенді болған ер адам таламус аймағында ишемиялық инсульт алып, ауруханаға аса жоғары қан қысымымен жеткізілген. Дәрігерлер тіркеген көрсеткіш - 254/150 мм сынап бағаны.
Тексеру барысында науқастың тәуліктік кофеин мөлшері 1200–1300 миллиграммға жеткені анықталған. Бұл – ұсынылатын ең жоғары қауіпсіз деңгейден шамамен үш есе көп. Энергетикалық сусындардан толық бас тартқаннан кейін оның қан қысымы қалыпқа келген, дәрі-дәрмекпен емдеу қажеттілігі де жойылған. Алайда инсульт салдарынан пайда болған сол жақтағы ұю сезімі сегіз жыл өтсе де толық жойылмаған.
Зерттеу авторлары энергетикалық сусындар көп жағдайда жүрек-қан тамырлары ауруларының қауіп факторы ретінде қабылданбайтынын атап өтеді. Ал шын мәнінде олардың құрамында кофеиннің жоғары дозасы, қант және гуарана, таурин, женьшень сияқты қосымша қоздырғыш заттар бар.
Мамандардың пікірінше, бұл компоненттер кофеиннің әсерін күшейтіп, инсульт қаупін арттыруы мүмкін. Әсіресе, денсаулығы жақсы деп саналатын және әдетте қауіп тобына кірмейтін жастар үшін мұндай сусындар жасырын қатер тудыруы ықтимал.
Зерттеушілер энергетикалық сусындарды тұтыну кезінде мөлшерді қатаң бақылауға шақырып, олардың қауіпсіз өнім ретінде қабылдануы қате түсінік екенін ескертеді.












