Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шопанның халі: шаруа қайтсе ширамақ?

Шопанның халі: шаруа қайтсе ширамақ?

Соңына «Мал өсірсең, қой өсір, Өнімі оның көл-көсір» деген ғибратты ой қалдырған қазақ жұрты сан ғасырлар бойы шөлейттік аймағы көп мекенде егіншіліктен гөрі мал бағуды негізгі өмір сүру тәсіліне айналдырған. Қапырық жаз, қатаң қыс, құрғақшылыққа төзімді, далаға бейім төрт түліктің бабын тауып, түлеткен жұртымыз мал басын азық-түлік, тұрғын үй, сауда айырбасы, тұрмыс деңгейі, мәдениетке негіз деп санаған. Дәстүрлі өмір салтының бөлшегіне баланатын кәсіп түрінен халық жыл санап алыстап барады. Бұл өз кезегінде тек мал басын кемітіп қана қоймай, ішкі нарықты қамтамасыз етуді қиындатып, сапалы азық түлікті жоғалту арқылы сапалы өмір салтын сүруге айтарлықтай кедергісін келтеретіні анық.
Мал баққанға бітеді. Бүгінгі бақташының жайы қалай? Ұлттық үрдісті өрістетуде нені ұмыт қалдырып жүрміз? Байыптадық...
Мыңжылдықтар мәдениетінің мұрасы
Қазақтың төрт түлікті қашан қолға үйреткені туралы нақты, тап басып айтатын дерек болмаса да, халқының мал шаруашылығымен айналысу тарихы өте көне дәуірлерден басталатынын археологиялық деректер растайды.
Қазақстанның ежелгі тарихын ақтарсақ, б.з.д. екінші мыңжылдық, шамамен 4–3 мың жыл бұрын қазіргі қазақ жерінде өмір сүрген тайпалардың мал өсіргені туралы айтылады. Ал жылқыны құрықтау бұдан да ерте, анығы б.з.д. 3500 жылдары, басталған. Қойнауы құтты, қазбасы қазына Андронов, Ботай мәдениеттері жылқыны алғаш қолға үйреткендер саналатынына айғақ. Осы кезеңнен бастап көшпелі мал шаруашылығы қалыптасып, одан кейін сақ, ғұн, түркі тайпалары дәстүрді жалғастырған.
Қазақ этносының қалыптасуы XV ғасыр деп есептелсе де, мал бағу дәстүрі оған дейін өмір сүрген ата-баба тайпаларынан үзілмей жалғасып жеткен. Сондықтан қазақ халқының малды бағуы тас ғасырынан бері келе жатқан мыңжылдықтық дәстүр мұрасы.
Неге басқа шаруадан гөрі мал бағуға бейімделуіне экономикалық себептер де бар. Мал – ежелден өзге халықтардың көбінің негізгі табыс көзі. Ет, сүт, жүн, тері, май, шыбық, сүйегі — азық, сауда, экспорт, киім, тұрмыс, өнеркәсіпке арналған өнім. Рухани себебіне бойласақ, мал – қазақтың байлығы мен мәртебесінің белгісі. Сонысымен шопан мен малшы – қоғамдағы құрметті қызмет иесі болып келді.
Малды баққанға бақтыр
«Отынды шапқанға жақтыр, Малды тапқанға бақтыр» деген таныс тәмсіл соңғы кезде «Малды баққанға бақтыр» деген қисынмен қиюласты. Мал шаруашылығындағы мәселелер туралы Қилыбай Қиыновты сөзге тарттық.
«Мал шаруашылығының өрістемеуіне түрлі себептер бар. Қазақстанның барлық жерінде, қайшылықтар мен қиындықтарға кездесіп отыр. Мен де малшының қарадомалағымын. Бірақ бұдан алпыс жылғы жағдай мен қазірді салыстыруға келмейді», – деп бастады сөзін. Ауылшаруашылығы саласы ардагерінің айтуынша, малшылардың жұмыс жағдайы мен қиындықтары, өрістің тарылып, жайылымның жоғалуы – басты проблема. Жыл санап құрғақшылық белең алып бара жатыр. Далалық жерлердегі жайылымдардың шөп өсуі төмендеп, мал азығының жетіспеушілігі – малшылар табысына, төрт түліктің денсаулығына және жалпы шаруашылықтың өмір сүруіне кері әсерін тигізіп тұр.
Пікірді «Economic Research Institute» (ERI) сарапшыларының дерегі жоққа шығармайды. Экономикалық зерттеулер институты таратқан мәліметте де Қазақстанда мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер, шаруа қожалықтары, жеке малшылар құрғақшылық, шөлдену, топырақ деградациясы салдарынан қиын жағдайға тап болып жатқандығы көрсетілген.
Жеті жұттың бірі – құрғақшылық зардабын қазақстанның Оңтүстік, Батыс аймақтары 2021 жылы қатты тартқанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Жайылымы шөпсіз қалған малшылар шығынға белшеден батып, қанша түлігінен айрылып қалды. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, жағдайға куә болған ауылшаруашылығы саласындағы азаматтар әлі де «мұндай климат өзгерістері мен табиғи жағдай қайталанбасына кім кепіл?» деген үрей құшағында.
Мал басының көбеймеуі туралы осы саланың тізгінін ұстап жүрген кәсіпкер Нұрлан Ахметовті сөзге тарттық.
«Барлық нәрсеге мемлекетті кінәлаудың қажеті жоқ. Мемлекет мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Олардың ауқымы жыл санап ұлғайып келе жатқанын айтуымыз керек. Малды өсіріп-баптау, тәуекел мен табандылықты қажет етеді. Көбі дайын дүниеге үйреніп қалған соң, еңбектенуге ерінеді. Малшылықты, шыны керек, зейнеткерлер, ақыл-есі кемшін не соттылықпен жұмыс таба алмағандар ісіне балайтындары қынжылтады. Кез-келген адам малшы бола алмайды. Оған да ұстаным, ақыл-ой, физикалық жағдайдың дұрыстығы керек. «Жаман қойшы жайылымын жарты-ақ күнде тауысады» деген. Екінші жағдай, қожайындардың құлша жұмсап, ақысын бермеуі актуалды мәселеге айналып кетті», – дейді.
Кәсіпкер қиындықтармен де бөлісті.
«Малдың өлім-жітімі, аурулар мен экономикалық тәуекелдер жұтатады. Жақсы өнім күтсең, бақпадағы жануарларыңды балаша мәпелеуің керек. Мәселен, ауруға шалдыққан малдар өзгелерге жұқтырып, салдарынан қырылып қалады. Бұл жылдық табысты айтарлықтай азайтады.
Жем-шөп жеткіліліктілігі – маңызды мәселе. Қымбаттығына қарамай, климаттық күрделі құбылыстарды еңсеру үшін азығын азайтпай, жайылымын жұтатпай, суын жеткізу керек. Жоғалатындары тағы бар», – дейді.
Әлеуметтік-экономикалық жағдай – кіріс тұрақтылығы. «Zakon.kz» ақпараттық сайты 2025 жылғы қаңтар–сәуір айлары аралығында мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі артқанымен, бұл өсім көбіне өндіріс көлеміне емес, мал басының көптігіне байланысты екенін жазады. Яғни, табыс өсімі – инновация, өнімділіктен емес, жай ғана мал басының көбейуінен көрінуі – тұрақсыздықтың белгісі. Саны өссе де, олардың әрбірінен түсетін кіріс, сапасы немесе өнімділігін тұрақтандырмайды.
Мал шаруашылығына ынталандыру ұлғайғанымен, ұмтылдырмауға тағы бір жағдай тосқауыл. Елімізде мал өнімдерін өңдеу саласында да кедергілер кездеседі. Мәселен, сүт, ет, тері өнімдерін өңдеу, сақтау және нарыққа шығару инфрақұрылымы жеткілікті емес. Өңделген тауарға сұраныс төмен немесе импортпен бәсекелестік жоғары.
«Бірнеше жыл бұрын кәсіпкерлік мақсатта жер алып, жылқы мен қой басын көбейткен болатынбыз. Малшымыз осыдан 3 жыл бұрын зейнетке шықты. Одан кейін дұрыс малшы таба алмадық. Алғашқысы ағайындарымыздың жас отбасылы баласы еді, келіншегі «шыдай алмаймын» деп, малымызды тапсырып кетті. Одан кейін келгендердің бірі бірнеше бас іріқараны қырып алса, бірнеше қойды сатқанын білдік. Жағдайын жасап, қанша ақша төлесек те, жауапты жұмысшы таба алмадық. Болмаған соң, қораға сиятынын алып қалып, қалғанын сатуымызға тура келді. Байқағаным, табиғи өнімді бәрі жегісі келеді, бірақ оның қиындығына ешкімнің шыдағысы жоқ», – дейді Бақшагүл Мейірімқызы.
«Мал бағып, тұрмысты түзеу қиын», – дейді атын Амантай деп таныстырған бұрынғы қойшы.
«Малшы болу оңай жұмыс емес. Біріншіден, табысы тұрақсыз. Күтпеген шығындар жиі кездеседі. Өнімді сатуға, өңдеуге мүмкіндік аз. Сондықтан пайдалы кәсіп түрі деп айта алмаймын. Субсидия берілгенімен, мал өлімі толық өтелмейді. Кейде субсидия, несиелер, көмек іс жүзінде қолжетімсіз — шарттары ауыр, бюрократия көп. Мен мал баққан шаруашылық айлық жалақыны уақытында беріп тұрды. Жылы, жарығы бар үйде тұрдық. Бірақ ағайыннан алыстадым, балаларым өзгелердің үйіне жатуға мәжбүр болды. Денсаулық та сыр беріп жүр. Малшыларға жеңілдіктер жасау ісін қаралуы керек деп ойлаймын», – дейді.
«Мен ауданда өскен қала қазағымын. Ата-бабаларымыз малды бекер бақпаған. «Малды жігіт – жалды жігіт» дейді. Күн санап әлеуметтік сұраныс пен қажеттілікке ұмтылыс артуда. Осы бағытта жағдайды түзеуге таптырмас жол – мал өсіру дер едім. Тұрақты айлығы бар мекемеде жұмыс істеймін. Бірнеше әріптесіміз болып, бір-бір мал алғанбыз. Үш жылда басы біраз құралып қалды. Жыл сайын соғымды төлінен алудамыз. Менің ойымша, мал бағу сонша қорқынышты, аса ауыр емес. Балаларыма да ұнауда. Жұмыссыз қалсам да, малым болса, аш қалмайтыным белгілі. Малы бар адам жұтамайды. Бабалардан жеткен іс өнегелі кәсіп, жақсы қызығушылық бола алады», – дейді Нұржан Айғапов.
Өзгелер қалай озуда?
Шетелдік мал шаруашылығының біздің дәстүрлі мал бағу тәсілдерінен ерекшелену тәсілдер туралы ашық дерек көздері мен түрлі ақпараттарды шолдық.
Мал бағу көптеген дамыған елдердің өзінде жоғары технологияға негізделген кәсіби сала.
Бұл бағыттағы шаруашылықтың көшбасшысы саналатын Австралия – ірі мал экспортері. Онда малдың қозғалысын GPS-трекер арқылы бақыланады. Жайылым сапасын спутникпен бақылау жолға қойылған. Қызығы, мал азығының жетімсіздігі жайында мемлекеттік жүйе фермерге смс хабарлама жібереді. Жағдай малдың жоғалмай, жайылымның тиімді бөлінуіне бағытталған.
Ырғақты жайылымды ел – Жаңа Зеландия. Бұл жүйе тиімділігін әлем жұрты мойындап отыр. Мал кезекті бөлімде қысқа уақыт бағылады. Содан кейін келесі аймаққа көшіріледі. Осы уақыт аралығында жерге шөп қайта өсіп үлгереді. Тиісінше малдар да құнарлы жайылымда жүріп, тез салмақ қосады.
Мал шаруашылығында еңбек шығынын өте аз тұтынатын тұрғындар АҚШ – та тұрады. Штаттардың фермаларының басым бөлігі толық автоматтандырылған. Робот-сауу, автоматты жемдестіру игілігін тұтынып отыр. Малдың денсаулығын AI талдайды. Әр сиырдың өнімділігі туралы күнделікті дерек сақталады.
Нидерландылықтар экологиялық фермерлік бағытты ұстануда. Елдің жер көлемі аз болса да, сүт өндірісі жоғары болуына сиыр қоралары желдету мен температураны автомат басқаруы, қалдық қиын биогазға айналдыру, аммиак шығару нормативтері қатаң бақылануы себепкер болып отыр.
Малға ерекше күтім жасайтын жапондықтардың кобе сиырлары – әлемдегі ең қымбат ет беретін іріқара. Оларға астық пен сыра ашытқысы беріледі. Арнайы мал массажын жасап, күйзеліссіз орта құрылады.
Бразилияда дрондар жайылымды түсіріп, шөп биіктігін өлшеп, малдың орналасуын картада көрсетіп, қараусыз аудандарды анықтайды.
Бұл мысалдар шетел фермерлері мал жайын жақсартуда технология қолданып, жайылымды ғылыми басқару үрдісін пайдаланатындығын, экологияға мән беріп, мал денсаулығын нақты мәліметпен қадағалайтынын көрсетіп отыр.
Ата кәсіпті ақсаматпау алаңы
Қойшыны таяғы асырайды, қасқырды аяғы асырайды. Бізде таяқты тастатқан тиімді тәсілдер бар ма? Ауылшаруашылығы саласының ақпаратты сайтына үңілдік.
Қазақстанда мал бағудағы жаңашылдық төмендегі бағыттарда жұмыс істеп келеді. Олар: цифрлық бақылау және смарт-жүйелер, автоматтандырылған азықтандыру, генетикалық селекция және репродукция, робот-сауын және автоматты фермалар, жайылым менеджменті. Жаппай үрдіс алмаса да, жыл санап GPS арқылы малдың бағытын бақылау, RFID чиптерімен әр малға жеке идентификация жасау, смарт нашақ арқылы жүріс-тұрыс, денсаулық, температураны қадағалау, роботтандырылған жем-шөп таратқыш, рационды автоматты есептеуге фермерлер біртіндеп көшуде. «Жасыл шаруашылық – болашақтың фермерлік моделі» ұстанымын ұстанған елімізде геномдық талдау арқылы ауруға төзімді мал өсіру, су үнемдеу технологияларын пайдалану, алдықты тыңайтқышқа айналдыру, ротациялық жайылым әдісін пайдалану ісі – жаңашылдық әрі мал шаруашылығының дамуының негізгі факторы екендігін ұғындырып отыр. Жүйелеу, агросектордағы ақпараттық жүйелерді толық интеграциялап, бірыңғай цифрлық архитектура құру құрылымы жасалған. Соның бірі бидай қорын нақты есепке алатын цифрлық жүйе қалыптастыру, элеваторларды жаңғырту және электронды бақылау жүйесін енгізу.
Жыл ішінде ауыл шаруашылығына берілген жеңілдетілген несиелердің көлемі Қазақстан тарихында алғаш рет 1 триллион теңгеден асқан. Бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен он есе артық. Несиеге қолжетімділікті арттыру үшін кепілдік ұлғайған. «Даму» қорының кепілдігімен 1300 фермер несие алған.
Отандық техника өндірісінде де сенімді серпін бар. Агросекторға алынған техниканың 90 проценті өзімізде құрастырылған. Тозығы жеткен техника паркін жаңарту да ұмыт қалмаған. Бұл мақсатта жеңілдетілген лизинг қолдану ұсынылған.
Президенттің сыртқы жүйелі саясат жүргізуі арқылы бес жылда елімізде 3 мыңға жуық заманауи техника өндірілмек.
Жақында өткен аграрлық сектордың жаңа бағыты: қаржыландыру, цифрландыру, инвестиция және экспорт бағытындағы ауқымды форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агросектор ел экономикасының стратегиялық тірегі болып қала беретінін, сондықтан оны заманауи технологияға, жоғары өнімділікке және жаһандық бәсекеге қабілеттілікке бейімдеу – басты басымдық екенін атап өтті. Президент агросектор әлі де шикізат экспорттаумен шектеліп отырғандығын алға тартып, терең өңделген өнім өндіруде озық технологиясы бар шетел инвесторлары үшін қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.
Жиында белгі болғандай, өткен жылы Қазақстан 18 мың тоннаға жуық қой етін сыртқа шығарып, бұл өнім бойынша әлемдегі он озық ел қатарына енген.
Мал өсіруге мемлекет субсидия, жайылымдарды суландыру, бордақылау орындарын салу және асыл тұқымды мал сатып алуға қолдау көрсетуді жалғастырылмақ. Өткен жылы бұл бағытқа 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
2022 жылдан бері 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылған. Алда бұл жерді келесі жылдың ортасына дейін толық айналымға енгізу мақсаты бар. Жайылымдар ауыл тұрғындарына және нақты жобасы бар инвесторларға беріледі.
Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу, су үнемдеуші әдістер кемінде 1 миллион гектар аумақты қамтуы тиіс.
«Статистика Қазақстан» 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында: мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 103,4 процентке яғни өсу барын жеткізген. 2024 жылға қарағанда сүт өндірісі мен жұмыртқа, ет өндірісі де артып, ет сойылымы 2,5, сүт –5,7 процентке артқанын келтірген.
Қызылорда облысында 2025 жылы өткен жылмен салыстырғанда — ірі қара 20,3 процент, қой-ешкі 14,7 процент, жылқы 4,2 процент, түйе 2,2 процентке өскен. Дерек статистика департаменті таратқан мәліметтен алынды.
Малшы өлгенде демалады
Жақында Ардақ Назаров Мәжіліс қабырғасында 25 жыл тоқтаусыз мал баққан адамды зейнетке ерте шығару керектігі туралы ұсыныс көтерді.
Халық қалаулысының Үкімет басшысына жолдаған сауалында ол өзінің ауылда өсіп, төрт түлік малдың бәрін баққанын айтып, мал бағудың машақаты мен қиындығымен таныстығын жасырмады.
«Қазақта «Балықшы желде, диқан жаңбырда, малшы өлгенде демалады» деген сөз бар. Қала қазағы кәделеп асқан етімен, сыйлы қонағын күтеді. Алайда осы сый-құрметтің артында сонау ауылдағы ағайынның тынымсыз еңбегі, маңдай тері әрі мал бағудың үлкен жауапкершілігі мол шаруа екенін сезіне бермейді», – дейді депутат.
Назаров малшының мәртебесін көтеру жөнінде жүйелі ұсынысттарын жеткізеді. Алғашқысы, малшы балаларын балабақшамен қамтамасыз ету. Мектеп жасындағы балаларына жақсы білім алуына жағдай жасап, арнайы интернаттар ашып, оқыту. Екіншісі, жоғарғы оқу орындарына түсуге арнайы гранттар бөлу және Ұлттық біріңғай тестерді тапсырған малшы балаларына арнайы жеңілдіктер жасау. Үшінші, жылына бір мәрте малшыны отбасымен бірге тегін медициналық қызметтерден өткізіп, шипажайға демалуға жолдама берілуі. Төртінші, ауыл мен аудан орталықтарында мемлекттік бағдарламамен салынып жатқан қол жетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бесінші, жұмысы ауыр малшының зейнетке шығу жасын төмендету, бұл жерде мен әскери қызметкер сияқты 25 жыл тоқтаусыз мал баққан адамға зейнетке шығаруды. Алтыншы, мал бағушылардың еңбектері жұмыс беруші тарапынан бағаланбай жатқанын ескеріп, Еңбек бағдарламасы арқылы мемлекеттен белгілі бір пайызда жалақы төлену қажеттігін ұсынды.
Ардақ Назаров Жолсейіт Молдасанов, Жазылбек Қуанышбаевтардың үлгілі жолдарын жалғастырып, малшы мәртебесі биіктеу арқылы, шаруа мерейін ұмыт қалдырмау қажеттігін атап өтіп, жыл сайын әр өңірден білікті шаруалар мен малшыларды анықтап, Мемлекет басшысының қолынан «Еңбек Ері» атағын беруді ұсыну – еңбеккерлерді ынталандырып, малдың басы көбейтуге септесетінін жеткізді.
Депутаттық сауалға жауап берген сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин құжатқа сондай-ақ ауылдық жердегі жұмыскерлерге әлеуметтік жеңілдіктер енгізіліп, малшылардың балаларына тегін жоғары білім және әскери қызметтен босату ұсынылатынын жеткізген.
Көтерілген мәселе Президент тапсырмасымен әзірленіп жатқан 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын қолдау мен дамытудың жаңа кешенді жоспарында қамтылған. «Оrda.kz» Қазақстан Үкіметі шопандар мен малшылардың зейнеткерлік жасын төмендету мүмкіндігін қарастырып жатқандығын хабарлайды.
«Alash.kz» ұлттық порталы ел Үкіметі алдағы уақытта мал бағатын жұмысшыға арнап әлеуметтік пакет ұсынбатынын жариялаған. «Бұл жаңалықты премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жеткізді», – деп жазады ақпараттық арна.
Ұсыныс жүзеге асатын болса, оң өзгерістер орын алары хақ. Бастысы, ата кісіп ақсамай, агро салаға деген көзқарас түбегейлі өзгермек. Саңлаудан енген үтке үмітпен қарайтын жұрт Үкіметке үлкен сенім артып отыр. Жақсы жағдай жүйеленсе, қаншама қиындықта жүргендер тағдыры қаперге алынып, малшылар статусы белгіленеді. Олардың жауапкершілігі, басқа да ықтимал қауіпті жағдайлардың алдын алу да назардан тыс қалмайды. Бастысы, өзіне жасаған мүмкіндікті сезінген жас буын малшының баласы екенін мақтанышпен атап, шопан таяғын қолына ұстар... Уақыт төреші...
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
12 желтоқсан 2025 ж. 115 0

Алтынның құны тағы көтерілді

12 желтоқсан 2025 ж. 10

Аудан тұрғындарының назарына

11 желтоқсан 2025 ж. 217

Шәкен ауылына су келді

11 желтоқсан 2025 ж. 152

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031