Әлеуметтік қызмет – маңызды міндет
Ел дамуы қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету халықтың әл-ауқатын арттыру және еңбек ресурстарын тиімді пайдаланумен оң өріс алады. Тұрақтылықты қалыптастырып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға қамқорлық жасау бағытында жұмыс істеп келе жатқан Қазалы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысы маңызды. Аудандағы халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыссыздық деңгейін төмендету, жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау, аз қамтылған, жастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыспен қамтылуын қолдау, өзін-өзі жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікке жағдай жасау қандай деңгейін бағдарлап, жүзеге асырып отырған орында болдық.Қажеттіліктен қалыптасқан
Іргетасы аудандық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің бөлімі ретінде ұйымдастырылып, жұмысын бастаған мекеме алғаш еңбек және соғыс ардагерлерін әлеуметтік қамқорлыққа алып, балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақылар беруден бастаған.
1946 жылдан бастап Қазалы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі болып аталған. Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындап, төлеу заңдылықтарына сәйкес еңбек өтілі мен зейнет жасына келген адамдарға зейнетақы, денсаулығына байланысты мүгедек жандарға, Ұлы Отан соғысына қатысушы мүгедектерге, бала жасынан мүгедектерге, асыраушысынан айрылған отбасыларынан жәрдемақыларға құжаттары қабылданып, тағайындап, төлемдер жүргізіп отырған. Сонымен қатар балалы отбасыларына мемлекеттік жәрдемақылар тағайындап, төлеу жұмыстарын атқарған.
Аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі жанында адамдарды денсаулығына байланысты мүгедектікке шығаратын, олардың денсаулығының еңбекке қабілетіне анықтама қорытынды беретін ауданаралық дәрігерлік – еңбек – сараптама комиссиясы (ВТЭК) жұмыс істейді.
Аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауда заңға сәйкес өтініш берушілерден құжаттар қабылдап, тағайындап, төлемге жіберіп отырған. Бөлімнің инспекторлары құжаттарды қабылдап, тағайындау жұмыстарын жүргізген, есепшілер тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақыларды төлемге жіберіп отырған.
1987 жылы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің жанынан жалғызбасты, қарастық ешкімі жоқ зейнеткерлерге үйіне барып әлеуметтік қызмет көрсететін бөлімше ашылады. 1992 жылы зейнетақы мен жәрдемақы тағайындалып, 1991 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған зейнетақы мөлшері сақталып, 1992 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақылардың мөлшерін қайта есептеу жұмыстары жүргізіледі.
1998 жылдан бастап «Қазақстан Республикасында азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңы қабылданып, бұрынғы Заңның жеңілдікпен зейнетақы тағайындалатын баптары тоқтатылды.
Сонымен қатар «Мүгедектігіне байланысты, асыраушысынан айрылуына және жасына байланысты тағайындалатын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Заңы қабылданып, қолданысқа енгізілді.
1998 жылдан бастап ауданда облыстық зейнетақы төлеу орталығының аудандық бөлімшелері ашылды.
Аудан бойынша зейнеткерлердің, мүгедектердің, асыраушысынан айрылғандар мен жасына байланысты әлеуметтік жәрдемақы алушылардың іс-құжаттары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрілігінің 1999 жылғы бұйрығына сәйкес зейнетақы төлеу орталығының аудандық бөлімшесіне тапсырылды. Ал, 2001 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңы қабылданып, 2002 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 желтоқсандағы №1685 «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы қаулысын орындау мақсатында 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке тұрмыстық жағдайы кедейшілік шегінен төмен отбасыларынан құжаттар қабылданып, тағайындау, оны төлемге жіберу жұмыстары жүргізілді.
2002 жылдың мамыр айында аудандық жұмыспен қамту орталығы таратылып, аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің жұмыспен қамту жөніндегі бөлімшесі болып, Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес қайта құрылады.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан 2004 жылдың ақпан айынан бастап мүмкіндіктері шектеулі кемтар балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі ашылып, жұмыс істейді.
2015 жылы «Қазалы ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталған. 2023 жылдан «Қазалы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» болып қайта өзгертіліп, түрлі сатылардан өтіп, халыққа қалтқысыз қызмет ету жолында жұмысын жалғастырып келеді. Совет Бабанаев басқаратын мекемеде қазіргі таңда бөлімде 3 сектор, 2 бөлімше бар.
Ерекше жандарға ерекше қамқорлық
Бөлімнің негізгі бағытының бірі – мүгедектігі бар адамдармен жұмыс. Осы санаттағы мүгедектігі бар балалар мен 18 жастан асқан адамдарға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі бар. Әлеуметтік қызметкерлер үйде қызмет көрсету жағдайында мүгедектігі бар балаларға және 18 жастан асқан адамдарға: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік еңбек қызметтері көрсетіледі.
Қазіргі уақытта барлық әлеуметтік қызметкерлер көрсетілетін қызметтерді «Socium» платформасы бойынша жұмыс істейді. Бірнеше негізгі мақсатпен құрылған цифрлық платформа әлеуметтік қызметтерді жетілдіру, азаматтарға әлеуметтік қызметтерді көрсету процестерін оңтайландыруға бағытталған. Ол әртүрлі әлеуметтік бағдарлама мен қызметтерге қолжетімділікті жеңілдетіп, оларды халыққа қолжетімді етуге мүмкіндік берген. Қызмет көрсетудің дәстүрлі әдістерінен цифрлы жүйеге көшуге ықпалдасқан. Процестерді автоматтандыру және құжат айналымын азайту үшін заманауи технологияларды пайдалануды ұсынып, әлеуметтік жеңілдіктер, бағдарламалар мен бастамалар туралы ақпарат арқылы азаматтарға қолжетімді мүмкіндіктер мен қызметтер сапасын жақсартуға көмектескен.
Әдетте мүмкіндігі шектеулі адамдар жабық өмір салтын ұстануға мәжбүр болады. Елімізді барлық азаматқа кез келген жағдайда, денсаулықты да, әлеуметтенуді де жақсы сезінуге көмектесу үшін түрлі бағдарлама мен шаралар бар.
Мүгедектерді оңалту тыныс-тіршіліктің шектелуін жоюға немесе оның орнын толық толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтік және кәсіптік іс-шаралар кешенін қамтиды.
Оңалтудың әлеуметтік бөлігін жүзеге асыратын мекемеде мүгедектігі бар адамдарға оңалту бағдарламасына сәйкес мүгедектерге санаторлы-курорттық шипажайларға баруға құжаттар қабылдауды және мүгедек балаларды сауықтандыруға байланысты күндіз болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. ҚР Заңдылығына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды қажетті гигиеналық құралдарға, сурдо-тифлотехникалық құралдарға және жүріп тұру құралдарына, тифлотехника, протез-ортопедиялық құралдарға, санаторлы-курорттық емдеуге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласына, стационарлық және жартылай стационарлық ұйымдарға, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге және есту қабілеті нашар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметімен қамтиды.
ҚР Президенті Қасым-жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу – экономиканы жаңғыртудың негізгі тетігі екендігін атап өтті. Жаңашылдық пен игі үрдістер әлеуметтік салада да жақсы сипат алғанын байқадық.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға көп жылдық тәжірибесі мен біліктігі жоғары бас маман Жадыра Сырымова қызмет түрлерімен таныстырды.
Мұнда көру қабілеті нашар, гемодиалез яғни үдемелі бүйрек жетіспеушілігі бар, бауыр сырқаты салдарынан мүгедектігі бар адамдар және жүріп-тұруы қиын тірек-қимыл аппараты бұзылған, кресло-арбада отыратын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға инватакси қызметі көрсетіледі екен.
Бас маманның айтуынша, қазіргі кезде әлеуметтік – мемлекеттік қызмет алудың жолы жеңілдетілген. Сесебі қызмет көрсетудің басым көпшілігі электронды форматқа ауысқан. Жаңа өзгеріс бойынша мүгедектігі бар адамдар өздерінің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік қызмет порталында оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдай алатынын білдік. Көрсетілетін барлық арнаулы әлеуметтік қызметтер толығымен автоматтандырылған және қызметтерді жүзеге асыру Аlumet.gov.kz электрондық веб-порталы, «Е-собес» базалары арқылы жүргізіледі.
Жұмыспен қамту – өмір сүру деңгейін көтеру
Жұмыспен қамтылу — елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың жұмыспен қамтамасыз етілу көрсеткіші болуымен қатар экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.
Бүгінде мемлекет алдында ұлт сапасын арттыратын өз саласын жетік меңгерген мамандар даярлау, орта және шығын бизнесті қолдау арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету, азаматтардың өз-өздерін жұмыспен қамтуына жағдай жасау міндеті тұр.
Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы аясында ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына 3941 адам жұмыспен қамтылған. Олардың ішіндегі тұрақты жұмысқа орналасқандар 2335 азамат болса, 1606 тұрғын уақытша жұмыс тапқан.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ағымдағы жылы аудандық жұмыспен қамту және Мансап орталығының ұйымдастыруымен 14 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізілген.
«Жұмыспен қамту – кедейлікті азайту және өмір сүру деңгейін көтеру», – деген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Жұлдызай Байтілес «жұмыссыз» деген санатқа кіру үшін оның әлеуметтік статусы белгіленуі қажеттігін айтады. Масылдық пен жұмыссыздықтық айырмасы орасан. Жұмыссыз белгілі мамандық, не кәсіпті меңгеруі мүмкін. Мұндай азаматтар бос жұмыс орындарына орналастырылады немесе қайта даярлану арқылы жаңа мүмкіндікке ие болады.
«Жұмыссыздық қалай анықталады?» деген сұраққа былай деп жауап берді: «Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, жұмыс беруші еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, олар пайда болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасына орналастыруға міндетті.
Бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді, «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасынан көруге болады және жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу үшін «Enbek.kz» порталында жеке кабинет аша алады», – дейді. Ал еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі «Шетел жұмыс күші» ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде көрсетіледі екен.
Әлеуметтік төлемдер кімдерге төленеді?
Келесі бас сұққан әлеуметтік төлемдер секторы - әлеуметтік төлемдер тағайындап, төлеу жұмыстарын жүргізумен айналысады.
Әлеуметтік төлемдерді жүргізу ісін жүзеге асыратын Мира Әбдіқадіровадан қызмет көрсету жайы туралы сұрадық.
«Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар төлеудің негізгі мақсаты табыссыз қалған адамдарды қамтамасыз ету. Бүгінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, туберкулез ауруымен амбулаториялық емдеуде жүрген адамдарға әлеуметтік көмек, үйде тәрбиеленіп, оқытылатын мүгедек балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жас мамандарды ынталандыру мақсатында ауылдық жерде тұратын және жұмыс істейтін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, ветеринария салаларының мамандарына әлеуметтік көмек, облыс әкімінің грантымен оқуға түскен студенттерге әлеуметтік көмек, сонымен бірге жекелеген санаттар үшін әлеуметтік көмектерді көрсету қызметтері көрсетіледі», – дейді.
Өтініштер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Қызметтер толығымен автоматтандырылған және қызметтерді жүзеге асыру «E-Sobes» және «Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі» автоматтандырылған ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіледі.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














