Бір банктен екінші банкке ақша аударғанда ұсталатын комиссия құны өспек
Бір банктен екінші банкке ақша аударғанда ұсталатын комиссия құны өспек
Фото: Ru.freepik.com
Фото: Ru.freepik.comЕнді бір банктен екінші банкке ақша аударғанда ұсталатын комиссия құны өсуі мүмкін. Ол қымбаттаса картаны қолданғаны үшін алынатын төлем мөлшері де көтеріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Келесі жылдан бастап банктердің барлық ақылы қызметтеріне қосымша құн салығы салынбақ. Экономистердің айтуынша, бұл жаңашылдық комиссиялардың артуына себеп болмақ.
Қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, қосымша құн салығы барлық қызмет түріне салынбайды. Депозит, несие сияқты төлемдерге қатысты емес. Салық тек комиссиясы бар қызметтерге қолданылады дейді. Бүгінде карта шығару, ақша аудару операцияларын тегін ұсынатын банктер де бар. Сөзінше, олар құн салығын төлемейді.
Сондай-ақ ол банктер комиссияның тарифтерін өзі белгілейтінін, мемлекет араласпайтынын атап өтті. Сол себепті де салық қосылса, құны көтерілмек.
“Операциялық шығындардың да өсіп жатқаны белгілі. Мысалы, қазір әртүрлі айти инфрақұрылымдары деп жатыр, қауіпсіздікке байланысты қызметтері, персоналдың да шығындарының көбеюі бар. Бұл да банктердің комиссияларының қымбаттауына әсерін тигізеді”, – дейді қаржыгер Бауыржан Ысқақ.
Ал халықтың өзі банктердің комиссия алғанына аса қарсы емес. Бірақ қымбаттай берсе, шығыннан айналып өтудің жолын табамыз деп отыр.
“Онда жеке ақша алып отыру керек. Банктен шешіп алып, өзіміз жұмсап отырайық одан да. Яғни, қолма-қолға өтіп”, “Қолма-қол ақша бәрі бірдей өте алмайды ау. Бірақ бұл дұрыс емес. Комиссияны көбейту, салықты көбейту деген халықты тонау ғой”, – дейді қазақстандықтар.
Ірі банктер биыл комиссияларының құнын салықсыз-ақ көбейтіп алды. Экономистердің айтуынша, ол қымбаттауға базалық мөлшерлеменің көтерілуі себеп болды. Жалпы келер жылы комиссияның артуына салық қана емес, қаржы саясатындағы өзгерістер де мұрындық болады дейді. Алайда сұранысын жоғалтып алмау үшін, бағаны күрт өсіре қоймайды деген болжам бар.












