Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сталкингке салқынқандылық жоқ

Сталкингке салқынқандылық жоқ

Фото: ашық дереккөзден алынды
Қауіпсіздік – қазіргі қоғамның басты қағидасына айналуы тиіс. Себебі қоғамдық тұрақтылық пен сенім болмаған ел ешқашан дамымайды. Бұл бүгінгі қазақстандық формат. Осы бағытқа батыл бетбұрыс бұрған еліміз осы жылдың маусымында сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік көрілетін заң жобасын қабылдады.
16 қыркүйектен бастап Қазақстанда ол үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Сталкинг деген не? Ол туралы не білеміз? Қорғану мен қауіпсіздік жолдары қандай?
Кішкентай қадамнан басталады
«Сталкинг — жеке адамның немесе топтың белгілі бір адамды қадағалап, аңдып жүруіне берілетін анықтама. Бұл ұғым танымға таныс болмаса да, осындай жағдайға арамызда ұшырап жүргендер бары жасырын емес. Егер бір адам екінші адамға үнемі телефон соғып, мазаласа, аңдып немесе әлеуметтік желілерде тексеріп, тіпті қорқытып, үркітсе ,осының барлығы сталкингке жатады.
Бойын қорқыныш билеп, қауіпсіздігіне алаңдаған адамның өмірі дұрыс болмайды. Санаға салмақ түседі, денсаулығы бұзылады. Адамдарға сенімі жоғалады. Кейде ішкі ашу-ызасын басқалардан алады. Соңы суицидке апарып соғуы мүмкін. Сондықтан жақыныңыз, танысыңыз мазасыз күйде жүрсе, жағдайын білуге, ертерек қам жасауға тырысыңыз», – дейді Лаура Әлиева.
Психолог сталкер болудың себебі туралы былай дейді.
«Қарапайым мысал, дәстүрлі қазақ отбасында балаларын аналары жуындырады. Осындайда ұл мен қызды бірге шомылдыру, араластырып ұйықтату, кейде жалпы моншаларға ер баланы жасы кіші деп ертіп апару – баланың табиғи қызығушылығын оятып, біреудің киініп жатқанын көру, оған құмарту қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. Балаға мұның дұрыс еместігін дер уақытында түсіндіріп, соған бірте-бірте әрекет жасап, ажырату керек», – дейді.
Жылаған ана, бұзылған сана...
Психологиялық зорлық-зомбылықтың бұл түрі көбіне ерлі-зайыптылардың арасында туындайды екен Осы жағдайға бетпе-бет ұшырап отырған жанның бірі Айдана. 37 жасар келіншек барлығын отбасында көрген тәрбиемен байланыстырады.
«Төрт ұлы бар үйге келін болып түстім. Үйдегі жалғыз ару – енемді жолдасы мен балалары ханшайымдай қадірлейді. Бұл мені қатты қуантқан. Кейіннен оның да зардабын көрдім. Анамыз – қызметкер. Үй шаруасына уақыты көп бола бермейді. Ондайға епті менің күйеуім қандай жұмыс бар, атқара беруге дағдыланған. Тіпті анасының барлық киімін жуады екен. Мен үшін бұл қалыпты жай емес», – деп әңгімесін бастаған ол қиындықтың бәрі тұрмысқа шыққаннан кейін басталғанын айтады.
«Күйеуім сымбатты, жоғары білімді, тұрақты жұмысы бар азамат. Сырт көзге идеалды жігіт. Үйленгенімізге 8 жыл болды. Ол болса, мені үнемі аңдиды. Таңертең тұрсам, телефоным төсегінің бас жағында тұрады. Жасырын номерден телефон шалады. Аяғым ауыр болып, үйде отырғанда да, бейнеқоңыраумен жалғыз екенімді тексерумен болады. Алғашында бұл жағдайды жақындарыма жеткізетін едім. Кейін олар себебін өзімнен көретінін біліп, айтпайтын болдым. Шынымды айтсам, қатты шаршап кетемін. Талай өзіме құл жұмсауға дейін бардым. Менің күйімді кешіп жүрген «құрбандықтар» қатары көп. Олар өзгермейді», – дейді жанары жасқа толып.
Нартайдың жүрген қызы сталкинге тән әрекеттермен мазалаған.
«Екеуіміз қыз-жігіт болып жүрдік. Біраз уақыттан кейін оның ақшаға жақындығын байқап, бас тарттым. Қыз болса, сонда да ізімнен қалар емес. Менің жол ережесін бұзған айыппұлдарым, салықты уақытында төлей алмаған кездегі әркеттердің бәрін базадан шығарып алған. Неше түрлі нәрселер тауып алып, звондағанын қоймайды. Үйленіп, үйлі болсам да, әрекетін тоқтатқан жоқ. Айыппұл төлететін болса да, әдетін қойдыратын жауапқа тартқым келіп жүр. Оның бопсалауына қанша адам ұшырап жүргенін білмеймін,» – дейді жігіт.
Сандар не дейді?
Еуропалық гендерлік теңдік институтының келтірген мәліметі «жаға ұстатады». Дәйекті дерекке көз жүгіртсек, әлемдегі әр оныншы әйел сталкингке ұшырауда. Германияда жыл сайын шамамен 20 000 сталкинг оқиғасы тіркеледі екен. «National Stalking Helpline» статистикасы сталкинг құрбандарының 80,4 проценті әйелдер екенін жеткізсе, қылмыскерлердің 70,4 процентін ерлер құрайтынын алға тартып отыр. Өкініштісі, ТМД елдерінде мұндай статистика жасақталмаған. Жоғарыдағы сандар осы іс бойынша арыз-шағым түсіргендер не қауіпті жағдайға ұшырағандар туралы тізбе. Ал кейіпкеріміз атап өткендей, ешқандай жаза қолданылмасын біліп, өз ісін тоқтатпай жүрген сталкерлер қаншама... Анық ақпарды ешкім тап басып айта алмайды.
Сталкингті қабылдап, көндіккен Нұргүлдің де пікірін қаперге алдық.
«Мен не істей аламын? Қырылдым. Таяқ жедім, бірнеше рет ажырастым. Көпбалалы отбасын асырауға жалғыз жалақы жетпеді. Амал жоқ, балаларым жағдайды үшін қабылдап, мойынсұмдым. Әріптестеріме өз жағдайымды айтқанымда, әрбір отбасының аз дегенде бір адамы, анығы әйелі сталкердің уысында отырғанын білдім. Жаңа заң қабылданыпты. Барлық қазақ әйелдері үшін қуаныштымын. Енді соны көбірек насихаттасаңыздар», – деген өтінішін жеткізді.
Келетін қауіп туралы сұрадық.
«Оларды дені сау адам деп ойламаймын. Сенім болмаған жерде отбасын ұстап қалу да оңайға түспейді. Үнемі жылап, көңіл күйі жоқ, «не нәрсе бүлдіріп қояды екенмін?», «ештеңе деп үндемесе екен», «көшеде бір адам, тіпті ағам болса да, танып амандаспаса екен» деген уайымның құшағында жүретін әйел өзін жоғалтады. Оған ақша да, киім де, той да, қызық та керек емес. Қалайтыны – жанының тыныштығы. Бәрінен не қауіпті екенін айтайын ба, 8 жасар қызым бірде: «Мама, мен өскенде тұрмысқа шықпаймын», – дейді. Оны мен айтқызған жоқпын. Бұзылған психика көрінісі», – дейді.
Қалай қорғана аламыз?
Бұл туралы заңгер Айбек Жомартұлынан сұрап-білдік.
«Бұған дейін мұндай істер ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өміріне қауіп төндіру», «Жеке өмірге қол сұғу» баптарымен қаралған.
Сталкингтік құрам табылған барлық іске бірдей жаза қолданылмайды. Оның деңгейі анықталады. Соңғы жылдары киберсталкинг құрбандары қатары артып келеді. Қылмыстық кодекстің 115 бабы бойынша адамды қорқытып, оның өміріне қауіп төндірген азаматқа 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 30 күнге қамақ жазасы тағайындалған. Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша айыпталушыдан 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл өтелуі немесе 2 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осылай бұрын әкімшілік деңгейде ғана қаралатын сталкингші енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады».
Қылмысты қалай дәлелдеу туралы маман кеңесіне құлақ түрдік.
«Сталкингке сезіктенсеңіз, дереу дәлел жинауға тырысыңыз. Код сұрайтын қосымшалар, бейтаныс номерлерді көтеріп, өзіңіз туралы ақпаратты нақтылау да қиын жағдайларға ұшыратып отыр. 2020 жылдан бастап телефондағы хат алмасу айғаққа жарамды болып табылады. Сізге скрин, аудиожазба, бейнезба немесе диктафонға басылған дыбыстық сөйлесулер айғақ бола алады», – дейді.
Жеке бас бұзылысына тап болғандарға психолог Лаура Бекназарқызының айтары бар.
«Сталкердің мақсатын байқасаңыз, одан дереу алыстауға тырысыңыз. Телефоннан бір нәрсе жазса немесе сөйлесуге ниет білдірсе, анық реакция білдірмеңіз.
Көмек сұрау ұят емес. Мәселені ата-ана, мұғалімдеріңе немесе өзің сенетін ересектерге баянда. Жағдай ушықса, дереу тәртіп сақшыларына жүгін.
Жағдаймен күрескеннен, оның алдын алу тиімді нәтижесін береді.
Жаңа танысыңа өзің туралы тым көп, ашық ақпарат беруден бойыңды аулақ ұста. Әлеуметтік парақшаға жеке ақпаратты жарияламаған жөн. Қазір қойылған сурет арқылы да мекенжайды анықтау мүмкіндігі бар», – дейді.
Кәсіби маман қиындықты еңсеру туралы да тоқталды.
«Ондай жандарға айтарым, жаным, сен жалғыз емессің! Бұл жағдайға кез-келген адам түсуі мүмкін. Сондықтан өзіңді кінәлаудан аулақ бол. Жақындарыңа жағдайды жеткіз. Олардың тарапынан уайымыңнан арыла алмасаң, психологқа жүгін. Елімізде мұндайда көмек бере алатын тегін желілер де жұмыс істейді. Қандай жағдаймен бопсаласа да, ешкімге сенің жеке шекараңды, тыныштығыңды бұзуға жол берме! Ойыңды жина. Оны басқаруды үйрен», – дейді.
Аңдушы мен арандатушы айыпталады
Енді зорлық-зомбылық қолданылмаса да, адамның психологиялық жағдайына елеулі зиян келтіретін, еркінен тыс тұрақты түрде қудалау, артынан ілесушіге қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Сталкингке салқынқандылық жоқ.
Жаңа заң талаптарына орай, адам аңдығандар 786 мың теңге айыппұл арқалайды. Жаңа бапқа сәйкес, сталкинг үшін 200 айлық есептік көрсеткіш белгіленген.
200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.
Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бап – "Некеге мәжбүрлеу" енгізілген.
Қолданыстағы кодекстің 125-бабындағы ескертпеде ұрланған адамды ерікті түрде жіберген азамат қылмыстық жауапкершіліктен босатылатын. Бұдан былай бұл мүмкіндік ешкімге берілмейді. Жәбірленуші босаған күннің өзінде, кінәлі заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Ал Қылмыстық кодекстің жаңа 125-1-бабы бойынша некеге мәжбүрлеу әрекеті қылмыстық құқықбұзушылық ретінде танылады.
ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, некеге мәжбүрлегені үшін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Егер мұндай әрекет абайсызда ауыр зардаптарға әкелсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Мәжбүрлеу жағдайы зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағандарға қатысты, тәуелділігін пайдалану арқылы, адамдар тобымен немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасалса, бұдан да қатаң жаза қарастырылған.
Әлем жұрты сталкингпен күрестің жолын түрліше таңдаған. Германия, Канада бұл әрекетті ауыр қылмыс қатарына қосса, АҚШ пен Ұлыбританияда қылмыстық жауапкершілік бар. Біздегі өзгеріс – арнайы бап әзірше мұндай әрекетті ауыр қылмыс қатарына жатқызбайды. Түзету азаматтардың жеке бас бостандығын қорғау және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында қабылданған. Депутаттар жаңа баптың мақсаты – сталкингті қатаң жазалау емес, қатердің алдын алу жайымен түсіндіруде.
Дайындаған Камила МАҚҰЛБЕК
(Кейіпкерлер аты өз өтініштері бойынша өзгертіліп жазылды).
23 қыркүйек 2025 ж. 29 0

Көкем қайта келе ме?

23 қыркүйек 2025 ж. 38

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930