Қазақстанда 3 мыңнан астам арнайы педагог жетіспейді
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылғы 29 қазанда Үкімет отырысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін арнайы педагогтерге елдегі сұраныс туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Министр Мемлекет басшысының ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өткенін еске салды.
"Қазіргі уақытта олардың саны 237 мыңнан асады. Соңғы төрт жылда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны 26%-ға өсті. Сонымен қатар арнайы педагогтерге сұраныс 3 мың маманнан асады", – деді Сүлейменова.
Оның ішінде 2 076 логопед, 704 олигофренопедагог, 118 тифлопедагог және 110 сурдопедагог қажет.
"Арнайы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартумен қатар, олардың инфрақұрылымын дамыту және өңірлерде тиісті қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері де өзекті болып отыр. Осы мәселелерді шешу үшін Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беруді дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады. Атап айтқанда, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандар елдегі 17 педагогикалық жоғары оқу орны мен 9 колледжде даярланып жатыр", – деді Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, 2027 жылы колледждерді 500-ден астам логопед бітіреді деп жоспарланып отыр.
"Балаларға жеке қолдау көрсетуде педагог-ассистенттер де маңызды рөл атқарады. Білім беру ұйымдарында 7,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында 6 колледжде педагог-ассистенттерді даярлау басталды", – деп толықтырды Оқу-ағарту министрлігінің басшысы.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мұғалімдерді артық жұмыстан босатуды тапсырған болатын.













