Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою тәртібі

Апостиль – 1961 жылғы Гаага конвенциясына қатысушы мемлекеттердің аумағында құжаттардың заңдылығын тану үшін енгізілген арнайы мөртаңба (куәлік). Ол құжаттың түпнұсқалығын, лауазымды тұлғаның қолы мен мөрін растайды. Апостиль қойылған құжат шетелде қосымша консулдық заңдастырудан босатылады.
Сот органдарынан шығатын құжаттар қатарына мыналар жатады:
сот шешімдері, үкімдер, қаулылар; сот анықтамалары; сот бұйрықтары;
сот актілерінің көшірмелері мен үзінділері; сот органдары берген ресми анықтамалар.
Қазақстан Республикасында сот құжаттарына апостиль қоюды Әділет министрлігі жүзеге асырады. Яғни, сот актілері мен басқа да ресми құжаттарды апостильдеу үшін азаматтар Әділет министрлігінің аумақтық департаменттеріне немесе «eGov» электронды үкімет порталы арқылы жүгінеді.
Апостиль қою тәртібі
1. Өтініш беру
Жеке тұлға немесе заңды тұлға уәкілетті органға өтініш береді.
Өтініш қағаз түрінде немесе электронды түрде берілуі мүмкін.
2. Қажетті құжаттарды тапсыру
Апостиль қойылуы тиіс сот құжатының түпнұсқасы немесе заңды көшірмесі.
Жеке куәлік (өтініш берушінің).
Өкіл арқылы жүгінген жағдайда – нотариалды сенімхат.
3. Мемлекеттік бажды төлеу
Қазақстанда апостиль қою үшін белгіленген мемлекеттік баж төленеді.
4. Құжатты қарау мерзімі
Әдетте құжат 5 жұмыс күні ішінде қаралады.
Жеделдетілген тәртіппен апостиль қою мүмкіндігі де қарастырылған (қосымша төлем негізінде).
5. Апостильді алу
Құжатқа арнайы мөртаңба қойылады немесе электронды нұсқада расталады.
Апостиль қойылған құжат шетелде ресми күшіне ие болады.
Апостиль тек Гаага конвенциясына қатысушы елдерде жарамды. Егер құжатты конвенцияға қосылмаған мемлекетке тапсыру қажет болса, онда консулдық заңдастыру рәсімі жүргізіледі.
Кейбір елдер қосымша аударманы талап етеді (мемлекеттік тілге немесе ағылшын тіліне).
Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою – халықаралық құқықтық қатынастарда құжаттың түпнұсқалығын растаудың жеңілдетілген жолы. Бұл рәсім Қазақстан азаматтарына және ұйымдарына шетелде сот құжаттарын тану процесін едәуір оңайлатады.
Абылайхан АРҒЫНҰЛЫ,
Қазалы аудандық соты әкімшісінің басшысы