Еңбекші аналар құрмет төрінде

2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамдарының, соның ішінде еңбекші аналардың қоғамдағы мәртебесін көтеру, олардың еңбегін дәріптеу мақсатында өткен кездесуді Қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жәнібек Алмасұлы жүргізді.
Жиынға Қазалы ауданының құрметті азаматы Әбиқызы Бибісара Қазалы ауданының мәслихат депутаттары - Эльмира Жалпақбайқызы мен аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шәкизада Келімбетқызы, ауылдық округтердегі әйелдер кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, Отбасын қолдау орталығының мамандары сондай-ақ әр салада еңбек етіп жүрген еңбекші аналар қатысты.
Кездесу барысында Жәнібек Алмасұлы: «Жұмысшы мамандықтары – кез келген мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік дамуының алтын қазығы. Бүгінгі кездесудің мақсаты – әр саладағы еңбекші аналардың кәсіпқойлығын, олардың қоғамдағы жауапкершілігі мен еңбегін дәріптеу. Жастарға тәрбие берудің басты құралы – еңбекке құрмет десек, бүгінгі жүздесу – осы құндылықты дәріптеудің бір парасы» – деді.
Шара барысында қарапайым еңбектің қадірін ұғындырып, маңдай терімен ел игілігіне үлес қосып жүрген бірқатар еңбекші аналар аудан әкімінің Алғыс хатымен және естелік сыйлықтармен марапатталып, аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары –аналарға арналған әндерін арнап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл сыйлады.
Марапатталған еңбекші аналар:
Сұлтан Гүлсара Жұматқызы – ата-бабасында етікшілік кәсіппен айналысқан ешкім болмаса да екі қолға бір күрек деп аяқ киім тігу кәсібін игерген жанның бірі. Ұзақ жылдар Қазалы аудандық Тұрмыстық қажетін өтеу комбинатында аяқ киім жөндеу бөлімінде жұмысшы, кейін тапсырыс қабылдаушы болып еңбек еткен. Бүгінде ұл-қыздарынан көрген 8 немеренің ардақты әжесі көңілі қалаған мамандығынан қол үзбей, ширек ғасырға жуық аяқ киім жөндеп, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.
Теміржол темірдей тәртіпті талап ететін салада жұмыс істеуге көп нәзік жанды арулардың жүрегі дауалай бермейді. Оның ішінде краншы болып жұмыс істеу қиынның қиыны. Өмірінің 35 жылдан астам уақытын теміржол саласына арнап, кран тізгіндеп келе жатқан ерекше жан – Жұмабекова Мирамкүл Рафашқызы сол қиындықтан қаймықпаған жан. Ол «LCI-MK» Қазалы филиалында кран жүргізуші болып талмай еңбек етіп жүр. Темірдей тәртіпке бас иіп, ер азаматтармен иық тіресіп, қажырлы еңбек етіп жүрген 3 перзенттің анасы қандай да болсын құрметке лайық, ісі кейінгі буынға үлгі.
Теміржол саласындағы әйелдер - бұл жоғары жауапкершілік, мұқияттылық пен кәсібиліктің жарқын үлгісі. Осындай еңбекқор аналардың бірі де бірегейі – Абдраманова Ақмарал Садыққызының «LCI-MK» Қазалы филиалында арматуршы болып, табан аудармастан еңбек етіп келе жатқанына биыл тұп-тура 35 жыл болыпты. Ерлермен қатар иық тірестіріп, ауыр жұмысқа мойымаған Ақмарал жұбайымен бірге 2 ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардан 4 немере сүйген бақытты жан.
Қоғам мен мекеменің қауіпсіздігі үшін аянбай тер төгіп жүрген аяулы жандар арасында вахтершылар да бар. Солардың бірі – Бұхарбаева Гүлнар Жетенқызы аудандық мәдениет үйінде 15 жылға жуық вахтершы болып еңбек етеді. Қай кезде де адамды адам ететін адал еңбектің құндылығы жоғалмайды. «Күміс алқалы» ана ұжымда сыйлы, үлкен-кішіге құрметті. Болмысынан жоғары адамгершілігі, қамқорлығымен танылып, адал еңбегімен абыройға бөленген жан.
Құрылыста жұмыс жасау – бейнетке бір табан жақын болумен пара-пар. Соның ішінде сылақшылық – әсіресе әйел адам жасай бермейтін ауыр кәсіп. Тұрақты жұмысы болса да бойға біткен талантымен ауыр еңбектен қашпаған көпбалалы ана – Шарап Майра Зейнуллақызы нәзік жанды бола тұра, еңбегімен танылған нағыз құрыш қолды құрылысшы. Ауыл үйлерінің ішкі-сыртқы сылағын сылауға тапсырыс алып, қолға алған ісін ойдағыдай бітіргенше тынбайды. Онымен қоймай, бойында еңбекке деген ынта-ықыласымен сегіз қырлы бір сырлы атанған. 5 ұл-қыздың бақыты анасы, 13 немеренің сүйікті әжесі ауылдың мәдениет үйінде тазалықшы бола жүріп, қолы қалт еткенде тігіншілік кәсібімен де көптің көңілінен шығып келеді.
Жастайынан еңбекпен есейген отбасының бүкіл ғибратты ғұмыры еңбекпен еншілес деуге болады. 35 жылдан астам уақыт ірі қара өсірумен айналысқан Жалмағамбетова Аққағаз Алдабергенқызы – нағыз еңбекші ана. Бүгінде отбасылық «Заманбек» шаруа қожалығын құрып, халықты төрт түліктен өндірген ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Шаңырақтың ұйтқысы жұбайымен бірге 4 ұл-қыз тәрбиелеп-өсіріп, 5 немере сүйген жан.
Қала ажарын әдемі ғимараттар мен көрікті гүлзарлар ғана ашпайды. Көшелердің таза болуы да маңызды. Осы тұрғыда таң атқаннан күн батқанға дейін көше тазалығын сақтауда тынбай жұмыс жасап жүрген нәзік жанды аналардың еңбегі зор құрметке лайық. Солардың бірі Жұмағали Айнұр Нағашыбайқызы көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері. 10 жылдан астам уақыт қоғамдық негізде жұмыс жасап, қоршаған ортаның тазалығына үлес қосып келеді.
Бала тәрбиесі мен тұрмыстың тіршілігін ұршықтай иіріп отырған алтын құрсақты ана Төлебай Жанат Амалбекқызы – тігінші. Бала кезінен тігіншілікке қызығып, қыр-сырын үйренген. Сол хоббиі қазіргі таңда негізгі жұмысына айналып, осы салада жұмыс істеп жүргеніне 15 жылға жуықтаған. 2023 жылы мемлекеттік грант арқылы үкіметтен қайтарымсыз қаржы алып, өз ісін дөңгелетуде. Тігін шебері әр тапсырысын ерекше ынтасымен орындап, елдің риясыз алғысын арқалап жүр.
Коммуналдық мекемеде таң атқаннан кеш батқанға дейін бел жазбай еңбек ететін қарапайым жұмысшы-аналар – нағыз еңбек адамдары. Олар қала ұйықтап жатқанда еңбекке кіріседі. Солардың бірі – Оразбаева Жұлдыз Елдейқызы 5 жылдан астам уақыт бейнетімен адал нанын тауып жүрген, ғимараттар мен көшелердің тазалығын қадағалап, аудан тұрғындарының мұнтаздай жарқыраған жерде жүруіне, жұмыс жасауына жағдай жасап жүр. Жұлдыз 3 баланың аяулы анасы, бақытты отбасының ұйытқысы.
Таңнан кешке дейін ыстық пеші бір сөнбейтін ас бөлмесіндегі аспаздар – нағыз еңбек иесі. Көпшіліктің талғамы мен талабына сай ас әзірлейтін мықты аспаздың ғана еңбегі жоғары бағаланады. Осындай еңбекқор қыздарымыздың бірі – Бегалиева Айым Бауыржанқызының Атырау қаласындағы мұнай компаниясында аспаз болып жұмыс жасағанына 10 жылға жуықтаған. Бүгінде өз кәсібін шебер меңгерген аспаз компания жұмысшыларының көңілінен шығып, алғысын арқалап жүр.
Жиында сөз алған Қазалы ауданының Құрметті азаматы Бибісара Әбиқызы: «Жастар, құрметті аналар! Еңбек бәрін жеңбек, шынайы бақыт – адал жұмыс пен маңдай тердің жемісінде. Ел мүддесі үшін аянбай еңбек ету – әрбіріміздің қасиетті парызымыз» – деп жастарды еңбекқорлыққа шақырды. Одан соң, Аудандық аналар кеңесінің төрайымы, Қазалы ауданының мәслихат депутаты Шәкизада Келімбетқызы сөз алып марапат алушы еңбекші аналарды құттықтап, ел ішіндегі береке мен бірліктің бастауы аналар екендігін жеткізді.
Сондай-ақ марапат иесі, еңбекші ана Гүлсара Жұматқызы ұйымдастырушыларға алғыс айтып, еңбегінің елеп-ескерілгеніне ризашылығын білдірді.
Жиын соңы аудандық аналар кеңесінің мүшесі, талантты әнші Гүлнұр Аралбайқызының орындауындағы «Анаңды сүйсең менше сүй» әнімен түйінделіп, естелік суретке түсумен қорытындыланды.