Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданның айшықты келбеті

Ауданның айшықты келбеті

Аймақта бірнеше жүйелі жұмыс атқарылып, көрікті мекенге айналып келеді. Оның ішінде ауданда жоба мен жоспар алға басты. Жобалар жемісін беріп, сапалы нысандар бой көтеруде. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, демалыс орындары тұрғындар игілігіне берілуде. Қоғамның тиімді дамуына, ел мен жердің өркендеуіне жол ашатын, бағыт-бағдар беретін тенденция бар. Ол – экономика. Ал аудан экономикасы жыл сайын өрлеп, өңір өркендеу үстінде.

Соңғы жылдары Сыр өңірі, оның ішінде Қазалы ауданы үшін жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды. Аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Сондай-ақ айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асты. Былтыр аудан бюджеті 11 миллиард теңге болып бекітілсе, бүгінде 27 миллиард теңгеге жетті. Бюжеттің мүмкіндігі барлық қажеттілікті қамти алмайтынын білесіз, дегенмен жоғарыда көрсетілген өсім көп шаруаның оңтайлы шешілуіне негіз қалады. Өз кірістерін өткен жылдың бекітілген жоспарынан 1,5 миллиард теңгеге ұлғайтып, 4 миллиард теңге көлемінде орындау межесі қойылған (61,2%).Ауданның барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің орындалуы 100 пайыздан асты. Оның ішінде, негізгі капиталға инвестиция тарту болжамы 26,5 миллиард теңге болып бекітілген. Былтыр тартылған инвестиция 27,3 миллиард теңге немесе 100,6 пайыз. Бюджет қаражаты есебінен 11,9 миллиард теңге, жеке қаражат есебінен 15,4 миллиард теңгеге орындалды. Биылғы инвестиция тарту межесі – 30 миллиард теңге, 6 айда 9,4 миллиард теңге немесе бекітілген бюджеттен 11 есеге өскен. Сонымен бірге, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 16,6 миллиард теңгені құрап, жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 7 есеге өскен.
Жалпы аудан барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындарға тұрақтаған. Әрине, мұндай көрсеткішке қол жеткізудің бастауында тынымсыз еңбек пен ауқымды жұмыс тұрғаны белгілі. Өткен жыл Сыр өңірі, оның ішінде Қазалы ауданы үшін жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды. Аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Сондай-ақ айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асты.
Өткен жылы аудан тұрғындары мен азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, қазан айының соңғы онкүндігінде елдің тұтастығын, береке-бірлігін, ынтымағын ту етіп көтерген тарихи тұлғалар Әйтеке бидің 380 жылдығы мен Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Мерейтой аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен ғылыми-танымдық конференциялар өтті. Сондай-ақ 148 отбасыға жаңа баспана кілті табысталып, 200 адамға арналған «Әмір Арена» спорт кешені мен Кәукей ауылында 100 орындық ауылдық клуб ел игілігіне пайдалануға берілді, Абай ауылы «көгілдір отынға» қосылды. Одан бөлек, ең ауқымды жобаның бірі – Қазалы ауданында бірнеше жылдан бері тоқтап қалған Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы 7 шақырымдық жолға күрделі жөндеу жұмыстары аймақ басшысының қолдауымен қайта жанданды. Жол құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 862 миллион теңге қаржы бөлініп, төрт жолақты жол пайдалануға берілді. Биыл осы жолдың жарықшамдары қосылады.
2024 жылдан бүгінге дейін аудан орталығын абаттандыру мақсатында аудандық бюджет есебінен қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілді. «Қазалы» мәдени-демалыс кешені, орталық алаң, теміржол вокзалы жанындағы Әйтеке би алаңы, Жанқожа батыр көшесінің бойындағы «Руханият» сквері сынды орындар бүгінде аудан халқы мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарына айналды. Аудандағы абаттандыру жұмыстарының ең ауқымдысының бірі – «Қазалы» мәдени-демалыс кешені. Аумағы 20 гектар бұл кешен облыс бойынша ең үлкен саябақтың бірі саналады. Кешен екі бөліктен тұрады: отбасылық демалыс саябағы және «Жеңіс» саябағы. Мәдени-демалыс кешенінде «Даңқ», «Тағзым», «Киелі қазақ елі», «Ғашықтар» аллеялары және отбасылық мейрамханалар мен тамақтану, демалыс орындары, спорт және балалар ойын алаңдары, атракциондар, аквапарк, субұрқақтар, жасанды көлшік сынды тағы басқа нысандар бар. Заманауи талаптарға сай жабдықталған саябақ аудан тұрғындары мен қонақтарының саламатты өмір салтын ұстануына, отбасы мүшелерімен бірге тиімді уақыт өткізуіне мүмкіндік береді. Ал қайта жаңғыртылып, абаттандырылған орталық алаңда балаларға арналған ойын алаңдары, отбасылық тамақтану орындары, заманауи орындықтар мен түрлі жарықшам, керемет субұрқақ орнатылған, әдемі гүлдер, ағаш көшеттері егілген.
Құрылыс жұмыстары да қарқынды. Былтыр халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2 пәтерлік 74 тұрғын үй салынып, 148 пәтер табысталған. Биыл тағы да 2 пәтерлік 50 тұрғын үйдің құрылысы басталып, 100 отбасыға жаңа баспана берілмек. Жыл басында прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілсе, бірнеше жылдан бері құрылысы тоқтап қалған «Қарлан» учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысы да қайта басталды. Қазір Әйтеке би кентіндегі 120 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөнделіп, жанындағы теміржол өткелі де қайта салынып, құрылыс қарқын алған. Бұл нысандарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Әйтеке би кентінде, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені, аудан орталығы мен елді мекендерде демеушілік есебінен спорт және ойын алаңдары салынуда. Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб бой көтеруде.
Мемлекет басшысы өз Жолдауларында ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды екенін атап өтті. Бұл орайда суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту міндеттелген болатын. Ауданда осы су үнемдеу технологиясына басымдық берілуде. Халықты ауызсумен қамту бойынша өткен жылы екі елді мекенге (Ажар, Жұбан) су тұщытқыш қондырғы орнатылды. Биыл Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерінде жұмыс жүргізілуде. Алдағы қыркүйек айында жұмыс аяқталған соң, Қазалы ауданы халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетеді.
Электр энергиясымен қамтуға қатысты айтар болсақ, өткен жылы ауданда 3 жоба жүзеге асты. Биыл Қазалы қаласы мен Қожабақы ауылының электр желілерін жаңартуға қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығындағы жаңадан ашылған кварталдардағы нысандар мен тұрғын үйлерге керекті электр энергиясының қуаттылығын арттыру мақсатында қосалқы стансасының құрылысы басталды. Осылайша биыл тозған желілер 62,5 пайыздан 58 пайызға төмендетілмек.
Аудан тұрғындарын табиғи отынмен қамтамасыз ету жайы қалай? Газбен қамтудың индикаторлық үлесі қала және елді мекендер бөлінісінде 21 пайыз, жеке тұрғын үйлердің 74,4 пайызы газға қосылған (барлығы 15669 үй, 11578 үй газдандырылған). Елді мекендерді газдандыруда 2024 жылдан бері 3 жоба жүзеге асты. Бұған дейін Абай, Ақтан батыр ауылдарына газ желісі тартылып, пайдалануға берілді. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендерінің магистральды газ құбырына қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Биыл аталған 4 ауылға да орамішілік газ жүргізу жұмыстарын жүргізіп, елді мекендерді «көгілдір отынға» қосу жоспарланған. Бұл жұмыстар біткенде елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 73 пайызға жетеді. Одан бөлек, Ақсуат, Байқожа, Өркендеу, Бірлік, Қожабақы және Аранды ауылдарын газдандырудың жоба-сметалық құжаттары әзірленген.
Ауданның коммуналдық меншігінде 375 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы бар. Оның 259,1 шақырымы – асфальт, 82,4 шақырымы – қиыршық тас және 33,5 шақырымы – топырақ. Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі – 91 пайыз. Өткен жылы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қайта жаңғыртуға, күрделі және орташа жөндеуге бюджеттен 1 633,9 миллион теңге қаржы бөлінген. Оған 20,6 шақырым болатын «Бозкөл-Тасарық», «Бекарыстан би-Шөмішкөл» және тағы 224 метр жол, 4,9 шақырымдық 4 көше, Әйтеке би, Жанқожа батыр, Қазалы қаласының 15 көшесі, оған қоса 3,1 шақырым болатын Әбілқайыр хан, Бегім ана, Сырым батыр көшелері күрделі жөндеуден өтіп, 6,16 шақырым болатын 26 көшеге орташа және ағымдағы жөндеу жүргізілді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында барлығы 23 жоба, оның ішінде Әйтеке би кентінен 19 көшені, елді мекендерден 4 көшені орташа және күрделі жөндеу, Қазалы қаласының 10 көшесін қайта жаңғырту, Жанқожа батыр ауылының кіреберіс жолы мен «Әлсейіт» көпірінен бастап Бекарыстан би ауылына дейінгі аралықты күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Аудан орталығының көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолы да тұрғындар жиі көтеретін мәселенің бірі болатын. Өткен жылдан бері Жанқожа батыр көшесі мен Т.Бөріқұлақов және Қ.Пірімов көшелерінің қиылыстарына жол айрықтары салынып, Жанқожа батыр көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолы жаңарды. Қ.Пірімов көшесінен «Қазалы» мәдени-демалыс кешеніне дейін және Р.Бағланова көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынса, Ақарық каналынан аудандық емханаға дейінгі жаяу жүргіншілер жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы салында да атқарылып жатқан ауқымды жұмыс көп. Диқандар биыл 17 445 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде күрішті 5636 гектарға екті. Былтыр 17 029 гектарға егілген егін мерзімінде жиналған болатын. Күріш 6 200 гектарға себіліп, әр гектардан 40,4 центнерден өнім алынып, 26 095 тонна күріш қамбаға құйылды. Бүгінде ауданымызда «РЗА» АҚ, «Рза Агро» ЖШС, «Сыр Маржаны» ЖШС, «Жалаңтөс батыр» ЖШС, «Агро-Өркен» ЖШС, «Ақмаржан» ЖШС, «Jankent Agro» ЖШС, «Алшын» ЖШС және «Береке», «Мерей», «Өте» шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы құрылымдары бар. Өткен жылы ауданнан Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Литва, Нидерланды елдеріне 3579,2 тонна өнім экспортталды. Оның ішінде 1269,1 тонна күріш, 470,7 тонна балық, 1839,4 тонна қамыс сыртқы нарыққа шығарылды. Мал басында да өсім бар. Ауданда 47786 бас ірі қара, 52644 бас жылқы, 13292 бас түйе, 85316 бас уақ мал, 7130 бас құс тіркелген.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласының жай-күйіне келсек, бүгінге дейін ауданда 5273 кәсіпкер тіркеліп, бұл салада 12,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Жыл басынан бері жаңадан 23 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл Бірыңғай жалпыұлттық жобалар пулының Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасына 6,5 миллиард теңгенің 5 ірі жобасы енгізілген. Оның 3-еуі жыл соңында іске қосылмақ.
Қазір жобалар да жоспарға сай жүзеге асырылуда. Мәселен, «Арал Рыбторг» ЖШС-нің «Тауарлы балық өсіру үшін тоған балық шаруашылығының құрылысы» жобасы. Бүгінде кәсіпкерге Басықара ауылдық округінен 464 гектар жер учаскесі табысталып, құрылысы жүргізілуде. Өңірде 2023 жылдан бері агроөнеркәсіп кешенін, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға, кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы басталғаны белгілі. Қазалы ауданында 2023 жылы 484,4 миллион теңгенің 68 жобасы шеңберінде 92 жұмыс орны ашылса, өткен жылы 399,1 миллион теңгеге 63 жоба жүзеге асты. Биыл 835,1 миллион теңгеге 124 жоба аясында жаңадан 135-ке жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласын материалдық-техникалық жағынан қолдау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұған дейін аудандағы Абай, Бозкөл және Кәукей ауылдарында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілсе, биыл аудандық көпбейінді орталық аурухана жанынан 42 төсектік кардиология және инсульт орталығының құрылысы басталды. Жұртшылыққа жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған орталықты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Содан соң онда аудан тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып келген МРТ құрылғысы орнатылып, тиісті мамандардың білімі жетілдірілмек. Соңғы үлгідегі жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі, қазіргі заман талабына сай салынған ғимараттар тұрғындар денсаулығын жақсартуға оң ықпалын тигізбек.
Былтыр аймақ басшысының қолдауымен ауданның денсаулық сақтау мекемелерінің автопаркі жаңартылып, 25 санитарлық автокөлік алынды. Автокөліктер бүгінде халыққа қызмет сапында жүр.
Экономиканың түрлі саласында биыл 1921 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 73 адам мемлекеттік бағдарламалар негізінде қайтарымсыз грант алған, 45 адам әлеуметтік жұмысқа, 72 адам жастар практикасына, 892 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 62 адам «Күміс жас» жобасына, 251 адам «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасына, 66 адам «Ауыл аманаты» жобасына тартылған, 398 адам тұрақты жұмысқа тұрып, 62 адам ұлттық жоба бойынша жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар ауданда 91 (37 мектеп, 1 кешкі мектеп, 50 мектеп дейінгі, 3 қосымша) білім беру ұйымы жұмыс істейді. Өткен жылдың басында Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп, биыл наурыз айында Жанқожа батыр ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ал биыл №234, 70, 88, 95, 98, 216, 165, 249, 266 мектептерді ағымдағы және күрделі жөндеуге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Сонымен бірге, Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектеп ғимаратының қасбетін қаптауға және Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей ауласына ойын алаңын салуға қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілді. Бүгінде аудан мұғалімдерінің ерен еңбегі мен кәсіби ынтасы өз нәтижесін беріп келеді. Өткен оқу жылында 9-сыныпты 1546 оқушы, 11-сыныпты 944 оқушы бітірді. «Үздік аттестат» иегерлері саны 9-сыныптан 220, 11-сыныптан 103 оқушы болса, 100 оқушы «Алтын белгі» алды. Мамыр-шілде аралығындағы ҰБТ-ға 11-сыныпты бітірген 944 оқушының 859-і (91%) қатысты. ҰБТ қортындысы бойынша қазалылық түлектердің орташа балы 83 (2023-2024 оқу жылы 83 бал) болды. Мемлекеттік грант конкурсына құжат қабылдау ауданымызда 13-17 шілде аралығында №249 мектеп-лицей базасында жүргізілді. Конкурсқа 849 түлек құжат тапсырды.
Балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында аудандағы барлық білім ошақтарында жазғы күндізгі лагерьлер, үйірмелер жұмыс істеуде. Маусым айынан «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығы да өз жұмысын бастады. Демалыс лагері жылдағы дәстүрге сай 7 ауысым ұйымдастырып, әр ауысымда 125 оқушыдан, барлығы 900-ге жуық баланы қабылдауда.
Тиісті органдармен бірлесіп «Қауіпсіз жол», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» және суға түсу маусымында балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық қала, кент, ауылдық округтерде күнделікті түнгі және күндізгі рейдтер, түрлі іс-шара үздіксіз жүргізілуде. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қоғамдық орындарда тәртіпті бақылайтын, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 72 бейнебақылау камерасы орнатылған. Аудандық полиция бөлімі ғимаратында бейнебақылау камералары арқылы түрлі құқықбұзушылықты анықтайтын арнайы кіші Жедел басқару орталығы ашылды. Жалпы сала қызметкерлерінің жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарған кешенді шаралардың нәтижесінде ауданымызда қылмыс деңгейі жыл сайын төмендеп келеді. Мәселен, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда биыл қылмыс деңгейі 48-ден 36-ға, яғни 25 пайызға төмендеген. Бұл – жалпы тұрғындардың, оның ішінде жасөспірімдеріміздің қауіпсіздігі үшін бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесі.
Айта кеткен жөн, 2024 жыл аймақ басшысының бастамасымен «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланды. Биыл Наурыз мерекесі қарсаңында ауданға аймақ басшысы, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары арнайы келіп, жұртшылықты мерекемен құттықтады. Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық «Жайлы мектепті» пайдалануға беріп, Ақтан батыр ауылын «көгілдір отынға» қосу іс-шараларына қатысты. Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі қарсаңында аймақ басшысы мен Сенат, Мәжіліс депутаттары және қонақтар Әйтеке би кентіндегі «Қазалы» мәдени-демалыс кешенімен танысып, атқарылған ауқымды жұмыстарға оң бағасын берді. Мереке аясында «Руханият орталығы» ғимараты да пайдалануға берілді. Бүгінде бұл орталыққа неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі біріктірілді. Онда ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталады, өскелең ұрпақ бойына өзі туып-өскен өңір тарихы мен ұлт руханиятын сіңіріледі. «Руханият орталығының» әртүрлі әлеуметтік топтардың қарым-қатынасы мен ықпалдастығын, ұрпақтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудағы, сабақтастықты сақтаудағы орны ерекше. Бір ғимаратта еңбек ететін жастарды, ардагерлер мен ақ жаулықты аналарды, мәдени мекемелерді ортақ іске жұмылдыру жемісін берді.
Өткен жылы аудан орталығында Р.Бағланова атындағы 600 орындық жаңа мәдениет үйі мен Кәукей ауылында 100 орындық ауылдық клуб пайдалануға берілсе, қазір Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб құрылысы жүргізілуде. Атаулы жыл көлемінде мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрді жаңғыртуға, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы 1798 іс-шара өткізілді.
Биыл Бекарыстан бидің 260 жылдығы, Ақтан батырдың 255 жылдығы, ақын-шежіреші Қарасақал Ерімбеттің 175 жылдығы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Қызылорда қаласының астана болғанының 100 жылдығы және тағы басқа мерейтойлық іс-шаралар өткізілуде.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімінің ерекше қолдауымен ауданымызда спорт инфрақұрылымын дамыту жолға қойылды. Нәтижелі жұмыстардың арқасында аудан спортшылары Әлем чемпионаттарында 1 алтын, 4 күміс, 7 қола, Азия чемпионатында 4 алтын, 2 күміс жеңіп алса, Халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарда 28 алтын, 42 күміс, 61 қола медальды қоржынға салды. Өткен жылы Париж олимпиадасында Жұбаназар Абылайхан дзюдо күресінен бақ сынады. Тайландта бокстан әйелдер арасында өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Гүлсая Ержан чемпион атанып, көк туымызды көкте желбіретсе, Катар астанасы Доха қаласында ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жерлесіміз Алтынай Тәңірбергенова 64 келі салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдегер атанды. Жуық арада ғана жерлесіміз Гүлсая Ержан Астанада тұңғыш рет World boxing-тің ұйымдастырған Әлем кубогына қатысты. Зарина Толыбай бокстан 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионатында алтын медальді жеңіп алды.
Иә, ауданда өткен жылдан бері халық игілігі үшін атқарылған жұмыстар легі әлі де жалғасын таппақ. Жыл соңына дейін ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсарта түсу міндеті қойылған. Оның ішінде салық түсімдері көзін табу, инвестиция тарту, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту бар. Тұрғындардың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар бекітілген жоспар, бөлінген қаржы, көрсетілген қолдауға байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Айнұр ӘЛИ
26 тамыз 2025 ж. 120 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031