Экономикада серпін бар
Қоғамның тиімді дамуына, ел мен жердің өркендеуіне жол ашатын, бағыт-бағдар беретін тенденция бар. Ол – экономика. Аймақта бірнеше жүйелі жұмыс атқарылып, көрікті мекенге айналып келеді. Оның ішінде ауданда жоба мен жоспар алға басты. Экономикасы өрлеп, өңір өркендеу үстінде.
«Экономика» сөзінің ішінде ел бойынша атқарылып жатқан бірнеше жұмыстар легі бар. Аймақ немесе аймақтық экономика – «ұлттық экономика» макрожүйесінің ішкі жүйесі. Ал ұлттық экономика – әлемдік экономиканың ішкі жүйесі. Аймақтық даму – бұл өзара байланысты тұрақтылық, пропорционалдылық және әлеуметтік бағдар секілді үш сипаттама мен қасиеттерге негізделген даму. Жекелеген аймақты тиімді түрде дамыту – нарықтық экономикада құндылық жасау арқылы жекелеген факторлар мен әлеуеттерді қолдану. Дегенмен барлық аймаққа ортақ даму стратегиясы болуы мүмкін емес. Өйткені әр аймақтың өзіндік даму шарттары, экономикалық және әлеуметтік әлеуеті ерекше болып келеді. Сондықтан аймақтық экономиканы дамытуда осы факторларды ескерген жөн. Қазақстанның аймақтық саясатының басты міндеті – аймақтың нарықтық экономика жағдайында бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оның өндірістік және ресурстық потенциалын толығымен қолдану арқылы аймақ халқын жұмыспен қамтамасыз ету, өмір сүру деңгейін арттыру.
Статистикалық деректерге сүйенсек, бұрынғыдай емес, қазіргі таңдағы Қазақстан аймақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқындап келеді. Бұл – жекелеген аймақтардың дамуын, халықтың өмір сүру сапасының жоғарылауын, жұмыспен қамтудың артуын, кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюін, ел экономикасының өсуін білдіреді. Жалпы өңірдегі өрісті жұмыстарды саралап көрейік. Қазалы ауданында атқарылып жатқан жағымды жаңалықтар көпшілікті қуантуда.
Соңғы жылдары Сыр өңірі, оның ішінде Қазалы ауданы үшін жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды. Аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Сондай-ақ айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асты. Былтыр аудан бюджеті 11 миллиард теңге болып бекітілсе, бүгінде 27 миллиард теңгеге жетті. Бюжеттің мүмкіндігі барлық қажеттілікті қамти алмайтынын білесіз, дегенмен жоғарыда көрсетілген өсім көп шаруаның оңтайлы шешілуіне негіз қалады. Өз кірістерін өткен жылдың бекітілген жоспарынан 1,5 миллиард теңгеге ұлғайтып, 4 миллиард теңге көлемінде орындау межесі қойылған (61,2%).
Ауданның барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің орындалуы 100 пайыздан асты. Оның ішінде, негізгі капиталға инвестиция тарту болжамы 26,5 ммллмард теңге болып бекітілген. Былтыр тартылған инвестиция 27,3 миллиард теңге немесе 100,6 пайыз. Бюджет қаражаты есебінен 11,9 миллиард теңге, жеке қаражат есебінен 15,4 миллиард теңгеге орындалды. Биылғы инвестиция тарту межесі – 30 миллиард теңге, 6 айда 9,4 миллиард теңге немесе бекітілген бюджеттен 11 есеге өскен. Сонымен бірге, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 16,6 миллиард теңгені құрап, жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 7 есеге өскен.
Айта кеткен жөн, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында Қызылорда облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабек айтқан болатын.
– 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облысымызда өнеркәсіп, инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларында тұрақты өсім байқалды. Облыс кәсіпорындарымен өндірілген өнім көлемі артып, өңдеу өнеркәсібінде 17 пайызға жуық өсім тіркелді. Бұл – металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің ұлғаюымен байланысты. Біз жыл соңына дейін 20-дан астам жобаны жүзеге асырып, 500-ден астам адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл тек жаңа жұмыс орындары емес, сонымен қатар экономиканың сапалы әрі орнықты дамуына қосылған нақты үлес. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары мен тұрғын үй тапсыру көлемі артты. Ауыл шаруашылығында да оң көрсеткіштер бар. Ет, сүт, жұмыртқа өндірісі артып, ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа да бағытталып жатыр. Қазіргі таңда өңірде 60 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Алты айда 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, соның 6 мыңнан астамы – тұрақты, – деді Сәкен Салхадинұлы.
Әрине, бұл – халықтың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар. Сала мамандары өз кезегінде осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыратынын жеткізді.
Айнұр ӘЛИ