Жастар тәрбиесі – ортақ жауапкершілік

Жиынға кеңес төрағасы Қасқырбай Әлімбай жетекшілік етіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Кеңес отырысында Халық мешітінің имамы Бақытжан Бектібайұлы баяндама жасап, қазіргі қоғамдағы жастардың беталысына тоқталды. Олардың бойына имандылық пен адамгершілік дәнін себудің маңызын тілге тиек етті. Ол өз сөзінде соңғы уақытта жастар арасында кең етек алып бара жатқан нашақорлық, есірткіге тәуелділік, жат діни ағымдарға ілесу сынды өзекті түйткілдерге назар аударды.
«Жастарға рухани тәрбие беру – тек мешіттің немесе мектептің міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның, әрбір ересек адамның жауапкершілігі. Ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты сіңіре білсек, адасудан аман алып қаламыз» деді имам.
Кеңес мүшелері де жастар тәрбиесіне қатысты ойларын ортаға салып, ата-ана мен мектептің байланысын күшейту, ардагерлер мен дін өкілдерінің ортақ жұмысын жүйелеу керектігін жеткізді. Әсіресе, тәрбиеге тек ескерту мен жазалау емес, түсіндіру, үлгі болу әдісі арқылы келу маңызды екені айтылды.
Жиын соңында ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қасқырбай Әлімбай:
– Қоғамның тыныштығы, елдің болашағы – жастардың қолында. Оларға бағыт көрсету, дұрыс тәрбие беру – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деп түйіндеді.
Жастар тәрбиесі жайлы қозғалған бұл жиын – қоғам алдындағы маңызды борышты бірге көтеруге шақырған үндеу десе болады.
А. ЖҮСІПОВА