Отбасы – тәрбие бесігі
Бүгін Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі мен Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлесе ұйымдастыруымен «Отбасы – тәрбие бесігі» тақырыбында ардагерлердің жастармен кездесуі өтті.
Кездесуге жастар ұйымдарының өкілдері, «Жастар үйінің» тұрғындары, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері, пробация қызметі есебіндегі жастар қатысты. Келелі жиынды облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы ашып, ұрпақ тәрбиесі, білім беру, дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығының ең өзекті мәселелерін сөз етті. Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мен тәрбиелеу бағытындағы ақыл-кеңестерін айтса, педогогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлима Жақыпқызы білім беру саласындағы тәрбие мәселесі, Отантану, әдебиеттану, саясаттану, мәдениеттану мәселелерін жастардың бойында терең сіңіру мәселелеріне тоқталды. Отбасындағы тәрбие, ата-ананың жанұядағы рөлі, адамның қалыптасуындағы отбасының ықпалы жөнінде философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберліұлы жастарға өз кеңестерімен бөліссе, «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері Бақыт Әбдіғаппарұлы өскелең ұрпақтан күтілетін зор үміт пен қоғамның негізгі күші ретінде жастарға артылатын жауапкершіліктің аражігін ажыратып берді.
Жиында жастарға берілетін тәрбиедегі имандылық пен адамгершілік, еңбекке баулу, зиянды әдеттер мен құмар ойындардан аулақ болу, жастардың денсаулығы мен білім алуы, жас отбасылардың жай-күйі, ажырасу, суицид, ерте жүктілік секілді күн тәртібіндегі тақырыптар талқыланды.
Жастар өкілдері арасынан сөз алған Сыр өңіріне белгілі жас ақын Ақжол Түменбай қазіргі таңда жастар мен аға буын өкілдері арасында сабақтастықтың жоқтығын тілге тиек етті. Алдағы уақытта еркін форматта ардагерлер мен жастардың «Алқа» жиындарын өткізуді ұсынды.
Шара соңында жастарды аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбек даңқы дәстүрінде, ата-бабаның ұлттық салт-дәстүрінде тәрбиелеуге, оларды қазақстандық патриотизм сезіміне баулуға бірлесіп жұмыстар атқару мақсатында Облыстық ардагерлер Кеңесі Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменімен арнайы Меморандумға қол қойды.