Құрылыс қарқыны қуантады
Қазалы ауданы соңғы жылдары құрылыс саласында тың серпінмен дамып келеді. Әлеуметтік нысандардың бой көтеруі, елді мекендердегі инфрақұрылымның жақсаруы – ауданның өсіп-өркендеуінің нақты көрсеткіші. Биыл осы салада бірқатар ірі жобалар жүзеге асып, тұрғындар игілігіне тапсырылған нысандар қатары көбейді. Осы ретте аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айдан Ниязов атқарылып жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат берді. Ол биыл аудан көлемінде бірнеше әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын сәтті аяқтау жолында үлкен ілгерілеу бар екенін атап өтті. Айдан Ниязовтың айтуынша, спорт кешендері, көгілдір отын жеткізу, ауыз су жүйелері және электр желілері сияқты маңызды жобалар уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуда. Бүгінде аудан көлемінде 13 нысанның құрылысы жоспарға енген. Оның жетеуі – 2024 жылдан өтпелі болса, алтауы – жаңа жобалар. Бұл құрылыс нысандарының қатарында әлеуметтік маңызы бар ғимараттар мен инфрақұрылым жобалары бар. Аталған жобаларды жүзеге асыруға 2025 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 6,9 миллиард теңге қаржы қаралды. Ауданның сәулеттік келбетін жаңартып, халық игілігіне қызмет ететін бұл нысандар құрылыс саласының қарқынды дамып жатқанын айғақтайды. Жаңа жобалар аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырып, әлеуметтік-экономикалық өрлеуге серпін беретіні сөзсіз. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып, белгіленген мерзімде ел игілігіне тапсырылмақ.
Ендеше, сол атқарылып жатқан ауқымды жобалар легіне тоқталсақ. Биылғы құрылыс жұмыстары аясында бірқатар ірі жобалар да жүзеге асып жатыр. Солардың бірі – Бекарыстан би ауылындағы спорт кешенінің құрылысы. Бұл нысан 2024 жылдан өтпелі жобалардың қатарында. Жобаның жалпы құны – 429,496 миллион теңге. Құрылысты қаржыландыру «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілуде. 2024-2025 жылдарға жоспарланған жобаға республикалық және облыстық бюджеттен 358,646 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда құрылыс алаңында іргетастың колонналарына бетон құю, 10 кВа электр желісін тарту және ауыз су желісін жүргізу жұмыстары атқарылған. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 40 пайызы орындалды. Жобаны жүзеге асырып жатқан «Жылу ХХІ» ЖШС мердігер мекемесі құрылысты белгіленген мерзімде аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Жаңа спорт кешені ауыл жастары мен тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен айналысуына үлкен мүмкіндік береді.Әйтеке би кентінде қолға алынған тағы бір ірі жоба – тұрғындар игілігіне арналған жаңа спорт кешені. «Жеңіс» саябағы аумағынан салынып жатқан жобаның жалпы құны – 655,492 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. 2024-2025 жылдарға жоспарланған нысанға 378,758 миллион теңге бөлінген. Бүгінде ғимараттың іргетасы құйылып, бірінші қабатының кірпіші қаланып жатыр. Жалпы құрылыс-монтаж жұмыстарының 40 пайызы орындалған. Жобаның мердігері – «Болашақ» ЖШС. Заманауи үлгіде салынып жатқан спорт кешені кент жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, дене шынықтырумен айналысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда.
Құрылыс жұмыстары ауданға қарасты ауылдарда да қарқын алған. Қазіргі таңда Қожабақы ауылында жаңа спорт кешені салынуда. Ауыл жастары үшін маңызды саналатын нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған. Жобаның жалпы құны – 564,206 миллион теңге. Оның ішінде 398,027 миллион теңгесі 2024-2025 жылдарға бөлінген қаржы есебінен игерілуде. Қазіргі таңда іргетасы мен колонналары құйылып, сыртқы қабырғалары 2 метр биіктікке дейін кірпішпен өріліп бітті. Сонымен қатар ішкі қабырғаларды қалау жұмыстары да жүргізілді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының бүгінде 40 пайызы орындалған. Жобаны жүзеге асырып жатқан мердігер мекеме – «Намыс-Құрылыс» ЖШС. Жаңа нысан ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануына, салауатты өмір салтын ұстануына мол мүмкіндік береді.Ауданда тек әлеуметтік немесе инженерлік емес, рухани-мәдени бағыттағы нысандар құрылысына да айрықша көңіл бөлінуде. Бұл – елдің рухани дамуын қамтамасыз етуге жасалған маңызды қадамдардың бірі. Бөлім басшысы Айдан Маратұлы Майдакөл ауылында да құрылыс жұмыстары мардымды жүріп жатқанын жеткізді. Айтуынша, типтік жобадағы 100 орындыққа арналған ауылдық клубтың құрылысы қарқын алған. Ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандыруға бағытталған нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынуда. Жобаның жалпы құны – 557,980 миллион теңге, оның ішінде 2024-2025 жылдарға 359,221 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда іргетасы құйылып, кірпіш қалау, төбе жабынын жабу мен ішкі қабырғаларды сылау жұмыстары толық аяқталған. Сонымен бірге абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 60 пайызы орындалды. Мердігер мекеме – «Намыс-Құрылыс» ЖШС. Құрылыс жұмыстары сәтті аяқталса, клуб ғимараты ауыл тұрғындарының шығармашылық және мәдени шараларды өткізуіне, бос уақыттарын тиімді пайдалануға жаңа серпін бермек.
Ал Әйтеке би кентінен бой көтерген жаңа әкімшілік ғимарат – «Руханият» орталығы – тек мемлекеттік қызмет көрсету орны ғана емес, мәдени, тарихи, рухани құндылықтар тоғысқан кеңістік ретінде қызмет етуге бағытталған. Мұнда түрлі кездесулер, танымдық шаралар, жастар мен зиялы қауым өкілдерінің бас қосуына қолайлы жағдай қарастырылған. Мұндай нысандардың салынуы – ұлттық болмыс пен дәстүрді дәріптеу, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру, елдік сананы қалыптастыру бағытындағы игі бастамалардың нақты көрінісі. Бүгінде ғимарат құрылысы толық аяқталып, маусым айында пайдалануға берілді. Жобаға жалпы құны – 1 822,964 миллион теңге жұмсалды. Ал 2024-2025 жылдары құрылысқа 1 753,589 миллион теңге қаржы қаралды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Асар» ЖШС мердігер мекемесі атқарды.Ауданда көгілдір отынмен қамту жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Елді мекендерді газдандыру бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып, құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Аудан халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бұл бастамалар мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландырылып, жауапты мердігер мекемелер арқылы іске асуда. Ауданға қарасты Ақтан батыр елді мекенінде орамішілік газ желілерінің құрылысы толық аяқталып, тұрғындар 2025 жылдың шілде айынан бастап көгілдір отынға қол жеткізді. Жобаның жалпы құны – 371, 285 миллион теңгені құрады. Ал 2024-2025 жылдары аталған мақсатқа 354,080 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Строительная компания Орда-Құрылыс» ЖШС жауапкершілікпен орындады.
«Жаңа газ желісінің іске қосылуы – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Бұл – отын тасып әуре болмай, өмір сүру деңгейін жеңілдететін үлкен игілік» деген аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айдан Ниязов Ақтан батыр ауылынан бөлек, 3 елді мекенде газ желісін тарту жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.– Бүгінде Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев елді мекендерін газбен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. «Қазалы ауданының елді мекендеріне газ құбырын тарту» жобасының жалпы құны – 3 863,855 миллион теңгені құрайды. 2024–2025 жылдары осы мақсатқа 3 734,181 миллион теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда 50 шақырым жоғары қысымды газ желісі тартылып, құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы орындалған. Ауқымды жобаны «Отау-Строй» ЖШС жүзеге асыруда. Бұл бастама ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, тұрмыстық қолайлылықты жақсартуға бағытталған. Елді мекендерге көгілдір отын жеткізу – инфрақұрылымдық дамудың нақты көрінісі, – дейді бөлім басшысы.
Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – қашан да күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасы мен денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Ауыз су жүйелерінің жаңартылуы, жаңа желілердің тартылуы – ауылдық аймақтардағы әлеуметтік жағдайды жақсартудың басты тетіктері болып табылады. Қазіргі таңда ауданда осы бағытта нақты қадамдар жасалып, бірнеше елді мекенде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатқан бұл жобалар – шалғай ауыл тұрғындарын тіршілік нәрімен тұрақты қамтуға бағытталған ұзақ мерзімді шешімдердің бастамасы.
Биыл Шәкен елді мекенін орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу бағытында жұмыстар бастау алды. Жобаның жалпы құны 389,406 миллион теңге болса, 2025 жылға 353,276 миллион теңге қаржы қаралған. Бүгінгі таңда 8,7 шақырым ауыз су желісі тартылып, 31 темірбетон құдығы орнатылды. Сонымен қатар, 76 үйге сервистік су желісі жеткізіліп, 350 метр тереңдікте 1 дана ұңғыма қазылды. Қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 57 пайызы орындалған. Жобаны жүзеге асырушы – «Дәнекер КС» ЖШС.
Орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы Шитүбек елді мекенінде де жүзеге асуда. Ондағы жобаның жалпы құны – 219,585 миллион теңге, оның ішінде 2025 жылға 204,015 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта 9,9 шақырым ауыз су желісі, сондай-ақ 720 метр ВЛ-0,4 кВ электр желісі тартылды. Елді мекенге 15 текше метр су мұнарасы орнатылды. Сонымен бірге, 29 үйге сервистік су желісі жүргізілді. Қазіргі кезде ауыз су желісін үрлеп тексеру және құбырды дезинфекциялау жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 95 пайызы аяқталды. Жобаның мердігері – «Аңсар-сервис» ЖШС.
Сондай-ақ ауданнан алыста орналасқан Сарбұлақ елді мекенін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы да қарқынды жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 760,961 миллион теңге, оның ішінде 2025 жылға 714,953 миллион теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге дейін елді мекенде 6,3 шақырым ауыз су желісі және 1,2 шақырым ВЛ-0,4 кВ электр желісі тартылды. Сонымен қатар 78 үйге сервистік су желісін жүргізу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Мердігер мекеме – «Ансар-сервис» ЖШС. Жоба аяқталған соң, Сарбұлақ елді мекенінің тұрғындары таза судың игілігін көріп, тұрмыстары жақсара түседі.
«Бұл маңызды инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың сапалы және сенімді ауыз сумен қамтылуына мүмкіндік беріп, елді мекеннің әлеуметтік-инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған» деді бөлім басшысы Айдан Ниязов.
Ауданда құрылыс нысандары көбейген сайын электр қуатына қажеттіліктің туындап жатқаны жасырын емес. Электр энергиясын таратуда тапшылық болмас үшін қосалқы станса салу жоспарға енген-ді. Биыл соның құрылысы бастау алды.
– Әйтеке би кентінде салынып жатқан ПС-35/10 кВ болатын қосалқы стансасының құрылысына 1 416,977 миллионға теңге қаржы қаралған. Ал 2025 жылға республикалық бюджеттен 378,221 миллион теңге бөлінді. Мердігер мекеме – «Энергомера» ЖШС келісімшартқа отырып, қажетті материалдарды құрылыс орнына жеткізіп, жер қазу жұмыстары толық аяқтады. Қосалқы стансаның фундаменттік блоктары орнатылып, құрылыс-монтаж жұмыстарының 25 пайызы орындалды. Бұл жоба ауданның электр жүйесін нығайтып, электр энергиясының сенімділігін арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық шара болып табылады. Құрылыс жұмыстары жоспарлы мерзімде әрі сапалы жүргізілуде, – дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы.
Жасыратыны жоқ, әлеуметтік нысандар – елді мекендердің еңсесін көтеріп, өңірге әр беретін маңызды инфрақұрылымдар болып табылады. Мектеп, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, спорт кешені сияқты нысандардың бой көтеруі – тек сәулеттік келбет қана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруының айғағы. Сондықтан да болар соңғы жылдары ауданда дәл дәл осындай әлеуметтік бағыттағы жобаларға басымдық беріліп келеді. Әйтеке би кенті, Ж.Нұрмұхамедұлы көшесі, 181 мекен-жайында орналасқан Қазалы көпсалалы аудандық ауруханасына жапсарлас салынып жатқан 42 төсектік ғимарат жоғарыдағы сөзіміздің анық дәлелі.
Айдан Маратұлының айтуынша, бұл нысанның жұмысын облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тапсырыс беруші ретінде жүзеге асыруда. Ал жобаның жалпы құны – 1 922,5 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарына 978,2 миллион теңге қаржы бөлініп, құрылыс қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта нысанда жер қазу жұмыстары аяқталып, бірінші қабатының кірпіші қаланып, аралық жабыны жабылды. Екінші қабаттың кірпіш қалау жұмыстары да белсенді түрде жалғасуда. Мердігер мекеме – «СМП-Қызылорда» ЖШС. Жоба толық аяқталғаннан кейін аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарып, емдеу мүмкіндіктері артатын болады. Реконструкция жұмыстары жоспарлы мерзімде әрі сапалы орындалуда.
– Жалпы алғанда, аудандағы құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласында атқарылып жатқан жұмыстар – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жарқын көрінісі. Ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту, газдандыру, спорт кешендері мен мәдени нысандар салу, жаңа қосалқы станса мен денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Бұл – елді мекендердің келешегі кемел, болашағы баянды болуына жасалған инвестиция. Құрылыс жұмыстарында кестеден кешікпеу, сапаны басты назарда ұстау, әрбір жобаны мерзімінде аяқтау – негізгі міндет. Аудан халқы үшін маңызды нысандардың дер кезінде пайдалануға берілуі – жергілікті билік пен құрылыс саласының ортақ жауапкершілігі мен үйлесімді жұмысының нәтижесі. Құрылыс қарқыны бәсеңдемей, ел игілігі үшін жалғаса бермек, – дейді Айдан Ниязов.
Қорыта айтқанда, аудандағы құрылыс саласының қарқыны көңіл қуантады. Жаңа әлеуметтік нысандардың бой көтеруі, инженерлік инфрақұрылым желілерінің тартылуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға едәуір үлес қосары анық. Мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынған жобалар жүйелі жалғасып, ел игілігіне қызмет ете беретініне сенім мол.
Арайлым ЖҮСІПОВА














