Ұршық – ұлттық құндылық

Көшпенді елдің немесе тұрғылықты халықтың негізгі қажеттілігі киім-кешек болса, оны дайындау технологиясында тауар түрлері пайдаланылатындығы белгілі. Тұрмыс тіршілікке төрт түлік малмен тығыз байланысатын қазақ халқында өңдеумен қатар оны іске асырудағы ұршық деп аталатын құралдың маңыздылығы өте жоғары болды. Қарапайым сырт көрінісі көзге айрықша көрінбегенімен атқарар қызметі теңдесіз деуге болады. Күнделікті тұрмыста тұтынатын үй жихаздары мен төсеніштері, түс киіздерді жасау барысында шикізат көздерін алғаш болып өңдеуге осы ұршық құралы пайдалынылады.
Құралдың атқаратын қызметі мен оның жасалу тәсіліне талдау жасар болсақ, оқырман қызығушылығын тудыратыны да анық. Ұршық жүннен шүйкелеп жіп иіруге арналаған құрал. Қазақстан аумағында ұршықты шаруашылық қарекеттерде пайдалану неолит заманынан басталады. Әсіресе, қола дәуіріндегі табылған ескерткіштерден басы арнайы қыштан құйылған ұршық қалдықтары көптеп табылған.
Ежелгі шығыс елдерінде қол ұршығы пайдаланылған. Дәстүрлі қазақ даласында ұршық жүн өнімдерін пайдаланудағы басты еңбек құралдарының бірі болды. Жасалу жолдарына тоқталар болсақ ұршықты ағаш, мүйіз, тас, сүйек сонымен қатар түйе мен өгіздің ортан жілігінің айдар басы, қорғасын сияқты материалдардан жонып жасаған. Ұршық басы дөнгелек немесе жарты шар тәрізді болады, оның ортасына сап өткізетін тесігі орналасады. Сабы ұршық басынан 3-4 сантиметр шығып тұрады, оған жіп жүретін иіретілген ойық жол жасалынады. Кейде басына бір елі қашықтықтан соң мұрындық (ши, шырпы) орналастырылады. Мұрындық немесе иретілген ойық жол жіптің сіргеде біркелкі болып жинақталуына септігін тигізеді. Ұршықпен қап, дағар, алаша, басқұр, терме бау шекпен сынды тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешектерге арнап жіптер тоқылған. Аз жіп иіруге арналған ұршықтың басы жеңіл, сабы қысқа етіп жасалады.
ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында тоқма өндірісінде иіру, ширату және тегістеуіш машиналар қолданыла бастады. Ұршықтың сақиналы, центрифигуралы және тағы басқа түрлері бар. Ұршық табиғи (мақта, жүн, зығыр) және химиялық талшықтарға араналған болып ажыратылады. Ұршық – ұзын, күрделі геометриялық формалы жұқа және иілгіш болат шпиндельден тұрады. Табиғи талшықтарды иіруге арналған сериялы ұршық шпинделінің жоғарғы бөлігіне қағаз патрон немесе ағаш шөлмек кигізіледі. Шөлмекке шуда оралады. Жіп қозғалмайтын сақина бойымен сырғанайтын жүгірткі арқылы ұршыққа келеді. Ұршықтың айналуы кезінде шуда жіп тартылады және жүгірткінің сақина бойымен қозғалуына қамтамасыз етеді. Кейіннен ұршықтың иіру, ширату, екі жіпті орау процестерін біріктіретін иіру-ширату машинасы іске асырылады.
Кілем, корд, арқан жібіне өндіріс кезінде екі рет ширататын ұршық қолдалынылады. Мұндай ұршықтар қарапайым ұршықпен салыстырғанда, құрылымы күрделі және өнім өндіруді екі есеге арттырады. Осындай көне жәдігерлер қатарына еніп келе жатқан ұлттық бұйымдарды насихаттау музей қызметкерлерімен қатар бұқара халықтың міндеті.
Міне дәстүрлі ұлттық құндылықтардың ішінде ұршықтың адам өміріне тигізген пайдасы ұшан теңіз болса, ол ұлттық құндылықтарымыздың бірі болып қала бермек.
Ақзира САРМАНТАЙ,
Ғ. Мұратбаев мемориалдық музейінің
ғылыми қызметкері