Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұршық ұтымдылыққа ұмтылдырады

Ұршық ұтымдылыққа ұмтылдырады

Халқымыздың озық қолданбалы өнер туындысының бірі – ұршық. Өткен ғасырдың соңында есік ашқан буын күрделі процесті қол күші арқылы жүзеге асыратын жауһар туралы жақсы біледі. Өкініштісі, бүгінгі ұрпақ үшін ол бірте-бірте санадан сәулеленіп, мұражайға қойылатын жәдігердің біріне айналып барады. Сан ғасырлар бойы тұрмысты өрістеткен құрал қазақ үшін қастерлі. Сырын тарқатпаққа бекіндік.

Шүйкеленген жүнді немесе матадан жіпселеп суырылған қылшаларды иіріп жіп жасауға арналған жеңіл құрал тарихы тым әріден басталады екен. Археологтар ел аумағында ұршықты шаруашылықта тұтыну сонау неолит заманынан басталғанын айтады. Мағлұматтың шығуына қазба жұмыстарында қолға түскен қола дәуіріне тән бірнеше қыштан құйылған ұршық қалдықтары себеп болғандығы жөнінде «Қазақтың этнографиялық категориялары» атты ғылыми-энциклопедиялық анықтамалықта көрсетілген. Ботай қонысына жүргізілген қазба жұмысы кезінде табылған қыш ұршықтың басы елдің затты мәдени мұрасын толықтырып тұр. Сақ, ғұн, үйсін, алан дәуірлерінде де ұршықтың ұлттық дүниетанымға құрылған әйелдер құралы болғаны туралы затты айғақтар бар.
Қыз жасауы қатарында болған ескі алтын, күміс, қола, тас ұршықтар да ел арасында кездеседі.
Бала күнімде ұршық иіруге талап білдірген жанның бірі біз едік. Әжем Рыскүлдің қолында шыр айналатын құрал епсіздігімізден бе, әлде техникасын дұрыс білмегеннен бе, онша бағына қоймады. Бірнеше рет жібін үзіп алғанымыз да көз алдымда. Жіп иіруді маңдытпасам да, сол кезде мынаны білдім. Аналардың үйленбей жүрген бойдақ балалаларына: «Бір шүйкебасты әкелсейші» дейтіні бар еді ғой. Сол шүйке ұршықтағы түтіліп, иірілуге келген жүн атауы. Есіме түссе күлкім келеді, біздің кішкентайымызда «химканың» «хит» болған тұсындағы қыздар тіпті ұлдардың да қысқадан сәл ұзын, алайда қатты бұйраланған шашы сол шүйкеге қатты ұқсайтын еді.
Ұршықтың негізгі бөлігі – басы туралы атап өттім. Ол ағаш, мүйіз, тас, сүйек, қыш, қорғасын сияқты әртүрлі заттан жасалады. Бастысы, ықшам әрі салмақты болуы керек. Бұл дөңгелек пішіннің дәл ортасында ойығы болады. Ойықтан сап өткізіледі. Сап ұршық басынан жартысүйем көлемінде шығып тұрады. Саптың тұмсығының басын тесіп, иірілген жіпті қозғалтпай ұстап тұратын тиек іспетті кішкентей ағаш мұрындық қойылады. Қазақта қанағаты жоқ адамға «алқымды», «алқымы тоймайды» деген теңеу айтылады. Алқым – ұршықтың иірілген жіп жиналатын тұсы. Оған толған жіпті «бір көз толма» немесе «иірмек» деп атайды.
Ағаш шебері Мейірбек Нұрақын әкесінің ұршық жасағанын жеткізді.
«Қазір кейбір ауыл-аймақтарда болмаса, ұршықтың қадірін білетін адам да қалмады. Көмескіленіп бара жатқан бұйым. Оны жасайтындар бар-жоғын білмеймін. Бізге жеткені өткен аталарымыз бен әкелеріміздің қолтаңбасы. Ұршық жеңіл, қолайлы құрал болғанымен, оның әрбір бөлігінің өз есебі, өлшемі болады. Сондықтан оны математиканы терең меңгерген, күрделі геометриялық формасын білетін адам ғана жасай алады. Егер сабы мен басының қозғалыс үйлесімі дұрыс есептелмесе, ұршық дұрыс айналмай, иірілген жіп ширатылмайды», – дейді ол.
Ұстаның қаупін қалада өскен кейуана жоққа шығарды. Оның пікірінше, ебі бар адамға ештеңе кедергі келтірмейді. Кентте туып-өскен Гүлсім Әдісағи ұршық иіруді игеруде ерте-кеш жоғын айтады.
«Ұршық адамды ептілікке, ширақтық пен салмақтылық, туралық пен дәлдікке шыңдайды. Тігін тігу, құрақ құрау ісіне қызығушылығым бала күнімнен басталған-ды. Сол кезде әр әже білетін өрмек тоқу, киіз басуды көзіміз көріп, көңіліміз сезініп өсті. Ал ұршықты келіншек кезде меңгердім. Марқұм енем өте шебер, ұсынықты кісі еді. Ықылас танытқаныма қуанып, жалықпай үйретті. Кейін өзім де талай қыз-келіншекке атадан келген бұл өнер түрін меңгеруге мұрындық болдым», – деген ол жолдасы, туыстары, төрт баласы, немерелеріне де ұршықтан шыққан жіптен түрлі жылы киімдер тоқып береді. Қолы қалт етсе, өзге әжелер сынды бос уақытын телефонға телміріп өткізбей, «серігімен» жіп иіріп, үйдегі жыртылған киімдер мен бұйымдарды бүтіндеп отыруды әдетке айналдырған. Айтпақшы, «енемнің көзі, аманаты» дейтін ұршық бұл үйдің басты береке белгісіндей бағалы бұйымы.
Гүлсім әжеден ұршық иіру техникасын сұрадық.
«Алдымен жүнді жуып, тазартып, кептіріп, тарау керек. Таралған соң, түйінсіз, біркелкі талшықтарға айналдырылған жүнді ұршыққа орап, айналдыра отырып, жіпке айналдырамыз. Онан кейін «жүн алу» жұмысы басталады. Әлгіндегі жүнді ұршықтың сабына байлап, ұршықты қолмен айналдырамыз. Жүн жіпке айналып, ұршық таяғына оралады. Иірілген жіпті ұршықтан шешіп, домалақ етеміз», – дейді ол.
Этнограф Мырза Несіпқали ұршықтың символдық мәні зорын айтады.
Дәстүртанушы маман ұршық иіру дәстүрі – қазақ ұлтының мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінің маңызды бөлігі екеніне тоқталып, тақырыпқа орай төмендегідей ырым-тыйымдар барымен бөлісті.
«Ұршық – тоқтаусыз өтіп жатқан өмірді бейнелесе, екіншіден, алақұйын мінезді болмысты да білдіреді. Қазақ халқының ұршық иіру кезінде сақтайтын белгілі бір ырым-тыйымдары бар. Мәселен, түнде ұршық иірмейді. Олай етсе, жын-пері оянып кетеді деген сенім бар. Ұршықтың жібі үзілсе, үйдегі береке кетеді деп ойлаған. Таза емес жерде жүн иірсе, жамандық келеді деген сенім болған», – дейді.
Сондай-ақ ертеде тасқын су келе жатқанда, аналар су алдына отыра қалып, ұршықты кері иірген. Дәстүрлі түсінік бұлай етсе, тасқын су басқа арнаға ауысып, не кері тартылады деп ырымдаған. Ұршықты кері иіру жамандық пен бәле-жаланы қайтару мақсатында жасалған. Жаман көзден, жын-періден немесе жаман энергиядан құтылу үшін қолданылған.
Үйдің бір мүшесі қиын жағдайға тап болса немесе тұтқындалса, оны босату үшін де әжелерміз ұршықты кері иірген. Жаман түс көрген жағдайда, сол түсті жою үшін де жасаған.
Ұршық иіру барысында адам бойында физикалық күш реттеліп, есте сақтау қабілетін дамытып, ұйқыны тұрақтандырып, артық салмақтан арылтып, тірек қимыл жүйелері әрекеттері, қан айналымының реттелуіне пайдалы екендігі туралы ғалымдар тұжырымдамасы бар. Ендеше осындай төл өнерді төрге оздырып, мектеп, балабақша бағдарламасына енгізсек, ұтарымыз көп болар еді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

23 наурыз 2025 ж. 261 0