Есен-аман жүрмісің, асыл ана?!
Қ.Пірімов ауылында дүниеге келген жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің қазақ музыкасының дамуына қосқан үлесін сөзбен айтып жеткізуге болмас. Ал ауылға деген сағыныш пен ананың ыстық алақанын аңсаудан туған “Асыл ана” әні тыңдаушы жанды бейжай қалдырған емес.
Мектеп қабырғасында үздіктердің қатарынан табылған Кеңес Дүйсекеев 1964 жылы он бір жылдық оқуын тауысады. Бұдан бұрын сегізінші сыныпта әуенге деген ықыласы оянып, домбыра үйреніп жүрген қатарластарына қосылған. Үйірмеде де өзінің алғырлығы мен құдай берген талантының арқасында қиын күй-жырларды оңай меңгеріп алды. Әкесі дүние салған соң қамқорлығын танытқан ағасы талапты баланы Ахмет Жұбановтың атымен аталатын ғылым академиясына ертіп барады. Бұл кезде Кәкең мектептегі оқуын аяқтаған еді. Келешек композитор А.Жұбановтың қабылдауында болып, білетін күйлерді шертіп береді. Аға алдында өзі шығарған әндерін де орындайды. Кәсіби білімін жетілдірсе, үлкен үміт күтуге болатындығын айтқан Ахмет Жұбанов оның консерваториядан бұрын білімі толық болсын деген оймен училищеге дайындық курсынан өтуге жібереді. Үлкеннің ақылын екі етпейтін жас музыкант училищеде 5 жыл, консерваторияда 5 жыл оқып аяқтағанда, өнердегі қатарластары агроном, инженер сияқты салаларда білікті маман атанып үлгерген еді. К.Дүйсекеев сол сәттерде Алматы мен Қызылорданың арасында сенделген ұлының жағдайы үшін алаңдаған апасының: «Мына жын-перінің оқуын қашан қоясың», – деп ашуланған кездері болғанын айтады.
Он жылдық оқудан соң жас композитордың атын жұрт жақсы тани бастайды. 1979 жылы Алматыдағы Республика сарайында шығармашылық кеші өтті. Концерт басталар алдында апасын ертіп келген Кеңес, залдың орта тұсына отырғызыпты. Сондағы ойы ұлының әні шырқалғанда апасы қандай күйде болады, соны көру еді. Бірақ, ол кісі сезімін сыртқа шығара бермейтін тұйық мінезді екен. Кеш басталған бойда сахнадан «авторы Дүйсекеев» деп әнді хабарлаған жүргізушінің даусы естіледі. Анасының жүзіне тамжылмай қарап отырған К.Дүйсекеев артық қимылды байқамайды. Екінші әні хабарланғанда ғана жан-жағына қарай бастайды. Ал үшінші әннен кейін көз салса, анасының көңіл-күйі көтеріліп, айналасына маңғаздана көз тастап отыр екен. Осыдан-ақ тектілердің анасы да тегін адам болмайтынын аңғаруға болады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ