Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тірлігі қайнаған, ажары жайнаған

Тірлігі қайнаған, ажары жайнаған

Ауылдық жерлер әлеуетін арттыру – мемлекет маңыз берген басты міндет. Бұдан бірнеше жыл бұрын ел алдында ауыл мен қала арысндағы алшақтықты жойып, олардың өркениетін теңестіру мәселесі тұрған болатын. Елді мекендерді экономикалық өсудің жаңа нүктесіне айналдыруды мақсат тұтқан тұжырымдама, мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, нәтижесін берді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында еңсесі тіктеліп, тұрмысы түзелген елді мекендер қатарында Қарашеңгел ауылы да бар.
Аты ауыл демесең, аудан орталығынан айтарлықтай өзгерісі жоқ тіршілігі қайнаған, ажары жайнаған көрікті мекен.

Батыр ауылындағы берекелі бастау
Әйтеке би кентінен шыққан тегіс жол санаулы уақытта біз діттеген жерге жеткізді. «Менмұндалаған» ерліктің символы – батыр дулығасы, қазақтың киесі болған шаңырақ бейнеленген пасорт ауылдың тарихы тым әріде екендігін ұғындарады. Орталық Азияға ортақ тұлға, даңқты қолбасшы, ержүрек ер Жалаңтөс баһадүрдің атымен аталған ауыл өзінің бірнеше буынға жалғасқан ұрпақтарының меншікті мекеніне айналуымен де құнды.
Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында «Қызылту» ұжымшары атанған ауыл төрағасы Қашақбай Пірімовтің бастамасы, тұрғындардың қолдауымен алдыңғылардың бірі болып танк жасау қорына 100 мың сом ақша қосып, көпке үлгі болған-ды. Бермахан Мәшенбаев 100 мың сом, звено жетекшісі Сухан Олжанов 30 мың сом және 400 пұт астық, бригадир Пак Петр 50 мың сом және 250 пұт астықты Отан қорғау қорына қосқан.
Қазақстанға Кореядан келген атақты күрішші, Социалистік Еңбек Ері Петр Пак звеносы 1948 жылы өздеріне бекітілген 5 гектар күріштің әр гектарынан 80,5 центнерден өнім алған.
Дәстүрлі жалғастық бүгін де тінін үзбеген. 1973 – 1997 жылдары сыр салысын егумен белгілі болған істің тізгінін нарықтық кезеңде кәсіпкер Қасқырбай Әлімбаев қолға алып, «Жалаңтөс батыр» атындағы шаруашылық құрылымы жұмысын жүргізген.
Аймаққа белгілі агроқұрылым 2024 жылы 490 гектар жерге күріш дәнін сепкен. 150 гектар жаңа жоңышқа, 400 гектар көне жоңышқа, 50 гектар мақсары орналастырып, баптаған. Сондай-ақ 800 гектар жерден табиғи шөп орып, тұрғындар мен көршілес ауылдар тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз етуге септескен. «Алтын күз-2024» мерекесіне «Жалаңтөс батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «жыл үздігі» деп танылса, атқарушы директоры Абзал Сәрсенов ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасына ие болған. Серіктестік биылғы жылы 450 гектар жерге егіс еккен.
Округе 1294 бас мүйізді ірі қара, 2507 бас уақ мал, 1472 бас жылқы, 101 бас түйе, 200 бас құс өсуде.
Көкөніс, бау-бақша егудің де тұрғындар тәжірибелері мол.
Тәуелсіздікпен түлеген
Тәуелсіздік еншіген тиген 1991 жылы елді мекенге төл аутаулар қайтарылғанда, Қарашеңгел ауылдық округі аталса, 1993 жылы окург орталығына Жалаңтөс батыр есімі беріледі. 1997 жылдың шілдесінде Қарашеңгел, Басықара, Құмжиек үш ауылдық округі біріктіріліп, Құмжиек ауылдық округі әкімі болса, 2000 жылдың сәуір айында Қарашеңгел ауылдық округі болып қайта құрылған.
Түрлі кезең-кезеңде жүзеге асқан бағдарламалар, жарқын жобалармен ажары артып, салтанаты тасыған ауылдардың бірі дәл осы Қарашеңгел ауылдық округі. Округ құрамына Жалаңтөс батыр ауылы, Көбек, Ойынды, Алтай, Шитүбек және Үйрек сынды 6 елді мекен кіреді. Округтегі 347 отбасының 1561 тұрғыны бар.
Тұрғындардың дені тұрақты. Ал олардың қатарын көбейтіп, өзге жерлерден келіп, қоныстанған жастар қатары қалың. Жұмыс іздеп сыртқа сабылғандар саны аз. Оған салмақты себеп те жоқ емес. Тұрғылықты жандарды толғандырған өзекті мәселелер оң шешімін тауып, кем-кетігі бүтінделіп, жоқ-жітігі түгенделген. Халықтың еңсесі тік, ертеңге деген сенімі нық. Көшелері түзу, таза. Жолдар тегіс, жарық. Ғимараттардың дені жаңа.
Мектепке дейінгі тәрбие мен мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеу ісінде ілгерілеушілік бар. Ауылдастар қатарында мемлекеттік грант иегері атанғандар артып келеді. Мұнан өзге салалық жарыстар мен спортық сындарда ауыл түлектерінің бағындырған белесі биік.
Жалаңтөс батыр ауылындағы Қ.Пірімов атындағы №103, 250 орындық, типтік орта мектеп 2010 жылы пайдалануға берілген. 90 орындық №14 «Сәуле» бөбекжай-балабақшасы 2016 жылы бой көтерген. Нысандарда қазіргі талаптардың барлығы ескеріліп жасалған. Балалардың үздіксіз дамуы мен рухани кемелденуіне кедергі жоқ. Үйірмелер, музейлер кабинеті, жабдықталған кабинеттер, спорттық алаңдар сөзіміздің дәлелі.
2014 жылы салынған «Жалаңтөс» дәрігерлік амбулаториясынан тұрғындар қажетті ем-шараларын ала алады. Ауылдық кітапхана тұрақты жұмыс істейді. 2017 жылы салынған 150 орындық жаңа клуб үйінде түрлі шаралар ұйымдастырылады. «Жалаңтөс батыр» мешіті де имандылық мен бірлікке жұмылдыруда жұмыс істеп келеді.
Жаңа №10 су көтеру стансасы, ветеринариялық пункт те қызметімен бірге ауыл көркіне көрік қосып тұр. Автоматтандырылған телефон стансасы қызметіне 132 телефон нүктесімен жалғанса, 100-ден аса үй интернет желісіне қосылған. 2024 жылы облыстық бюджеттен 31,1 миллион, аудандық бюджеттен 8 миллион теңге бөлініп, Жалаңтөс батыр ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы мен ауылдық клуб ғимараттары табиғи газға қосылып, көгілдір отын игілігін көруде.
Үйрек, Шитүбек елді мекендеріне аудандық бюджеттен 14,6 миллион теңгеге қаржы қаралып, түнгі жарық шамдар тартылған. Жергілікті бюджет есебінен Жалаңтөс батыр ауылының орталық алаңы абаттандырылған. Ауыл әкімдігі ғимаратының ауласына брусчатка төселіп, орындықтар, урнасымен және түнгі жарық шамдары орнатылған.
Түн мезгілінде автокөлік жүргізушілерге Жалаңтөс батыр ауылына кіре беріске орналасқан төлқұжатқа күн көзінен қуат алатын түнгі жарық шамдары қойылған.
Ұлттық құндылықтар ошағына айналған мекендегі қоғамдық бірлестіктер де ауыл әкімдігімен бірге белсенді жұмыс істеп, ауызбіршілік пен ынтымақтың өрістеуіне өрнекті үлесін қосуда.
Атқарылар іс ауқымды
Елімізде ауылдарды дамыту бойынша алға қойған жоспарлар жеткілікті.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдама негізінде ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылып, табысын арттыру,агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы да өз тиімділігін көрсетуде. Бағдарлама қолданысқа енгенен бері 8 ауыл азаматы несие алып, жұмысын жүргізген. Өткен жылы 1 адам қайтарымсыз грантқа ие болса, биыл оған ықыластылар қатары 4 -ке артқан.
«2025 жылы Шитүбек елді мекеніндегі 208 миллион теңгеге 26 үйге «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы бойынша сервистік ауыз су жүйесі тартылуда. Ағымдағы жылдың шілде айында толық аяқталады деп күтілуде.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 60 миллион теңгеге жуық төменгі 2,5 проценттік несие алған кәсіпкерлер екі наубайхана, бір кондитерлік цех, бір дизайн орталығы, бір той қызметі, бір егін шаруашылығы және екі ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері құрылып, жеңілдетілген мөлшерде несие алып өз кәсіптерін жүргізуде. Нәтижесінде 11 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді», – дейді Қарашеңгел ауылдық округінің әкімі Шоқан Қожантаев. Бұдан бөлек жыл соңына дейін 2 көше асфальттау жұмыстары жүргізілетінін білдік.
Тағы байқағанымыз, «ауылда мүмкіндік жоқ» деген сыңаржақ қатаң қағидадан тұрғындар түсінігі жырақ. Егін егіп, мал төлдеткеннен өзге, кондитерлік өнімдер пісіру, құрылыс заттарын дайындау, оқу орталығы жұмысын жүргізу, қызмет көрсету ісін ұсыну сынды түрлі ауылдан табыла бермейтін қызмет түрлерін жүргізуді жолға қойған. Үлкендер қатары инфроқұрылым игілігіне разы болса, жастар жағы келешегін дәл осы жермен байланыстарады. 2025 жылдың 18 мамыр күні ауыл әкімінің сайлауында тұрғындар өз таңдауларын жасап, лайықты үміткерді сайлаған. Бұл ертешіл, ертеңшіл елдің бүгінгі беталысы.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
01 шілде 2025 ж. 161 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031