Тіл тазалығын ұлықтап, төл өнерді төрге оздырған

Жаңа нысандар саны жыл санап артуда
Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі аудандағы барлық мәдени-рухани шараларды өткізіп, насихаттауда халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бөлімге қарасты мәдениет Орталығы, 26 кітапхана және кент, қала, ауылдық округтердегі 6 мәдениет үйі мен 17 клуб сынды 50 мекеме бар.
Елімізде мәдениет саласы негізгі ел дамуында басымдық беретін саланың бірегейі. Оған мемлекет тарапынан қарастырылған қамқорлық аясын арттыруда. Ауданда да бұл бағыттағы мекемелер мен орындардың материалдық жағдайы жыл санап жақсарып келеді.
Биылғы жылы материалдық - техникалық базаны нығайтуға аудандық бюджеттен 5500,0 мың теңге бөлінген. Аталмыш қаржы есебінен аудандық мәдениет орталығына дыбыс жазу құрылғысы мен концерттік киімдер сатып алынған.
Аудан бойынша 5 бейімделген клуб ғимараттары бар. Бұл өнер ошақтарының бүгінгі заман талабына сай еместігін аңғартады. Майдакөл, Тасарық, Лақалы, Бірлік, Шәкен елді мекендері тұрғындары тар сахна, суық кешенде өнер көрсетуге мәжбүр болса, Сарбұлақ ауылында клуб ғимараты жоқ. Осы қиындықты еңсеру мақсатында жұмыстар қолға алынған.
Қазалы ауданы әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өткен жылы жылы құрылыс жұмыстары басталған Майдакөл ауылындағы 100 орындық ауылдық клубы ғимараты биылғы жылы пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ мамыр айында пайдалануға беріген «Руханият орталығы» ғимаратына неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар және қоғамдық ұйымдар бас қосатын әр түрлі бағыттағы мекемелер бір орталыққа біріктіріліп, көріктігі мен тиімділігін ұғындырып отыр.
Ауқымды шаралар атқарылуда
Жыл сайын бөлімде әр жылғы идеялық-ақпараттық жұмыстың негізгі басымдықтары анықталып, қоғамдық-саяси маңызы бар іс-шаралар жоспары бекітіледі. Сондай айтуыл даталар Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Қазақ хандығының 560 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы, ақын Ерімбет Көлдейбекұлының туғанына – 175 жыл, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы, Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы, жыршы-термеші Жәмет жыраудың 130 жылдығы, Бекарыстан бидің 260 жылдығы және Ақтан батырдың 255 жылдығы, Тәттімбет Қазанғаптың 210 жылдығы және Президент жарлығы - 2025 жыл Қазақстан Жұмысшы мамандықтар жылына және басқа да шаралар кең көлемде аталып өтілуге жоспар түзіліп, орындалуда.
Соның бірі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Жеңіс» саябағында өткен «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты кең көлемді мәдени шара, жаңа «Руханият орталығының» тұсаукесері – ел руханиятына серпін беретін маңызды қадам.
Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазалы ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ақын, журналист Жұмабек Табынбаевтың 63 жасына арналған «Өмірім-өлеңім» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы, Басықара ауылдық клубының соғысының ардагері Пірназар Мырзатаевтың 105 жылдығына орай «Шырқалсын мәңгі, Жеңістің ән» атты облыстық әншілер байқауы, Лақалы ауылдық клубында «Тілегіміз – бейбіт күн» атты облыстық майдан әндерін орындаушылар байқауы, Ү.Түктібаев ауылдық клубының майдангер ақын Әбдіразақ Қаналиевтің 105 жылдығына орай ұйымдастырған «Айтылар естеліктер мен туралы...» атты облыстық жас жазба ақындар мүшайрасы аудан өнерінің ауқымдылығын анытқатты. Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы, Бекарыстан бидің 260 жылдығы, Ақтан батырдың 255 жылдығы аясында «Туған өңір, тұнған өнер - 3» атты аудан әкімінің жүлдесіне арналған өнер фестивалі де көпшілікі көңілінен табылды.
Үйірменің үйретері көп
Жыл басынан бері 645 түрлі деңгейдегі мәдени іс-шара өткізіліп, оған 50460 көрермен қамтылған. Жоспарланған барлық шаралар жоғары дәрежеде ұйымдастырылды.
Үйірмелердің де үйретері көп. Ауылдық мәдениет Үйлері мен клубтар жанынан барлығы 152 үйірме тұрақты жұмыс істейді. 8халықтық ұжым, терме, би, ән, домбыра, қобыз, драма,ақындар, әжелер ансамблі, вокалдық аспаптар ансамблі, «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауы, №1 және №2 жылжымалы мәдени-демалыс кешендері, «Қазалым – наз әнім» үгіт керуені, қуыршақ балалар театры, «Ақжелең» бишілер, «Сейхун» этно-рок тобы және тағы басқа үйірмелерге жыл ішінде 2000-ға жуық қатысушы қамтылған.
Халықтық атағы бар Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы жанындағы Жәдігер Тұрсынов атындағы халық театры, «Қорқыт сазы» фольклорлық ансамблі, «Мырза» атындағы халық оркестрі, «Әуезовтер отбасы», «Мелодия» орыс ұлттық аспаптар ансамблі, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет Үйі жанындағы халық театры, Әйтеке би кенттік клубы жанындағы «Атамұра» ардагерлер халықтық ансамблі және Қазалы қалалық мәдениет Үйі жанындағы Халық театры бекітілген жоспарға сәйкес ауданымызда ұйымдастырылатын іс-шараларда өнер көрсетіп, халыққа мәдени көпшілік қызмет көрсетіп келеді.
«Адал адам – мәдени-тәрбие орталығы» тұжырымдамасы аясында мәдениет үйлері мен клубтардың «ғимараттарына тақырыпқа сай ішкі және сыртқы безендіру жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге дейін аудандағы 24 мәдениет ошағында тұжырымдаманың 7 бағыты бойынша 645 іс-шара өткізілген. Тұжырымдама шеңберінде биылғы жылы жаңадан ашылған қосымша 4 үйірмеге 28 қатысушы қамтылған.
Маңызды нысандар – мемлекет байлығы
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша 26 кітапхана халыққа рухани қызметімен халық қажеттілігінен табылып келеді.
2025 жылға кітап сатып алуға 1,180 мың теңгеге бөлінген. Нәтижесінде 703 жаңа кітапқа қол жеткізілген.
Қазалы қалалық кітапхана ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмысына 2579,0 мың теңге қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Кітапхана саласы бойынша 2025 жылдың 5 айында 782 шара өткізіліп, 268 көрме ұйымдастырылды. Кітап қоры – 574054, оқырман саны –15445, келуші саны – 136892, кітаптың берілімі –269980.
Қазіргі таңда Қазалы ауданы бойынша мемлекет қорғауына алынған 6 республикалық маңызы бар, 77 жергілікті маңызды ,барлығы 83 тарих және мәдениет ескерткіші тіркелген.
Бүгінгі күнге дейін 83 ескерткіштің 21-нің қорғау аймағы, құрылыс салуды реттеу аймақтары және табиғат ландшафты аймақтары белгіленсе, 70-не қорғау тақталары орнатылып, төлқұжаттары жасалып, теңгерімге алынған.
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Мәдени мұра – мәңгілік қазына» атты аудандық фото-бейне байқауы өткізілген.
Маусым айында Түркі Академиясы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті бірлесіп жүргізіп жатқан Жанкент ортағасырлық қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарына арналған шара өткен. Онда Халықаралық Түркі Академиясының президенті Шахин Мұстафаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Онаева құттықтау сөз сөйлеп, 2023-2025 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары, табылған жәдігерлерден ұйымдастырылған көрме таныстырылған.
2025 жылы аудандық бюджеттен бөлінген 1391,0 мың теңгеге тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғап, сақтау мақсатында 7 ескерткішке қорғау-тақта орнату жоспарланған.
Тіл мәртебесі – ел мәртебесі
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөнінде қаулы бекітілген. Биылғы жылғы тіл саясатын іске асыру мақсатында аудандық бюджеттен 956,0 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес 767,0 мың теңгеге жеке кәсіпкер «Нұр Офис» жеңіп алып, оған 5 аудандық шара өткізу жоспарланған.
Жаппай сауалнама, сұрау жүргізу арқылы нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкіндігі Қазалы ауданының қоғамдық даму бөлімі арқылы екінші жартыжылдықта сауалнама жүргізілген.
Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, қазақ тіліне деген құрметті қалыптастыру мақсатында «Таза тіл» тобының жылдық жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы Заңына енгізілген өзгерістерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындар көп шоғырланған, Әйтеке би кентінің орталық Әйтеке би, Жанқожа батыр, В.Счастнов, Қ.Пірімов көшелері мен базар, вокзал маңындағы дүңгіршектердің жұмысын жүргізіп отырған кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптарын түсіндіріліп, заң өзгерістері талаптары жазылған парақшалар таратылып, әдістемелік көмек көрсетіліп, тілде фискалдық чек шығаратын бақылау-касса машиналарына мониторинг жұмыстары жүргізілген. Түсіндірме жұмыстарында 30 нысанның 7 кәсіпкерлік нысан иелеріне жіберген қателерін жөндеу жөнінде ұсыныс хат беріліп, ескерту жасалған. Нәтижесінде 2-уі түзетілген.
Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығы дайындаған және орталық жанындағы ғылыми-әдістемелік кеңеспен мақұлданған «Ас мәзіріңіз қазақша ма?» атты әдістемелік құрал мейрамхана, дәмхана, асхана және өзге де тамақтану орындарына түсіндіріліп, таратылған.
Халыққа қызмет көрсету орталығы, ауданындағы банк филиалдары мен нотариустар «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Аталған субъектілер өз кезегінде мемлекеттік тілді қатаң басшылыққа алып, жұмыс жасайтындықтарын жеткізген.
Осы орайда бөлім қызметкерлері «Тіл туралы» Заңының 21-бабына енгізілген жаңа өзгерістерге байланысты 2025 жылдың 14 наурызыннан бастап кәсіпкерлер жарнама немесе маңдайша орнатпас бұрын, жергілікті әкімдікке хабарлама беріп, рұқсат алуы тиіс екендігін атап өтті.
Тіл саясатын қолдауға арналған мәдени шаралар да жеткілікті.
Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай оқулары», «Көркем сөз, көрікті ой» атты көркемсөз оқу шеберлері», «Тіл парасат» атты аудандық байқаулары, клубтарда жүзеге асқан «Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір», «Тіл – ұлттық белгі, халықтың мұрасы», «Тіл татулығы – ұлт татулығы», «Тіл – әр ұлттың ең асыл қазынасы», «Тіл татулығы – ұлт татулығы», «Өз тілім – елімнің мерейі», «Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі», «Өссе тілім, мен де бірге өсемін», «Тіл – ұлттың болашаққа бастар бағдар туы», «Мұратқа жеткізуші – ана тіл мен ата дәстүр», «Менің Қазақ тіліме әлем сыйған» атты тақырыптарда таным, әдеби-жыр, поэзия сағаттары, танымдық кештер, кітап көрмелері осының айғағы.
Барлық білім беру ұйымдарында тілдер күніне орай ашық сабақтар, «Тіл шебері»аудандық байқауы, «Тілім барда тірімін мен!» тақырыбында танымал тұлғалардың туған тіліміз туралы айтқан ұлағатты сөздерін бейнежазба, «Тіл-тағылым» айдарымен тіл мәртебесі, сөз өнері туралы оқушылар шығармашылығы ұйымдастырылған.
«Бірлік – Единства» этно-мәдени бірлестігінің бастамасымен «Ынтымақ, бірлік, келісім –ең басты байлық ел үшін» атты құқық қорғау, денсаулық, білім, спорт, мәдениет, халыққа қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін өзге ұлт өкілдерімен дөңгелек үстел өткізілген.
Ономастика саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерге байланысты кент, қала, ауылдық округтері жанындағы жергілікті қоғамдастықтың мүшелерімен кездесіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Әдістемелік ұсыныммен бекітілген «Жер-су атаулары»,«Дәстүрлі атаулар» тізімімен және «Тарихи тұлғалар» тізімін өзектендіру барысында басшылыққа алынатын критерийлері таныстырылған.
«Өркениетті ұлт, тарихымен, өнерімен, мәдениетке қосқан үлесімен бағаланады. Сондықтан тұрғындардың өмір сүру салтында мәдениет пен өнердің қажеттілігі орасан.
Біздің қызметкерлер тіл тазалығын ұлықтап, төл өнердің төрге озып, дәстүрлі даралықты дамытуда ізденісін артыратын рухани әлеует жаршылары.
Уақыт талабына иек артып, қоғамдағы оң өзгерістерді өрістетуде алдағы уақытта да белсенділікпен атсалысатын боламыз», – дейді бөлім меңгерушісі Ғани Хайруллаев.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА