Тігіншілік тек өнер емес, табыс көзі
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп тегін айтылмаса керек. Өңірде істің қиюын келтіріп, кәсібін өрге дөңгелетіп жүргендер қатары аз емес. Бүгін тіршілігін тігінмен тіктеп, оны табыс көзіне айналдырған жандар туралы сөз қозғамақпыз.
Иә, расымен бүгінде кәсіпкерлікті дамытуға қыз-келіншектер де заман көшінен қалмай, барынша үлес қосып келеді. Соның бірі қазалылық Лариса Әбден. Ол құрақ құрап, тігін тігумен айналысады. Бүгінде осы бір кәсібінен нәсіп тауып отырған жайы бар. Лариса бұл кәсіпті 2019 жылы бастағанын айтады. Ал 2020 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың Бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 6% мөлшерлемемен 2 миллион несиенің көмегімен тігінге арналған құрал-жабдықтарға қол жеткізген.
Иә, расымен бүгінде кәсіпкерлікті дамытуға қыз-келіншектер де заман көшінен қалмай, барынша үлес қосып келеді. Соның бірі қазалылық Лариса Әбден. Ол құрақ құрап, тігін тігумен айналысады. Бүгінде осы бір кәсібінен нәсіп тауып отырған жайы бар. Лариса бұл кәсіпті 2019 жылы бастағанын айтады. Ал 2020 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың Бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 6% мөлшерлемемен 2 миллион несиенің көмегімен тігінге арналған құрал-жабдықтарға қол жеткізген.
– Тәуекелге барып, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып несие алдым. Оған қажетті заттарды сатып алдым. Сөйтіп қолымнан келетін істі бірден бастап кеттім. Әрине алғашында «Тапсырыс түспесе ше?» деген сынды қорқыныштар болғанын жасырмаймын. Бірақ бүгінде сол жасаған тәуекелім қайырлы болуда. Шүкір, тапсырыстар жиі түседі. Қазір тек тігінмен емес, терезеге арналған жалюз құрастырумен айналысамын. Оған кейде жолдасым Бақытбек көмектеседі.
Қазіргі таңда көбіне қыз жасауы мен перделерге тапсырыстар қабылдап жатырмын. Айына кем дегенде екі қыз жасауын тігемін. Тапсырыс берушілер дән риза. Жиі рақметін айтып жатады, – дейді ол.
Лариса алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап жүр. Өзімен тілдескенімізде жанына қолынан іс келетін қыз-келіншектерді жиып, ауқымды тапсырыстарға жұмыс жасауды мақсат тұтатынын да айтып қалды.
– Қазір белгілі бір жерді жалға алып, сонда өзім ғана жұмыс жасаудамын. Болашақта бұл кәсіпті үлкейткім келеді. Тігінге икемі бар жандарды жұмыспен қамтып қоймай,ойдағы армандарға бірлесе жетсем деген тілегім бар, – дейді Лариса Өмірзаққызы.
Ал екінші кейіпкеріміз Айгүл Қонысбаева тігіншілікке кішкентайынан әуес болғанын айтады. Уақыт өте келе оның бұл әуесқойлығы өмірлік кәсібіне айналды. Ол 2020 жылы шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған бірнеше «Бастау» бизнес жобасы аясында 530 мың теңге қайтарымсыз несие алып, бүгінде өзінің сүйікті ісімен айналысып отыр. Аталған қаржыға өндірістік тігінге, сондай-ақ матаны торлауға арналған машина, үтіктеуге арналған тақтайша, үтік және тігінге қажетті өзге де заттарды сатып алған.
Он саусағынан өнер тамған шебер бүгінде тігінмен қатар қолөнер бұйымдарын да көпшіліктің назарына ұсынып жүр. Перде тігіп қоймай, моншақтан сөмке, аяқ киім тоқиды. Әзірге соңғыларына жекелеген тапсырыстар болмағанымен, оны нарыққа шығарып, сату жоспарда бар дейді тігінші.
– Иә, моншақтан сөмкелерге әзірге нақты тапсырыс жоқ. Дегенмен келушілер арасында қызығушылық танытқандар жоқ емес. Әсіресе бойжеткен қыздар қызығып, сұрап жатады. Сөмкеге қосымша қазір жас қыздар үшін трендке айналған сәнді тақиялар, шекелік, сондай-ақ, тойға арналған қоржын сынды дүниелерді жиі тігемін. Мұндай бұйымдарды дайындауда екі қызым қолғанат. Екеуінің іс тігуге, қолөнерге икемі бар. Үлкенім алдағы уақытта дизайнер болғысы келеді. Осында жинап жатқан тәжірибесі алдағы арманына сеп болады деп сенемін, – дейді ол.
Айгүлдің осы бір сөзінен қазақ даналығындағы «Алдыңғы дөңгелек қалай жүрсе, соңғы арба да солай жүреді» деген сөз бекер айтылмағандығын ұғындық. Тігіншілермен тілдесе жүріп байқағаным, екеуі де өз жұмысына тыңғылықты. Бізбен сөйлесе отырып-ақ, тыным таппай, бәріне үлгеріп бағуда. Осыдан-ақ олардың тігіншілікті жай хобби емес, тірлігінің тірегіне айналдырғанын аңғаруға болады. Біз де өз кезегімізде табыстың көзін тігіннен тапқан шеберлерге тапсырыс мол болсын дестік.
Арайлым ЖҮСІПОВА