Көне қалашықтан күміс көмбе табылды

Оғыз қағанатына астана болған Жанкент шаһарының жер қойнауынан күміс монеталар аршылып алынды. Бұл Түркі Академиясы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының бірлесе жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі. 2023 жылы басталған қазба жұмыстарын қорытындылаған археологтар қалашыққа келіп, табылған тарихи жәдігерлерді жұртшылықтың назарына ұсынды.
Одан соң, археологиялық зерттеулерге орнатылған арнайы стелла ашылды. Аталған шараға Түркі академиясының президенті Шаһин Мустафаев, Академияның вице-президенті Асхат Кесікбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Майнұр Бөрібаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Онаева, Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, Самарқанд археология институтының маманы Айсұлу Искандерова, сондай-ақ археологтар, ғылыми қызметкерлер, қазба жұмыстарына атсалысқан қазақстандық студенттер, БАҚ өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев қазынаға толы қалашықта жүргізілген қазба жұмыстарына тоқталып, тарихи мұраларды сақтаудың және оны кеңінен насихаттаудың маңызды екендігін атап өтті.
– Жанкент шаһары жай ғана қазынаға толы қалашық емес, X ғасырға дейін Сырдария оғыздары мемлекетінің астанасы ретінде өңір тарихында ерекше орын алған шаһар. Сондай-ақ Еділ-Жайық, Каспий мен Хорезм арасындағы саяси, сауда және мәдени байланысты арттыратын орталықтың бірі болған. Қазба жұмыстарында табылған тарихи олжалар топтамасы Жанкентте орта ғасырларда дамыған қала құрылымы болғанын айқындайды. Археологиялық зерттеу жұмыстары барысында алынған оғыз-қыпшақ мұрасы түркі әлемі мәдениетінің ортақ екендігін көрсетіп отыр, – дейді Шаһин Мұстафаев.
2014 жылдан бастап Жанкентте зерттеу жұмысын жүргізіп жатқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Археология және Этнография» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері ортағасырлық қаладан күні бүгінге дейін біршама құнды жәдігерлер табылып жатқанын жеткізді.
Археологтардың айтуынша, қалашықтан табылған күміс теңгелер IX ғасырға тән. Ал тиындардың қапталында арабша таңбаланған жазулар кездескен. Оғыз дәуіріне жататын бұл теңгелер саудада үлкен рөл атқарғандығын, яғни Жанкеттің Жібек жолы бойындағы ірі сауда және мәдени орталық болғандығын айғақтайды. Ал керамикалық бұйымдар мен қошқар басы бейнесіндегі тұғырлар қолөнердің дамығандығын көрсетсе, темірден жасалған жебе ұштары мен пышақтар қаланың маңызды әскери орталық болғанын дәлелдей түсті.
Қазба жұмыстарына қатысқан Самарқанд археология институытының маманы Айсұлу Искандерова зерттеу барысында бұрын кездеспеген бұйымдармен ұшырасқанын да айтып қалды.

– Үшжылдық жоба аясында 1800 шаршы метр аумақта қазба жұмысын жүргіздік. Бұл бізге хронология бойынша ғана емес, материалдық мәдениет, археоботаника және археозоологияда жаңа үлгілер табуға, тәуір нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Зерттеу кезінде тиындар жиынын таптық. Енді оларды арнайы зертханада тексеріп, олардың күміс не алтын теңгелер екенін ажырататын боламыз. Қазба уақытында өзімізге таңсық дүниелерге де тап болдық. Мәселен, XII-XV ғасырға тиесілі тасжыра, қошқар мүйізді мүсіндер табылды. Әр тұрғын үйдің ішінде мынандай ошақтар бар. Оның қасында құмыралар, көзелер, дастарқандар бар, – дейді ол.
2023 жылдан бастау алған қазба жұмыстары цитадельдің кіреберіс қақпасы мен тұрғын үйлерде, сондай-ақ қаланың шахристан бөлігінде жүргізілген. Бұл зертеу – төменгі Сырдария өңіріндегі ортағасырлық қала типіндегі қоныстардан алынған археологиялық материалдарды жүйелі түрде жинақтап, жіктеу және талдауға мүмкіндік беріп отыр.
Бірқатар ғалымдар ізденісінің нәтижесінде Жанкент қалашығындағы кешенді жұмыстар қорытындыланып, археологиялық қазбаларға арналған арнайы стелла орнатылды. Сонымен қатар қазба алаңының айналасы арнайы қоршауға алынды. Төбесіне қорғаныш жабындысы қойылды. Бұл қазба алаңын ауа-райының қолайсыздығынан қорғауға мүмкіндік береді.
Арайлым ЖҮСІПОВА