Қасым-Жомарт Тоқаев Кения Президентін 1-дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Республикасының Президенті Уильям Рутоны 1-дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Фото: Ақорда
— Қазақстан мен Кения арасындағы әріптестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесіңізге байланысты, құрметті Президент мырза, Сізге 1-дәрежелі «Достық» орденін табыстау мен үшін зор мәртебе. Сіздің еңбегіңіз достықты бейнелейтін осы марапаттың мәнін толық айқындайды. Бұл жоғары награда — Қазақстанның шынайы құрметі мен ризашылығының, сондай-ақ сенім мен өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынастарды дамытуға деген ұстанымының белгісі, — деді Қазақстан Президенті Тәуелсіздік сарайында өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін.
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы барлық халықтың игілігі жолындағы осы ізгі істі ілгерілету үшін алдағы уақытта да күш-жігер біріктіруге дайын екенін баса айтты.
— Құрметті Президент Руто, ең ізгі тілектерім мен шынайы құттықтауымды қабыл алыңыз. Қазақстан Республикасы мен Кения Республикасы арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Кения Республикасының Президенті, аса мәртебелі Уильям Сэмюэл Руто 1-дәрежелі «Достық» орденімен марапатталады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Мен бірлік, өзара құрмет пен ынтымақты бейнелейтін аталған орденмен марапатталғаныма қуаныштымын. Кения жұрты да Қазақстан халқы сияқты үйлесімді өркендеуге ұмтылады. Бұл елдеріміздің достық рухындағы серіктестігін одан әрі нығайтуға жол ашады деп сенемін, – деді Кения Президенті.
Уильям Руто жоғары наградамен марапаттағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Республикасының Президенті Уильям Рутоны Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өткен еді.