Су жағасындағы қауіпсіздік: ереже бұзғандар айыппұл төлей ме?

Жаздың аптап ыстығында су жағасына барып демалу көпшілік үшін қалыпты әдетке айналған. Алайда қауіпсіздік ережелерін сақтамау кейде орны толмас жағдайларға себеп болады. Сондықтан құтқарушылар шомылу маусымында сақтықты ұмытпау керек екенін ескертеді.
Қазақстанда суға кету дерегі 29 пайызға азайды
ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында өткен брифингте Төтенше жағдайларды жою департаменті басқармасының бастығы Магомет Ахриев еліміздегі судағы қауіпсіздікке қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Министрлік мәліметінше, соңғы үш жылда Қазақстандағы су айдындарында адам шығыны 29 пайызға төмендеген. Егер 2023 жылы шомылу маусымында 176 адам суға кетсе, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 125-ке дейін азайған.
Жүргізілген кешенді профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде суға кету оқиғаларының саны жыл сайын азайып келеді. Өткен жылы патрульдеу кезінде 276 адам, оның ішінде 85 бала құтқарылды, – деді Магомет Ахриев.
ТЖМ, ІІМ, жергілікті әкімдіктер мен волонтерлік ұйымдардың бірлесуімен қауіпті аумақтарда 22 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізілген. Сонымен қатар жыл басынан бері 7,5 мың бала жүзу дағдыларына үйретіліп, 95 мыңға жуық жадынама мен брошюра таратылған. Су айдындарының маңына 760 қауіпсіздік белгісі орнатылды.
Жасанды интеллект пен дрондар бақылауға алынды
Биылғы шомылу маусымындағы басты жаңашылдықтардың бірі – цифрлық бақылау жүйелерінің енгізілуі. Қазір Алматы және Қонаев қалаларындағы жағажайларда жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау камералары сынақтан өткізіліп жатыр.
Бұл жүйелер жүзу аймағының шекарасын автоматты түрде анықтайды. Егер адам қауіпті аумаққа өтіп кетсе, сирена автоматты түрде қосылып, кезекші құтқарушыларға дабыл жіберіледі.
Сонымен қатар еліміздің 10 өңірінде жағалау сызықтары құтқару бөлімдерінің диспетчерлік жүйесіне қосылған. Бақылау жұмыстарына сиренасы мен жылу камералары бар дрондар да тартылған.
Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін материалдық-техникалық база да жаңартылып жатыр. Соңғы екі жылда республикалық бюджет есебінен 200 бірлік арнайы техника сатып алынған. Қазір ТЖМ бөлімшелерінің қарамағында 13 мыңнан астам авариялық-құтқару жабдығы және 497 жүзу құралы бар.
Елде 733 жағажай жұмыс істейді
Биыл республика бойынша су айдындарында жаппай демалу, туризм және спорт үшін 733 рұқсат етілген орын белгіленген. Оның ішінде 257 коммуналдық және 433 жекеменшік жағажай бар. Коммуналдық жағажайлар халық үшін тегін жұмыс істейді.

Ал қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін 5 мыңнан астам учаске қауіпті аймақ ретінде танылған.
Шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ТЖМ күзетілмейтін су айдындарында қосымша 168 маусымдық мобильді құтқару бекетін орналастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар халық көп жиналатын демалыс орындарында құтқару станцияларын салу және жабдықтау жұмыстары жалғасуда.
Қауіпсіз демалыс орындары туралы ақпарат әкімдіктердің ресми сайттарында және «2ГАЖ» қосымшасында жарияланып отырады.
Балалардың қауіпсіздігі – басты мәселе
Суға кету деректері азайғанымен, балалар қауіпсіздігі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Кейінгі үш жылда еліміздің су айдындарында 142 бала қаза болған.
Құтқарушылардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруынан болады.
Балаларды су жағасында бір сәтке де жалғыз қалдыруға болмайды. Көп жағдайда қайғылы оқиға бірнеше минуттың ішінде болады, – дейді ТЖМ өкілдері.
Әкімдіктер балаларға арналған арнайы қауіпсіз жағажайларды дайындап жатыр. Онда құтқарушылар шомылу маусымы кезінде балаларды жүзуге үйретеді.
Шомылу кезінде қандай ережелерді сақтау керек?
Мамандар суға тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген жерлерде түсуге кеңес береді. Бейтаныс немесе тексерілмеген су айдындары аса қауіпті болуы мүмкін.
Шомылу үшін таңертеңгі немесе кешкі уақыт қолайлы саналады. Ал су температурасы 17-19 градустан төмен болмауы керек. Суда ұзақ уақыт болу ағзаның тоңуына әкелуі мүмкін болғандықтан, суда 15-20 минуттан артық болмаған жөн.
Құтқарушылар үрлемелі матрас, автокөлік камерасы немесе қолдан жасалған жүзу құралдарына сенбеуге шақырады. Әсіресе жүзуді білмейтін адамдар үшін бұл өте қауіпті. Сондай-ақ катерлер мен қайықтарға жақын жүзуге, айлақтардан суға секіруге және суда қауіпті ойындар ойнауға болмайды.
Жағажайларда алкоголь ішуге және мас күйде суға түсуге қатаң тыйым салынған. Себебі судағы қайғылы жағдайлардың көпшілігі дәл осындай жауапсыз әрекеттерден болады.
Өткен жылдың өзінде судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 5 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. ІІМ мәліметінше, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған жеке тұлғаларға 7 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
ТЖМ азаматтарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, судағы қайғылы жағдайлардың көпшілігінің алдын алуға болады. Ал төтенше жағдай туындаса, 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет.
Айта кетейік, бұған дейін астаналық оқушы су тұтынуды есептейтін платформа әзірлегені жайлы жазған едік.













