Сырдың сыршыл сазгері
Сыр топырағы ғана емес, республика жұртшылығы өмірден ерте кеткен әнші Нәби Аймұратовтың орындауындағы «Гүлім, гүлім, гүлімсің, Арманымсың, жырымсың...» деп басталатын әнді уақытында әншімен қосыла шырқағаны көпке мәлім.
Миллиондардың жүрегін тербеп, ғашықтардың гимніне айналған осынау әннің авторы қазалылық ақын, сазгер Батырхан Нұрымбетов екенін біреу білсе, біреу білмес.
Исі Алашқа «Қазақстаным», «Ән тұмарым-ай», «Қайтейін», «Ақ гүлім» секілді керемет туындысын ұсынған Батырханның тұтас қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалды деуге толық негіз бар.
Айналасына үнемі мейіріммен қарайтын, халқын әсем әуенімен әлдилеген азаматтың өмірден өткеніне биыл бір жыл толды.
Көзі тірісінде сазгердің сырласы болған, айтыскер ақын Ермекбай Ағыраев композитор жайлы былайша толғанады.
– Батырхан, баяғы текті бабалардың үрдісін бойына сақтаған тума талант болатын. Өзі әнші, композитор әрі ақын еді. Осынау өнердің арқасында екеуміздің таныстығымыз басталды. Кейін сонымыз үлкен сыйластыққа ұласты. Кешегі күнге дейін өмірден ағалап өтті. Дүниеден өтем дегенінше халқына елуге жуық ән қалдырды. Оның ішінде махаббат, патриоттық, балаларға арналған әуендерін ерекше айтуға болады. Өмірінің соңғы кездерінде ұстаздық қызметпен айналысып, өнерлі шәкірттер тәрбиелеп өсірді.
Оның «Гүлімсің», «Ән тұмарым-ай», «Неге, неге?», «Қайтейін?», «Айдана», «Ақ гүлім» секілді әндері республикаға танылды. Кейде өзі де: ««Айдана» мен «Ақ гүліміме» ризамын. Бүкіл халықтың тойларын осы екеуі атқарып жүр» деп марқайып қалатын.
Бірде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесін өткізетін болдық. Дәл осы тақырыпқа ән таба алмай тұқырып қалдық. Сол мезетте Батырхан аяқастынан «Жеңешем» деген ән шығарып, екінші дауысқа да келтіріп берді. Өзім сөзін жаздым. Кешегі күнге дейін екеуміздің репертуарымызда жүрді. Ол осындай іскер ұйымдастырушы, сегіз қырлы жігіт еді.
Кейде пендауи тірліктен, адамдардың түсінбеушілігінен шаршаған кезінде экспромт шумақтар мен Омар Хаямның рубайлары секілді жазатыны болатын. Сондай кездердің бірінде:
Уыстап та, түйірлеп, шымшып алып,
Дүние қуып, тірлікте тыншымалық.
Құрсын бәрі!
Бүгін бір тойлайықшы,
Іштегі қатқан шерді бір шығарып, – деп тақпақтай жөнелетін. Тағы бірде:
Өкінермін,
Өртенермін,
Жаным күйіп жылармын,
Жанарымда жібімейтін тұрар мұң.
Сүрінермін,
Жығылармын,
Бәріне де шыдармын.
Бірақ менің жан-дүниемді
бұл өмірде ұғар кім?! – деп төгілдіріп тастайтын.
Өнер жолындағы қарқынына тоқыраңқырап қалып, шығармашылықтан қол үзіңкіреп жүрген сәтінде біздің ауылда «Қанатты жыр, сазды әуен» деген Батырханның шығармашылығына арналған кеш өткіздік. Әдемі бір шара болып, оның жан-жақты қырларын ашуға тырыстық. Сол кездегі ауылдың әкімі Түлкібай деген ағамыз менің қолымнан алып тұрып: «Айналайын Батырханның шығармашылығын біздің Майдакөлде де өткізейікші? «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген. Күнде көріп жүргесін өзіміздің жай Батырхан ғой деуші едік. Осындай азаматтың сан қырын халыққа көрсету керек екен» дегені есімде, – дейді айтыскер ақын Ермекбай Ағыраев.
«Жақсының аты өлмейді» демекші, жуырда сазгердің туған топырағы Ү.Түктібаев ауылында сыршыл сазгерді еске алуға арналған «Ән тұмарым» атты аудандық әншілер байқауы өтті. Айтулы шараға өңірден 20 талапкер қатысты. Оларға Қазақстан авторлық қоғамының мүшесі, сазгер Серік Төлеуов, әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ғалия Оспанова, №98 мектептің мұғалімі Анар Әділова секілді өнер майталмандары қазылық етті.
Күміс көмей әншілер бақ сынаған сайыста Әмір Сариев бас жүлде иеленсе, бірінші орын Рахымжан Мақсатбаевқа бұйырды. Сонымен қатар, Бақдәулет Мақсұтов пен Еркін Нұрабаев секілді талантты жастар екінші орынды қанжығалады. Ал, үшінші орынды Айтолқын Іскендір мен Бақытбек Салжекен иеленді. Осы орайда, басқа да өнерпаздар түрлі номинациялар алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Дарынды сазгердің кешіне «Ақмаржан» шаруа қожалығының төрағасы Мұхтар Тәжімұратов, №88 мектеп директоры Қуандық Қожалепесов және сазгердің сыныптастары демеушілік етті.
Мұнан соң, талантты сазгерді еске алуға арналған шара Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Ерте үзілген ән-ғұмыр» атты ән кешімен жалғасын тапты.
Кешті аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап ашып, өнер иесінің өнегелі жолына тоқталды. Сондай-ақ, сазгер шығармашылығына арналған «Ерте үзілген ән-ғұмыр» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.
Сазгерлікпен қатар, ұстаздық жолда да аянбай тер төккен талант жайлы Қазалы ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Шарафадин Алтынбаев тебірене сөйлеп, өмірден ерте кетсе де үлкен істер тындырғанын айтып өтті.
Еске алу кешінде сазгердің өнер жолындағы жетістігі мен азаматтық болмысы туралы Алға ауылдық округінің әкімі Абдолла Төлемісов, еңбек ардагері Байғабыл Әбсұлтанов өз естеліктерімен бөлісті.
Аудан өнерпаздары ақын, сазгердің әндерін орындап, өлеңдерін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Есет ТАБЫНБАЕВ