"39 балым 24 балл болып шықты": Қызылордада ҰБТ-ның алғашқы күні үлкен даумен басталды

Тест орталығынан көңілі құлазып шыққан түлектердің бірі Данара Омарова. Ол жарықтың жиі сөнгені білгенімізден жаңылдырды деп күйінеді. Көп сұраққа дұрыс жауап бергеніне сенімді болған бойжеткен нәтижені көріп өз көзіне өзі сенбепті.
"Басында санап отырдым, жалпы 39 балл шықты. Оған нақты сенімдімін. Сосын бітіргеннен кейін қарасам 24 балл болып тұр. Оған сенбедім. Шынымды айтсам, жарықтың өшкені қатты әсер етті", – деді мектеп түлегі Данара Омарова.
155 түлектің басым бөлігі сынақтан өте алмай қалған. Мектеп бітірушілердің айтуынша, тестілеуге бөлінген 4 сағатта орталықта жарық үш рет өшкен. Бұл үзілістер оқушылардың көңіл күйі мен зейініне теріс әсер еткенін айтады ата-аналар. Олардың сөзінше, бүкіл қалада жарық бар болғанымен, тек тестілеу орталығында ғана жарықтың өшкені түсініксіз жайт болып отыр.
Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлмейрам Нұрмағамбетова бұл жағдай балаларға кері әсер еткенін айтады.
"Балалар жылап жатқанда ата-аналар шыдай алмай, жан-жаққа тарауға мәжбүр болды. Алайда министрлік бұл жағдай тек 5-9 минутқа ғана созылды деп хабарлап отыр. Бұл шындыққа жанаспайды. Себебі балалар өтірік айтпайды. Бір-екі бала емес, барлығы бұл жағдайдың 25-30 минутқа дейін жалғасқанын айтып отыр", – деді ата-ана Гүлмейрам Нұрмағамбетова.
Орталықтың қызметкерлері ғимараттағы электр желісі құрылғылардың жүктемесін көтере алмады дейді. Сондықтан түлектерге қосымша уақыт берілді деп отыр. Ал бір сөніп, бір қосылған компьютерлер баллды төмендетіп көрсетті деген күмәнді жоққа шығарды.
Ұлттық тестілеу орталығының бас сарапшысы Ақбота Байқоңырова түлектерге берілген 240 минут толық пайдаланылғанын айтып, жарықтың сөніп қалуы айтарлықтай кедергі келтірмеді деген пікір білдірді. Оның айтуынша, электр қуаты екі рет, яғни 9 минутқа және 5 минутқа сөнген. Компьютерлерді қолмен қайта қосуға біраз уақыт кеткенімен, тестілеу үдерісі жалғасқан.
Алайда кейбір ата-аналар мен түлектер бұл ақпаратпен келіспейді. Олардың айтуынша, жарықтың өшуі 25-30 минутқа дейін созылған, ал бұл алғашқы сынақ мүмкіндігінің зая кетуіне себеп болды. Түлектер енді әділдік талап етіп, сынақты қайта тапсыруға мүмкіндік беруді сұрап отыр.
Фото: Видеодан скрин