Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ермекбай АҒЫРАЕВ, ақын, дәстүрлі әнші: «АЙТЫС – ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ӨРІСІ»

Ермекбай АҒЫРАЕВ, ақын, дәстүрлі әнші: «АЙТЫС – ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ӨРІСІ»

«Айтыс» дегенде делебесі қозатын қазақ деген қанымыз бар емес пе? Тегінде бұлбұлдай ән салған, қыран құстай қалықтап, нөсер жауындай төгілген, найзағайдай тік, бұлақтай төгіліп аққан төкпе өнер тек бізде ғана бар. ЮНЕСКО айтыс өнерін тегіннен тегін «мәдени шедевр» деп танымаған да болар. Бүгінде бұл өнердің ізі жалғанып, талай дүлдүлдер додада бақ сынаса, талай шәкірт-ақындар айтыста төбе көрсетіп жүр. Ал сіз қазалылық балалардың өнерін шыңдап, ақындық жолына жөн сілтеп, айтыс әлеміне қанаттандырған Ермекбай Ағыраев жайында білесіз бе? Суырыпсалма ақын, дәстүрлі әнші, айтыс өнерінің жанашырымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

«АЙТЫС – ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ӨРІСІ»

– Аға, сізді «Қазалының Жүрсіні» атанып, өңірдегі ақындық, айтыс өнерінің өркендеуіне атсалысқан жанашыр жан ретінде танимыз. Өткенге сәл шегініс жасасақ. Ақындық жолыңыз қалай басталды? Алғашқы шабытты неден алдыңыз?

– Кәукейде Әуезхан деген ағамыз бар. Жылда дәстүрлі түрде кәукейліктер ауыл жылын өткізеді. Әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындардың қошеметіне бөленетіні бар. Менің әр жерден айтыс ұйымдастырып, балаларды айтыстың қыр-сырына қанықтырып, ақындық қабілетін ашып, аудандық, облыстық сайыстарға апарып жүргенімді естіген сол ауылдың жігіттері хабарласты. Олар осы жылды дәстүрлі түрде өтіп тұратын ауыл жылына айтыс ұйымдастырып беруімді сұрады. Содан ауылға балаларымды алып бардым. Сонда кейбірі «кішкентай балалар ғой, қандай айтыс болсын» деп сенімсіздікпен қараған екен. Алайда шәкірттерім сол айтыста мықты өнер көрсетіп, суырыпсалмалықпен талайын тәнті етті. Халық орнынан тұрып қошемет көрсетті. Сол кезде Әуезхан ағамыздың айтқаны «Жүрсін Ерманның айтысынан артық болмаса, кем болған жоқ. Қандай керемет өнер бұл? Қазекемнің қасиеті балалардың бойына қанмен дарыған екен. Біз тәнті болдық» дегені бар еді. Кейін «Қазалының Жүрсіні» деп аталып кеткенім бар. Мен ақын болайын демедім. Бойымда сондай бір қасиеттер қылаң берді. Ең алғаш «Анаға сағыныш» деген өлең болып туды. Бұл анадан ерте айырылған баланың ішкі жан дүниесінен шыққан сыр мен жыр еді. Өлең аудандық газетте жарияланды. Сол кезде Әмірхан Қараев деген ағамыз өлеңді оқып сүйсінген екен. Мәдениет саласында жүргеннен кейін елге түрлі қонақтар келеді. Бекзат Тәңірбергенов деген көкеміз арнау жазатын еді. Кейін ол кісі бақилық болған соң мен жаздым. Қасымда екі қызым болды. Сырттан келген қонақтары шекараға барып, нанымызды алып, дәнімізді алып, арнауымызды айтып күтіп алатын едік. Бірде Жетіскен Мәкеналиев «Арнауларың сәтті шығады. Соларды жинап жүрсің ба?» деп үлкен ой тастады. Содан бері әрбір жүректен шыққан өлеңдерімді жинай бастадым. Кейін ауылда шығармашылық кешімді өткізетін болдым. Сол кезде Алматыдан Жетіскен ағам кітап қылып шығарып алып келді. Бір күннің ішінде кітаптың тұсау кесерін жасап, өзі сол кешті жүргізді. Ол кісі басшымыз болғанымен ағалы-інідей араластық. Солай бір күнде елдің алдында «ақын» деген атты иеленіп шыға келдік. Одан кейін өлеңді көлемді, күрделі қылып жаза бастадым. Шағын дастандар жазып, шығармаларымды толықтырған соң «Мизамшуақ» деген кітап дүниеге келді. Зейнетке шығатын кезде бірнеше шәкірт тәрбиелеп, оның біразы айтысқа қатысып кетті. Оның ішінен республикалық, халықаралық деңгейдегі айтысқа қатысып жүргендері бар. Мұхаммед Қанапия, Бекзат Әбдіханов сынды шәкірттерім, аты аталмаған өзге де шәкірттерім өз қасиетімен шыңдарды бағындырып жүр. Олардың өнер әлеміндегі ашылған жолдарына сеп болғаныма қуанамын. Олар ұстаз тұтады. «Көке» дейді. Сол зейнетке шыққанда өздерінің ілтипатын білдіріп, менің өлеңдерімді жинап «Ілтипат» атты кітап шығарып әкелді.
– Естуімізше, ақындықтан бөлек домбырада ойнау, суырыпсалмалық қасиет, тіпті суретшілік өнеріңіз де бар екен. Өзіңіз қызмет еткен жылдар мен бойыңызға дарыған өнер жайында тоқталып өтсеңіз. Бала Ермекбай қандай болды?
– Бала күнімде сөп сөйлемейтін тұйық болдым. Кітапқұмар болып өстім. Детектив жанрындағы кітаптарға құмар болдым. Соның арқасында сөздік қорым артып, жүйелі сөйлеуді үйрендім. Кітап оқыған баланың дүниетанымы кеңейеді. Шәкірттерімен «кітап оқы» деп ұдайы айтып отыратынмын. Елдің, жердің тарихын біліңдер деп кітапханаға еріксіз алып баратынмын. Домбыра деген қазақтың керемет, қасиетті аспабы. Ауылда жүргенде мұны онша бағалай білмейсің. Сондау 80-жылдары әскер қатарында болдым. Ауылда өскен бала, орыс тілін білмеймін. Басқа ұлт өкілдері. Тек орыс тілінде сөйлеуің керек. Елді сағынып Сібір жақтарда жүрген кездерде бір күні музыкалық ротадан концерт келді. Гарнизон 4-5 қазақ жігіті болды. Осындайда кездесіп, қазақша сөйлесіп бір рахаттанып қаламыз. Сөйтіп концертте отырсақ, Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар» әні деп хабарлады. Алматының жігіті қолына домбырасын ұстап сахнаға шықты. Сол кездегі домбыраның үні, қазақтың әні әлі күнге дейін құлағымда күмбірлеп тұр. Елге деген сағынышымыз артып, мұрнымызға жусанның иісі келді. Содан бастап домбыраға деген аңсарлық пайда болды. Әскерден келгеннен кейін домбыраны өзім үйрендім. Арманым мықты музыкант болу еді. Орындалмады. Алайда бір ұлым Қызылордадағы «Ақмешіт» ансамблінде халықаралық байқаулардың Гран-приін алды. Қыл қобызда ойнайтын қобызшы. Мектеп кезінде суретші едім. Танымал суретшілердің картиналарына қызығып, акварельмен, қарындашпен сурет салдым. Қабырға газеттеріне суреттер салып жүретінмін. Бірақ бұл өнерді дамыта алмадым. Кіші ұлым кәсіби суретші. Ұлттық музейде өзінің жеке көрмесін өткізді. 90-жылдары ауданда үлкен кеш өтті. Сонда ақындар айтысы болды.Сахнаның сыртында отырып естисің ғой, «былай емес, былай дегеніңде» деп 1-2 шумақ қайырғанда Нұрмаш ағам «сені айтысқа қатыстырайық» деді. Солай сол жерде ойда жоқта айтысқа қатыстырып жіберді. Содан бастап аудандық айтыстарға қатысып жүлделі болып жүрдім. Облыстық байқауға да қатысқаным бар. Бірақ дәстүрлі әндерге құмарлығым басым болды. Оған өзім айтып үйреніп, машықтанып, түрлі облыстық деңгейдегі байқауларды жүлделі оралдым.
– Шәкірт тәрбиелеуде қасиетті сөз сайысына оларды салмас бұрын сынап көретініңізді шәкірттеріңіз жарыса айтады. Өнер жолындағы жеңісіңіз бен жемісіңіз жайында айтсаңыз. Миссия орындалды ма?
– 2015 жылы облыстан оқушылар арасында айтыс өткізіледі деген қатынас келді. Мұхаммед Қанапия деген шәкіртім өлеңді тез жаза қоятын еді. Осы баламның суырыпсалмалық қасиеті бар-ау деп ойладым. Бірден айтысқа барып қатысу оңай емес қой. Алдымен дайындық жасап алайық деп жазғызсам, бірден жаза қояды. Содан бойындағы суырыпсалмалық қасиетін байқаған соң байқауға бардық. Сол жақта жақсы айтысты. Әр жерден келген, айтысып жүрген балалармен айтысып шәкіртім қызыға бастады. Ауылға келген соң «көке, мен жалғыз өзім дайындай алмаймын ғой. Тағы да балалар болса» деді. Содан екеуіміз тағы бала іздеп, Бекзат Әбдіхан, Бекзат Серіков деген балаларды қостық. Одан кейін бала саны көбейе бастады. Өміртай, Сұлтан, Жанұзақ деген балалар айтысқа келді. Балалар айтыс өнеріне құмар болды. Клубка келіп дайындалады да кешкісін үйіме келеді. Содан түннің бір уағына дейін айтысады. Ортаға тақырып тастаймын, сол бойынша, әзіл-қалжын етіп түрлі бағытта айтысатын. Менің жасым келіңкіреп қалған. Ұйқым келсе, балалар қайтқысы келмейді. Сол жерде тарихта болған, өткен оқиғаларды айтып, әңгіме-дүкен құрамыз. «Көке, бүгін үйге барамыз» десе, мен «ертең келіңдер» деймін. Өйткені оларға не айтып беремін деп кітап ақтарып, балаларға жақсы тәлім беретін есті әңгімелерді еске түсіріп дайындалатынмын. Солай тек айтыс өнеріне ғана емес, әрқайсысының адам болып қалыптасуына, тұлға болып өсуіне ықпал еттім ғой деп ойлаймын. Сол балаларым менің атымды шығарды. Облыста «Ермекбайдың балалары» келе жатыр дейді. 4-5 баламды ертіп келемін. 7, 5-сынып оқитын балаларым жүлделерді қанжығаға байлады. Сол кезде Мұхтар Ниязов «Байқайсыңдар ма, осы Ер ағам жасарып келе жатыр. Келесі жылы бірінші класс оқитын бала алып келмесін» деп әзілдегені бар. Балалар жақсы болып ер жетті. Өз жолдарымен бағытын тапты. Сонда шәкірттерім «Көке, қазір бізбен қатарластар, өзімізден үлкендер де өмірден өз орнын таппай жүр. Адасып жүргендері қаншама. Біздің өмірімізге сіз кездестіңіз, өз жолымызды табуымызға сеп болдыңыз. Екі ауыз сөзбен елді қаратсақ, ол сіздің арқаңыз» деген еді. Өмірге босқа келмей, елдің балаларының өнердегі жолына ықпал еткеніме тәубе деймін.

– Ел іші өнер кеніші. Әр жерде булығып өсіп келе жатқан таланттар бар. Айтыңызшы, ат шаптырып, бүкіл қазақ даласына жар салса, айтысқа қамшы салдырмай шабатын қанша ақын жинауға болады?
– Иә, өсіп келе жатқан таланттар өте көп. Олардың бұлақ секілді ашылмай жатқан өнері жер астында қалмаса екен дейсің. Сол бұлақтың көзін ашса, шіркін! Әржерден балалардың өнерін қалыптастыратын үйірмелер ашылса екен деймін. Өнерге деген құлшынысы жоғары балалар өте көп. Қазақ өзі өнерге, өлеңге, шешендік сөзге шебер халық қой. Сондай атадан қалған өнер ұрпағына дарымады дейсіз бе? Дарыды. Алайда сол дарынды, сол қасиетті аша білсек, қамшы салдырмай айтыс десе шаба жөнелетін ақындар көбейер еді. Бекзат Серіков деген шәкіртім жақында өтетін республикалық айтыста өнер көрсетпек. Оның алдында да үлкен додаларға қатысып жүр. Аралда өткен айтысқа қатысып үшінші орын алды. Жансая Мусин, Мұхтар Ниязовтар қатысқан айтысқа қатысып жүлделі болды. Осы айтыс саласына бетбұрды.

– Қазіргі айтыс көңілді көншіте ме? Кімге үміт артасыз, әттеген-ай деген өкінішіңіз бар ма?
– Қазіргі айтыс бұрынғыға қарағанда дамып кетті. Жақсы, мықты ақындар шығуда. Әр адам қалай әртүрлі болғаны секілді, айтыскерлерде де солай. Әрқайсысының өзіндік жолы, шығар биігі бар. Өзінің ақын деген атын алып, қоғамның айнасы болып жүргендер көп. Алайда айтысты бизнес қылып жүргендер де кездеседі. Шәкірттерімді жолықтырған сәт – өмірімдегі ең сәтті қадамым болды. Өнер әлеміндегі менің өсуіме, қалыптасуыма сеп болған өнердегі ағаларыма алғысымды айтамын. Шәкірттерімді «Ермекбайдың еркелері» дейтін еді. Еркін жүреді, ерке, аяғын алшаң басып жүргесін болар. Сол еркелерімнің себебімен халықаралық жыршы-жыраулар, айтыс ақындары одағының облыстық филиалы бар. Сол одақтың мүшелігіне қабылдады.

– Ақын Ермекбай қазір не жазып жүр?
– Зейнет демалысына шыққан соң қазір немерелерімнің ортасындамын. Қызметте жүргенде оқи алмаған кітаптарымды енді парақтап жатқан жайым бар. Шәкірттерім келген сайын кітабын арқалап келеді. Оның үстіне арнайы мөр жасатыпты. Жеке кітапханаңыздың мөрі деп сыйлап, бір қуантып қойды. Қазір шүкір, елде, Сыр елінде өнер жолы жақсы дамыған. Өнерін паш еткен талай дарындарды көріп марқайып, сүйсініп отырамын. Айтыс – ұлттық өнердің өрісі. Мәдениет саласында еңбек еткен жылдарымда сол ұлттық өнерді өлтірмеуге әрекет жасадым. Шәкірт тәрбиеледім. Олардың жеңісі мен жемісін көру мен үшін үлкен бақыт.

– Сүбелі сұхбатыңыз үшін рақмет!

Әңгімелескен Айнұр ӘЛИ


24 мамыр 2025 ж. 33 0

МӘҢГІЛІК МҰРА

24 мамыр 2025 ж. 33

РУХАНИ АЗЫҚ ОРДАСЫ

24 мамыр 2025 ж. 33

Жәнібектің жетістігі

23 мамыр 2025 ж. 88

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031