ҚАМАЛ БҰЗАР ҚЫРЫҚТЫҢ ҚАСИЕТІ

Қазақ халқының қастерлі дәстүрінде 40 саны ерекше мәнге ие екені бәрімізге мәлім. «Қырық үйден тыйым», «Қырық қадам», «Қырық күн» деген секілді қырық санына байланысты ырым – тыйым мен дәстүр бар.
Бала күнімде осы қырық санының дәстүрімізде неге көп айтылатыны мені көп толғандыратын. Бір күні осы туралы әкемнен сұрағанымда былай жауап берді:
– Қызым, саған үнемі айтып отыратын «қызға қырық үйден тыйым» сөзінің мағынасы да осы қырық санынан шыққан. Қырық саны – адамның өмірге келгеннен, арғы өмірге аттанғанша жалғасатын киелі сан. Баланы 40 апта құрсақта көтереді, өмірге келгеніне 40 күн болғанда «қырқынан шығару» дәстүрін жасап, шақалақтың сүйегі қатайғанын күтеді. Осылайша өмір жалғасып, адам есейіп, жылдар өте 40 жыл өмір сүрген адам 40 жасын тойламай, керісінше туған күнінде садақа беріп, сауапты амалдар жасайды. Өмір өте әр адамға берілген дәм – тұзы таусылып, өмірден өткеннен кейін 40 күн өткен соң сол адамға Құран бағышталып, қырық күндік ас береді, осылай бір адамның ғұмыры бір санмен сипатталып, тәмам болады» деп жауап берді. Сол сәттен бастап білгенімді қолданып, әкемнің ар-ұяты «мен» екенімді құлағыма құйып, бойыма сіңірдім.
Қазекемнен қалған әрбір тәмсіл, сөз, ырым мен тыйым үлкен мәнге ие. Оның ішінде осы қырық санының маңызы қандай?
40 саны – қазақ халқында ғана емес, көптеген мәдениет пен дінде ерекше орын алады. Мәселен, дін жолында: Пайғамбар Мұхаммедке уахи (пайғамбарлық) келген кезде 40 жаста болған, Исламда 40 парыз бар, қасиетті кітаптарда нөсер жауын 40 күн жауған делінеді.
Тарих пен өмірде: Ұлы Отан соғысы кезінде 40 – армия, 40 – дивизия сияқты әскери құрылымдар болған.
Ежелгі философияда: Адам ақыл – ойының толысу кезеңі 40 жаспен байланысты деп саналған.
Міне, осындай түрлі танымдар мен аңыз, оқиғалар 40 санының өзіндік маңызға ие екенін, дәстүр мен дінде алар орны бар екенін көрсетеді.
40 – қасиетті, киелі сан. Ол аңыздарда, діни оқиғаларда, халық сенімінде адамның кемелдікке жетуін, толысуын, рухани тазаруын білдіретін үлен ұғым болып қала береді.
Ақбота ҚОЛҒАНАТ,
Қорқыт ата атындағы
ҚУ-дың 1– курс
студенті