«Руханият орталығында» Жаңқожа батырдың қылышы тұр

Жаңқожа батырды оққа байлаған кезде әуелі атын алып кетеді. Одан соң қару-жарағы алынады. Қылышы да олжаға кетіп, әрі қарай Ресей асқан екен. Ал биыл батырдан қалған жәдігер елге оралды. Ақпан айында Жанқожа батырдың қылышын салтанатты түрде Парламент Мәжілісінің депутаттары Ардақ Назаров пен Айдарбек Қожаназаров Ұлттық музей қорына табыстаған еді. Қылыш Украина жерінен табылған. Тапсырушылардың айтуынша, ХІХ ғасыр жәдігеріне жататын қылыш әйгілі қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлына тиесілі. Экспонаттың жалпы сипаттамасы: сәл қисық, бір қырлы жүзі толтырғышсыз. Сабы жоқ. Қылыштың өлшемдері: сабының ұшынан соңына дейінгі ұзындығы – 900 мм, қылыш жүзінің ұзындығы – 830 мм, негізгі жүзінің ені – 33 мм, негізгі иілудегі қылыш жүзінің ені – 28 мм. Ал материал құрамы – болат (Fe).
Оны Ресей ғалымдары арнайы зерттеп, батырға тиесілі екенін дәлелденгені туралы хабар келген. Қылыштың бір бетінде төте жазумен «Созақ, 1845 жыл», ал екінші бетінде «Жанқожа Нұрмұхамедұлы баһадүрге сауғат (сыйлық)» деген жазу бар. Кей ғалымдардың айтуынша, 1845 жылы Созақты қоқандықтардан азат ету кезінде Кенесары Қасымұлы Жанқожа батырға сыйға тартқан екен.
Айнұр ӘЛИ