Жеңіс жауынгеріне құрмет көрсетілді

Жауды жеңуде қайтпас қайсарлық, жауынгерлік рухпен үлгің болған ардагерге аймақ басшысы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты мен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін салтанатпен табыс етті.
Нұрлыбек Мәшбекұлы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге ерекше мән беріліп отырғандығын жеткізіп, қан майданнан аман сау қалған ердің иығына шапан жауып, лайықты құрмет көрсетіп, алғысын жеткізді.
Әйтеке би кентінің тұрғыны Тілеуберген Қазалы ауданының №2 ауылдық кеңесіне қарасты Жамбыл колхозында дүниеге келген. Колхоздың түрлі жұмыстарына бала күннен қолқабыс еткен ол отбасында да соңынан ерген бауырларына қамқор болып, жастайынан жауапкершілік жүгін сезініп өседі.
Ел басына күн туған сындарлы сәтте «Елін қорғау – ердің ісі» деп әскери комиссариатқа өзі сұранып барады.
Оларды мінгізген ағаш вагонды пойыз бірнеше күннен соң Шығыстағы Өзбекстан жеріне келеді. Тәшкент маңындағы Шыршық стансасына жеткізілген жігіттер әскери ұрыс-қимылдар қаруды пайдалану, жедел әрекет жасау сынды сынды әрекеттерді меңгеріп, дайындықтан өтеді. Бір айдан Мәскеу іргесіндегі Смоленск қаласына жеткізіледі.
Алғашқы әсер қарт жауынгердің әлі ойында.
«Жаттығу басқа да, соғыс басқа. Біз жеткенде қала өртке оранған, қанша өлген әскерлер үйіндіге айналған. Қобалжымадым деу өтірік. Алайда жауапкершілік пен мойныңда міндетің бар, өзіңді тез тіктеуіңе тура келеді», – дейді
150-зеңбіректі атқыштар полкінде қолына қару ұстап, майдан даласындағы ұрыстарға енген жауынгер түрді қиян кескі күреспен бетпе бет ұшырасады. Талап сондай. Атқыштар ұрыс даласындағы үнемі алғы шептен табылады. Арада бір жыл өткеннен соң 291-атқыштар полкі құрамына қосылып, Польша, Чехословакия, Белорусьті жау қоршауынан босатады. Саяси маңызды шептерді қорғауда тойтарыс беруге белсенділікпен бой көрсетеді. Жауаптылығы мен ержүректігі ескеріліп, бірнеше рет қиын тапсырмаларды орындауда да қаруластары қатарынан оза шығады.
1943 жылы Кенигсберг қаласына жеткен тәжірибесі толысқан мергендер қызу майданда жаумен ашық айқасқа түседі. Қоршауды бұзып, мыңнан астам фашистің көзін жояды. Қаруластарының қатары азайғанына қарамай, командир бұйрығымен аз күш алға ұмтыла түседі. Сол сәтте снаряд жарқыншағы тиіп, жауырынан қатты жарақаттанады. Үш ай әскери госпильда емделгенімен, оқ ізі әлі күнге денесінде тұр. Жағдайы ескеріліп, соғыстан қайтуға ұйғарым жасалса да, майданға қайта еніп, Калининградты жаудан азат етуге атсалысады. Қатарлары сирегеніне қарамастан, атақты маршал Г.Жуков басшылық ететін 158 гвардиялық полкінің 28-автомат ротасында жау күші басымдығына қарамай, қасқайып қарсы тұрады. Бұл кезеңде атқыш қолынан жарақаттанады.
Ал тарихи оқиға Жеңіс күнін Тілеуберген дәл сол Берлинде қарсы алады.
Ерлігі ескеріліп, Бас қолбасшы И.В.Сталиннің Алғыс хаты, «Кинигсверг қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен наградталады.
Соғыс біткен соң неміс-фашист тұтқындарын күзетуге қалдырылады. Екі жылдан соң елге оралып, теміржол бойындағы әскерилендірілген күзет мекемесіне күзетші болып орналасады. Осы орында он жыл жақсы жұмыс істейді. 1958 жылы «ПМК-86-ға» ауысады. Құрылыс мекемесінде ауыр техникаларды тізгіндеп, зейнетке шығады.
Қос ғасыр куәгері әлі тың. Ұзақ жасауының сырын адал еңбекті серік еткенімен байланыстырады. Қызы Марал Дүзбай әрқашан осыны кейінгі буынға сіңіруден жалықпайтынын жеткізді.
Соғыс туралы сұрағанымызда: «Соғыс – әсерлі әңгіме емес, зұлмат. Әрбір ашық аспан астында арайлап атқан таң, еңбекке ұмтылған жас, сәбидің қамсыз күлкісі – бағалануға лайық бақыт. Төл тұмарларың Тәуелсіздікті сақтап, бағалап, қастерлеңдер», – деген аталық ақылын айтады.
Айта кетерлігі, облыс бойынша Жеңіс күнін атап өтудің іс-шаралар жоспары бекітілген. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, оларға теңестірілген ардагерлер мен соғыс жылдары кемінде алты ай еңбек еткен тыл ардагерлеріне төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері жыл сайын артуда келеді. Облыстағы екі Ұлы отан соғысы ардагеріне Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында 5 миллион теңге берілсе, тыл еңбеккерлері, ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер мен мүгедектерінің төлемі 40 айлық есептік көрсеткіштен 50 айлық есептік көрсеткішке ұлғайған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА