Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Отаныңа қызмет ет!

Отаныңа қызмет ет!

Отаныңа қызмет ет, Қызмет ет Отанға!
Осы менің бұйрығым да, осы менің батам да.
Қатардағы солдат болу – жүру емес қатарда
Қатарды құр көбейткеннің қатарынан атанба!
– деп басталатын Кеңшілік ақынның өлеңі бар. Қазір қатардағылардың қатарынан табылуға ұмтылмайтындарға мемлекет маңыз беруде. Себеп не? Салдар қайсы?

Көш жүре түзеле ме?

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстан Қарулы Күштер қатарын 35 мың жас толықтырады. Көктемгі, күзгі шақыртуда қатарға қосылуды қалағандардан гөрі, ебін тауып, елеусіз қалуды жөн санайтындар кемімей келеді. Сарапшылардың айтуына қарағанда, халықтың әскерге деген бетбұрысы біртіндеп түзеліп келе жатыр. Сөзімізге ілгері жылжыған сандар куә.
Салдармен күресу қажет

«Әскердегі әлімжеттікті жоққа шығара алмаймыз. Оны түп-тамырымен жою да мүмкін емес. «Ер шекіспей, бекіспейді» деген мақал бар. Көп жағдайда осындай ауыр жағдайларға өзін төменгі орынға қоятын көнбіс немесе асыра өбектей беретін отбасы балалары, денсаулығында ақаулы азаматтар тап болып жатыр. Бұл орайда себептен гөрі салдармен күресу оңтайлығын тәжірибе көрсетіп келеді. Сондықтан ер азамат тәрбиесімен, әскери өмірге деген толыққанды көзқарасты ертеден сезінуімен терең айналысу қажет Сондай-ақ әлеуметтік желіге де белгілі дәрежеде тоқтам болмаса, көзқарас жақын арада түзелмесі анық», – дейді ардагер ұстаз Жанайым Ербатыр.

Текке күдіктеніппін

«Әскерге ұлымды шақырғанда уайымдаған ананың бірі менмін. Себеп те жоқ емес. Күн сайын түрлі жағымсыз деректерді естіп, «жаға ұстайсың». Ойымды өзгертуіме жолдасымның: «Елін қорғау – ердің міндеті. Соғыс басталса, ұлыңды үйде ұстап отырасың ба? Көрсін, білсін, ширасын», – дегені тәуекел етуімізге түрткі болды. Шүкір, борышын өтеп келді. Көп өзгергенін байқадым. Ұлыммен мақтанамын», – дейді Сәлима Ақниет.
Қорғаныс саласының маманы Мейрамбек Нұрқанаттың айтуынша, әскерге ша-қырудан босату немесе шақыруды уақытша кейінге қалдыру бойынша өтінім бергендер бар.
Маманнан қандай адамдар босатылатыны туралы сұрадық.
«Заң бойынша, медициналық тексеріс қорытындысымен денсаулық жағдайы жарамсыздар босатылады. Кейбірі емдеу орындарына жіберіледі. Ондайда олар уақытша кейінге қалдыралады.
Ал кейінге қалдырылатындар қатарында жоғары немесе арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитындар, заңды діни қызметкерлер де бар», – дейді.
Әскери оқу орындарының түлектері, белгілі ғылыми атағы бар азаматтар, жақын бауыры әскери қызметті өткеру кезінде қайтыс болған немесе мүгедек болып оралғандарға әскери қызметті өтеу міндеттелмейді. Балалы болған жас отбасы асыраушысы да, сонымен бірге жауапкершілігінде жүріп-тұруы қиын ата-анасы бар азаматтар да «борыштан» босатылады.
Депутаттар, ұстаздар, медицина салаларының өкілдер де өтініштерімен кейінге қала алады.
Бірнеше жылдан бері әскери міндетті ақылы орындау ісі де қолға алынды. Қысқа мерзімді курсқа ықыластылар әскери қызметтің баламалы түрін меңгеру үшін өз қаражаттары есебінен қаржы төлеуге міндетті.

Айыппұл айыптыларды азайта ма?

Соңғы жылдары әскерге асықпағанға қарсы амалдар жүзеге асуда. Өзге тәжірибелерде сынақтан өткен тетік, бір жағынан, жастар жауапкершілігін сенінуге жетелесе, екіншіден, ел қаражатын толықтыруға септесіп келеді.
Қолданыстағы заң бойынша, шақырту қолына тиген Қазақстан азаматы тиісті орынға бармаса, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Аталмыш кодексте хабарды тиісті орынға тиісті уақытта хабарлауға бөгесін болғандар да айыпқа тартылып, шығын өтеуге міндеттелген.
Қазір әскерге барудан бас тартқандар 1 000 айлық есептік көрсеткіш өтем төлейді немесе бір жыл бас бостандығынан айырылады.
Жауапты жасты жалған мәліметпен денсаулығында кінәрат бар деп көрсеткендермен күрес қатаңдаған. Ондай азаматтар не мамандарға 3 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, 3 жыл бас бостандығынан айырылу жазасы қаралған.
Шақырту мерзініде міндеттілерді кез келген орыннан алып кетуге мүмкіндік берілген. Бұл бағытта ҚР Қорғаныс министрлігі онлайн платформаны да қосымша іске қосты. Заманауи мүмкіндік құралы арқылы шақырылушыны табу, бақылау әлдеқайда оңайға соғады.
Жыл басында «Zakon.kz» ақпараттық арнасы ҚР Қорғаныс министрлігі мемлекет басшысының запасқа шығару және мерзімді әскери қызметке шақыру туралы жарлығы шыққанын мәлімдеді.
Мақалада елімізде әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойылғандығы айтылған.
2025 жылы әскерге шақыру жасындағы 42000-нан астам азамат шақырылуға жататынын жеткізілген.
Жаңа өзгерістерге орай, әскерге шақырылушыларды хабардар ету шақыру қағаздары мен SMS-хабарламалар арқылы жүзеге асырылуда.
Әскери қызмет өткеру кезеңінде сарбаздар түгелдей тамақпен, заттай мүлікпен, жеке гигиена құралдары және ай сайынғы ақшалай үлеспен қамтамасыз етілетіні, медициналық қызметтер ала алатыны және пошта жөнелтілімдері үшін өтемақы төленетіні айтылған.
Салалық министрлік деректеріне жүгінсек, мерзімді қызметтегі әскерилерге түрлі жеңілдіктер қамтылған. Мәселен, мерзімді қызмет өткерудің барлық уақытына және запасқа шығарылғаннан кейін 60 күнге несиелік демалыс беріледі.
Қызмет өтеушілер ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай, еліміздің жоғары оқу орындарында тегін немесе ақылы білім ала алады.
Сұранысқа ие жұмысшы мамандығы бойынша мемлекеттік үлгідегі куәлік ала алады. Запасқа шығарылғаннан кейін де жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар.

«Борыштан» қашу – бөріктіге сын

«Фин жерімен шекаралас орында жаяу әскер болып, Отан алдындағы борышымды өтедім.
Өз басым әскерге сұранып кеттім. Өзімнен бұрынғы екі ағам да ауылшаруашылығы саласында жұмыс істеді.
Менің ағам бір жыл бұрын теңіз флотына алынды. Сол жолы бізді аудан орталығындағы теміржолшылар клуыбына жинап, жиналыс жасады. Қарасам, әскерге шақырылғандар қатарында жоқпын. Сол күні бірге келген ауылдастарымнан қалып қойып, әскери комиссариатқа бардым.
Анықтасам, жылдың соңында туғаным шақырылмауыма себеп болып тұр екен. Мекеме бастығына кіріп, өтініш айтып, мән-жайды түсіндірдім. Оқуға деген ықыластылығымды байқаған басшы қызметкерін шақыртып, мені жөнелтудің жолын табуға тапсырма берді. Бірер күнде жолдама қолыма тиіп, әскерге аттандым. Менің олжам – орыс тілін меңгеруім болды. Келіп, оқуға түстім. Қазір әскерге барғандарды ынталандыратын түрлі жағдайлар жасалып жатқанын естиміз. Борыштан қашу – бөріктіге сын дер едім балаларыма», – дейді еңбек ардагері Есіркеп Нұр.

Міндет әрі мүмкіндік

«Жақында ««Набат» операциясы» деген киноны көріп, ерекше тебіреністе болдым. Әскерге барған азаматтың бірі менмін. Қиындық көрмедік, бәрі мінсіз деуден аулақпын. Мен оралған 5 жылдан бері де бірталай оң өзгерістер орын алды. Оны жоққа шығармау керек. Өкініштісі, біздің әскерлердің жетістігі мен жемісті жұмыстары салалық жетістік деңгейінде ғана қалып келеді. Егер жоғарыда аталған кино сынды идеологиялық құралдарды жетілдіруде шынайылық нысанаға алынса, жалтаратындар қатары кемитіні сөзсіз.
Сондай-ақ айтарым, біздің бәрімізді әскерге барған әке тәрбиеледі. Ол көрді, сезінді, сараптады. Ал өзі жауапкершіліктен қашып жүрген адам қалай ұрпағына ел туралы әңгіме айтатыны маған қызық. Салдарынан боркемік, болмашыға сына беретін буын өсіп келеді. Бұған армияға бармауымыз тікелей себепші.
Өз басым, жаманығын көрген жоқпын. Өмірге бейімелдім. Кез-келген жағдайда жол табуға дағдыландым. Менің ойымша, әскерге бару – міндет әрі мүмкіндік. Оны барлық азамат сезінсе екен», – дейді Азамат Нұрдәулет.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
09 мамыр 2025 ж. 64 0

Отаныңа қызмет ет!

09 мамыр 2025 ж. 65

Қимылдаған, қыр асады

08 мамыр 2025 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031