Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Борышын өтемеу – бөріктіге сын

Борышын өтемеу – бөріктіге сын

Әскер – ер-азамат үшін өмір мектебі. Алайда әр тәуліктің әр сағаты күні бұрын жоспарланатын нарық заманында көпшілік бұл пікірді аса қуаттай қоймайды. Сондықтан да болса керек, тепсе темір үзетін жігіттердің дені жердің шетінде, желдің өтінде Отанға адал қызмет етудің орнына әскерге бармаудың түрлі жолын қарастырып жатады. Президент пәрмен берді. Енді жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру үшін түрлі шаралар қолға алынады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында қозғады.
Ол өз сөзінде: «Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек», – деді.
Қаңтардың басында елдің біраз аумағын шарпыған дүрбелең Қазақстанның қорғаныс, қауіпсіздік саласына түбегейлі реформалар қажет екенін көрсетті. Мемлекет басшысы құқық қорғау, ұлттық қауіпсіздік органдары мен Қарулы Күштердің жұмысын қайта құру керек екенін айтқан еді. Ал мұның артында жастардың әскерге баруы міндеттеліп тұр. Яғни енді барлығы бұрынғыша болмайды. Осы ретте аудандағы әскери борышын өтеген, билеттің бейнетін емес, зейнетін көріп жүрген азаматтардың пікіріне құлақ түрдік. Ең әуелі Қазалы аудандық қорғаныс істер бөлімінің бастығы Қуат Ысқақовтан жергілікті жердің жастары әскерге баруға қаншалықты қауқарлы екенін білуге ден қойдық.
– Егемен елдің болашағы жастардың қолында екенін ескерсек, бүгінгі өр ұландар туған жердің ертеңіне алаңдап, аянбай тер төгуі қажет. Әлемдік аренада мемлекеттің мықтылығы ғылым, спорт, мәдениет және экономикада ғана емес, сонымен қатар абырой мен айбынды асыратын әскер құрамының да орны бөлек. Себебі елдің беріктігі мен халықтың тыныштығын күзететін қорғаныс күштерінің мықтылығы өте маңызды. ҚР Қарулы Күштері жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі жастардың әскери қызмет атқаруы міндеттелгенін ескерсек, аудан жыл сайын 100 проценттік көрсеткіш көрсетіп келеді. Бұл барлығы бірдей аттанып жатыр дегенге келмес. Оның ішінде, құлшынып барғысы келетіндердің әлеуметтік жағдайы, не денсаулығы кедергі келтіреді. Осылай бара алмай қалып жатады. Жалпы көрсеткішіміз жаман емес. Ал оларға әскери өмірді насихаттау үшін түрлі шаралар өтіп жатыр. Кездесулер болып, жан-жақты тарту жұмыстары жүруде, – дейді ол.
Қазір көп жастар: «Әскерге барсам 1 жыл уақытым құр кетеді. Одан қалды ауылға келгенде әскери билет жайына қалады. Уақыты келгенде сатып аламын. Есесіне кәсіп бастағаным жөн» деген пасық ойдан арыла алмай келеді. Ебін тауып, ол өмірге бас сұғудан бас тартады. Бір әттеген-айы, олардың көбі ел үшін емес, қара басының қамын ойлап аттанып жатқан секілді. Неге десеңіз, қазіргі таңда әскери билеті жоқ азаматтар ҰҚК, ІІМ-ге жұмысқа орналаса алмайды. Осы орайда әскери борышын түрліше өтеп, әскери билет алып жүргендерді көз көрді. Алайда ауданда азаматтық борышын өтеп, артынша әскери билетпен жұмыс жасап жатқандар жоқ емес. Соның бірі – Қазалы аудандық №9 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушы Бекзат Мирамғазы.
– 2016 жылдың аяғында әскерден шақырту келді. Қойылған талаптардан өтіп, әскерге аттанып кеттім. Осылайша бір жыл борышымды Павлодар қаласында 6679 әскери бөлімінде 2-ші атқыштар ротасында өтедім. Несін жасырайын, елге оралған соң бірден жұмыс табыла қоймады. Басқа қалаларға шығып, еңбек етуге тура келді. Сөйтіп жүргенде 2019 жылы аудандық өрт сөндіру бөліміне құжат тапсырып, артынша осында жұмысқа орналастым. Шүкір, қазір осы жерде адал еңбек етіп, нан тауып жүрмін.
Онда барып, қазанында қайнап көрмеген жұрт аузына келгенін айта береді. Ондағы тәртіпті кез келген азамат басынан өткеруі тиіс. Жалпы әскер – ер баланы уақытты тиімді пайдалануға, ұқыптылыққа, сабырлы, шыдамды, ер мінезді болуға үйретеді. Сондай-ақ шапшаң қимылдау мен бастаған істі кейінге қалдырмауға бейімдейді. Бір сөзбен түйіндесем, әскерде ешкім маңдайыңнан сипамайды. Қазір көп жастар ауданнан шықпай, әр жерде бас қосып, ішімдік ішіп, төбелес ашуға құмар. Шын мықты болсаң, әскерге барып, сондағы тәртіпті бастан өткеріп кел, – дейді.
Рас. Әскерге шақырылушылар елімізде жеткілікті болғандықтан, жыл өткен сайын оларға қойылар талаптар да жоғарылады. Ең бастысы, борышын өтейтін жігіттің денсаулығы мықты болуы тиіс. Оларды медициналық тексеріс нәтижесінде бірнеше топқа бөледі. Басым бөлігі ол жердегі жағдайдан үрейленеді. Оқтын-оқтын шығып тұратын әскер жайлы жайсыз қауесеттер ата-аналарды үркітіп қойған. Әрине, әскерге өз еркімен сұранатындардың да қарасы жетерлік. Әскери қызметті бәрі бірдей жамандап, ұнатпайды емес. Бұл өмірдің де өзіндік ерекшелектері мен пайдасы бар екенін мақтан ететін азаматтар арамыздан табылады.
– Мен 2020-2021 жылдар аралығында Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал қаласы 40398 әскери баталонында болдым. Өзім қатарлы жігіттермен ер азамат ретінде мойныма артылған жүкті абыроймен өтедім. Бір жыл көзді ашып жұмғанша өтіп кетті. Әрине, бастапқыда үйренісу оңай болмады. Бірақ барлығы ептеп қалыпқа келіп отырды.
Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес» деген керемет сөзі бар. Бүгінде Қарулы Күштер туралы әркім аузына түскенді айта береді. Мәселен біреулер: «Қазір «уралап» шабатын заман емес, атом бомбасының дамыған кезеңі. Бір түймені баса салса, бәрін астаң-кестен етеді», – деп ділмарсиді. Бұл ер азаматтардың емес, ездердің сөзі. Әскер сені тәртіпке, жүріп-тұруға, қару ұстауға, бұйрыққа бағынуға, бірлесіп қызмет жасауға үйрететін нағыз ер-азаматтардың мектебі. Ал жаңағыдай әңгіме айтатындар анасының «Жалғыз баламды әскерге жібермеймін», – деген сөздерін естіп өскендер шығар. Мұндайлардың дені шешесінің кішкентайынан: «Сені әскерге жіберсем мені кім бағады», – деп еркелеткеніне үйренгендер болар, – деген ойын білдірді Сұлтан Жанатаев.
Жалпы, жыл сайын елімізде Қарулы Күштердің қатарын 35 мыңдай жас сарбаз толықтырады. Олардың жартысы көктемгі, ал қалғаны күзгі шақыртуда сапқа тұрады екен. Алайда бізде қолына шақырту түскеннен қорғаныс істері жөніндегі бөлімге асығатындардан гөрі таныс-тамырды жағалап, әскерге бармауға барын салатындар көп. Мемлекет басшысының сөзіне сенсек уақыты келген жастар әскер қатарын толықтырады. «Болат қайнауда, ер майданда шынығады» – дейді дана халқымыз. Ендеше, елім деп тік тұратын өр ұландардың қатары көбеюіне тілекшіміз.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
18 қаңтар 2022 ж. 585 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 107

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930