Тау алыстаған сайын биіктей береді

Сынаптай сырғыған тоқтаусыз уақыт... Ардақты да, аяулы әкеміздің жұмсақ даусын, мейрімді жүзін көрмегенімізге 10 жылдың жүзі болыпты-ау?! Болмысынан кішіпейіл, бауырмал, қайратты, көпшіл жан қажыр-қайраты, өнегесімен өзгеге үлгі болды.
1919 жылы «Тасарық» ауылында дүниеге келген ол 1939 жылы әскер қатарына қабылданады. Бұлар барысымен, көп ұзамай Кеңес-фин соғысы басталады. Ленинград қаласынан соғысқа аттанады. 1940 жылы Финляндия тізе бүккеннен кейін, өздерінің бөлімшелеріне қайта оралып, күнделікті әскери дайындықтарын жалғастырады.
Ұлы Отан соғысы басталғанда 115-ші полктің атқыштар бөлімшесінде дайындықтан өтіп, Украинаның Донецк қаласынана аттанады. Украина, Белоруссия жерін Ленинград, Мәскеу қалаларын қорғауға қатысады. Қан майданда 1941 қазан айында аяғынан ауыр жарақаттанып, госпитальда жеті ай емделіп, айыққаннан кейін майданға енеді.
1943 жылы Минск қаласы үшін кескілескен соғыс жүріп жатқан кезді әкем былай деп еске алатын.
«Командиріміздің бұйрығымен біз де жауға қарсы оқ атып, «Алға» деп ұрандап, ілгері ұмтылдық. Арамыздан көп адам ажал құшты. Мен тағы ауыр жарақат алдым. Ес-түссіз жатқанымда, біздің әскерлер жетіп, госпитальға жатқызыпты», – дейтін.
Екінші рет ауыр жарақаттанған сарбаз қайта соғысқа еніп, соңғы сәтке дейін шайқасады.
Жеңіс күнін бұлардың батальоны 1945 жылы 9 мамырда Германия қаласында қарсы алады. «Жеңіс» деген жалынды, құлаққа жағымды жақсы сөзді естігенде, бір-бірімізбен құшақтасып, көздеріне жас алмаған жауынгер жоқ еді. Әрине бұл Жеңіс күнінің қуанышы болатын», – дегенді толқымай айта алмайтын.
Соғыстан кейінгі жылдары бүлінген қалаларды, қалпына келтіруге белсене қатысады. Украинаның «Праковск» шахтасында аянбай еңбек етіп, «Стахановшы» атанады.
Соғыстағы ерлігі үшін Бас Қолбасшы И.В Сталинннің «Алғыс хатын» алады. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, Жеңістің 30, 40, 50, 60, 65 жылдығы, «СССР Қарулы Күштеріне – 70 жыл» мерекелік медальдармен марапатталады.
1947 жылы елге аман-есен оралып, бейбіт еңбекке араласады. Ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосады.
1969 жылы құрметті демалысқа шығады. Мал шаруашылығына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет белгісі» ордені, «Еңбек ардагері» медалін омырауына тағынады.
1948 жылы жары Күлзадамен бас қосып, шаңырақ көтереді. Дүниеге үш ұл, төрт қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Қазақи тәрбиені бойына сіңірген, ибалы, көрікті, ер қадірін құрметтей білетін асыл жары өмірден ертерек озып, әкеміз балаларына әке де, ана да болып, ешкімнен кем қылмай, қатарға қосты. Екеуінің отбасылық жарастығы, бір-біріне деген құрметін көріп өскен біз өмірден өз жолымызды табуда адасқан жоқпыз.
Әсіресе олардың «Адам баласына қиянат жасама. Байлыққа қызықпа. Ол қолдың кірі, адал бол, кішіпейіл бол»» деген өнегесі жанымызға терең ұялаған. Қазір қарап отырсам, олардың көбі жай ақыл емес, олардың жүріп өткен жолдарынан түйген өнегесі іспетті.
Әкем 96 жасында өмірден озды.
Әр Жеңіс күні жеткен сайын майдангер әкемізді мерекемен құттықтауға асығатынбыз. Бірақ ол кісі бұл күнді қуанышты сәт емес, қаншама адам осы жолда жанын қиған, шейіт болған боздақтарға тағзым жасау кезіне балайтын. Соғыс туралы сөзді де сақтықпен айтып, бізге бейбіт күннің қадірін ұғындыруға ұмтылдыратын. Қарапайымдылығы сонша, өтірікке жаны қас жанның әңгіме етер естелігі, айтар ойы көп еді. Алайда оны қажетсінбесе керек, ұрпағының амандығын үлкен байлығы санайтын.
«Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген осы шығар.
Алмагүл ЕГЕУБАЙҚЫЗЫ