Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерліктің ерен үлгісі

Ерліктің ерен үлгісі

«Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп әнекей жағада тұр» деген ақын жолдары ойға оралса, жанар жасқа шомып, көңіл түкпіріндегі қимастық жүректі толқытатыны бар. Өмірге келу бар жерде, кетудің жететіні заңдылық болса да, жақсы естеліктер мен жанды жадыратар сәттер, сырлы сұхбаттар ұмыт болмайды екен. Журналистік жолда жақсылармен талай жүздесудің сәті туды. Соның бірі соғыс және еңбек ардагері Егеубай Сахиев қария еді.
Еңбек жолым басталған алғашқы жылдардың бірі. Аудан орталығынан 100 шақырым қашықтықты артқа тастап, қызылқұм қойнауындағы Кәукей ауылына табан тіредік. Мақсатымыз сұрапыл күнді көзбен көрген көнекөз қарияға сәлем беріп, өмірінен сыр тарқату.
Тілші екенімізді біліп, қонақ күтіп үйренген ұлы Ерталаптың жары Үләйім бізді қуана қарсы алды. Жылы-жұмсағын алдымызға тосып жүрген келіншектің әңгімесінен қарияға құрмет көрсетіп қана қоймай, ол туралы мәліметтер жинаушы екені ұғындық.
Сахиев Егеубай 1919 жылы Тасарық ауылында туылған. Ауылдағы бастауыш мектепте хат таныған соң, отбасылық жағдайына орай еңбекке ерте араласады. Ауыл іргесіне арық қазып, егін егеді.
«Аштықта жеген құйқаның дәмі тәтті» деген бар. Анасының үйдегі жеті жанға жарты кесе бидайды қазан толы суға қайнатып беретіні әлі есінде.
15-16 жасқа тоғанда аңшы әкесімен барып, қарақұйрық текесін сексеуілмен соғып алғаны бар. Әкелі–балалы екеу қанжығалаған киік еттерін қақтап кептіріп алып, түйе қомына өңгеріп, ауылға әкеледі. Олжаның көбі бидай айырбасына кетеді екен.
1938 жылдың 15 мамырында бозбала әскер қатарына алынып, 1939 жылы басталған Кеңес-Фин соғысына қатысады. 1940 жылы Ленинград қаласына оралып, әскери міндетін жалғастырады.
Сарбаз Сахиев Екінші дүниежүзілік соғыстың хабарын Белоруссияның Коссова қаласының маңында естіпті.
«Ел іргесіне жау шауып, фашистер армиясы бейбіт тұрғындарды тыныштықтан арылтуды мақсат тұтыпты. Ер елі үшін туады, елі үшін өледі. Ойлануға, аялдауға мұрша жоқ. Не болса да көппен көреміз деп майданға сұрандық», – деп бастады әңгімесін.
Соғыста Украина атқыштар дивизиясында болып, алдыңғы шепте жауды талқандауға жан аямай кіріседі. 115 арнайы полк Донцк қаласында немістердің алғашқы пәтін бәсеңсітеді.
1942 жылы алған әскери тапсырмасын баяндап берді.
«Командир екі қаруласыммен бірге жау танксін жоюға бұйрық берді. Иығымызда автомат, белімізге граната байлағанбыз. Межелі жерге жақындап қалғанымызда, үшеуіміз үш бағытқа тарқастық. Жер бауырлап барып, танкке 100 метрдей қалғанда алдымнан кездескен сайға тасаланып, гранатаны лақтырдым. Арғысы есімде жоқ», – деп еске алды.
Есін әскери госпитальда жинаған жауынгерге командирі: «Жарайсың, Сахиев, Отан алдындағы борышыңды атқаруда үлгі көрсеттің», – деп арқасынан қағады. Сол жолы Егеубай бір досынан айырылып қалғанын естиді.
Емдеу орнында екі ай жатқан соң әскерге жарамайтынын айтып, елге қайтуға ұйғарым шығады. Алайда жаужүрек жас оны өзіне сын көріп, соңғы демі қалғанша шайқасуға бел буып, Украина, Белоруссия жерлерін, Ленинград, Мәскеу қалаларын қорғауға жан аямай атсалысады.
Жеңіс күні туралы естелігімен бөлісуді сұрадық.
«Балам, көк аспанға қарасам, көзіме жас келеді. Айналадан құстардың, балалар мен қызу тіршіліктің даусын есту, бағалағанға, үлкен бақыт. Азаттықтан артық байлық жоқ. Бұл күнге қаншама адам жете алмай, жастай жер құшты», – деді толқып. Сәттік үзілістен соң тақырып қайта жалғанды.
««Жеңіс!» деген сөзді естегенде қуанбаған адам қалмады. Тұрғындар солдаттарға үйлеріндегі барын әкеліп беріп, алғыс айтып жатты. Бұл азапты күндерден қажыған жұртшылыққа қайтарған қарымта еді. Алайда елдің одан кейінгі жағдайы да оңайлықпен жөнделе қоймады. Тұралаған тұрмыс, жұтаған жұртшылық. Аштық пен қирандылар...».
Соғысты Германияда аяқтаған ол 1948 жылға дейін әскер қатарында қалып, шахтада ауыр жұмыс істейді. Тоғыз жылдан соң ауылға оралып, Гүлзада есімді қызбен шаңырақ көтереді.
Елге келіп, ауылшаруашылығын дамытуға сүбелі үлесін қосады.
Қос майдандағы ерлігі ескерліп, екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендері, «Берлинді алғаны үшін» және «Еңбек ардагері» медалімен, «Жеңістің 30, 40, 50,60, 65 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталады.
Кескілескен күреспен бетпе-бет келу, алда не болатын болжап үлгермейтін ауыр да сындарлы сәттер, аштық пен өктемдік. Барлығы біз айтып отырған ардагердің жүріп өткен жолында кездескен көріністер. Қоштасарда: «Ең қиын нәрсе не?» деген сауал қойғаным сол еді, қарияның ажарлы жүзін мұң торлап, жылдар ізін салған әжімдер жолымен жас саулап қоя берді. Тамағын кенеп алып: «Ой, қарағым-ай, қазақта «Аталатсаң аталат, боталатпа» деген сөз бар. Қырық жыл қырғын болса да, ажалы келмеген адамға ешнәрсе бөгесін болмайды.
Бауырды жоғалту, олардың ұрпақтарын жер қойнына беру қиынның-қиыны екен. Алты ағайындыдан бүгінге аман жеткен мен ғана болып тұрмын. Кіші інім Қайып өмірден өткеннен кейін ұзамай екі қызы қыршынынан қиынды. Бірнеше айдан соң үлкен баласы, келіні, екі немересі қыстың күні көмір түтініне уланып, көз жұмды. Қарап отырсам, 3 айдың ішінде 7 жақынымды жоғалтыппын», – деді.
Өнегелі отбасында дүниеге келген балалары өмірден өз орындарын тапқан. Алдоңғары көп жылдар орта мектеп директоры болса, Оңталабы – Қазақ егіншілік және өсімдік ғылыми-зерттеу институтының қызметкері. Күлән – мәдениет саласынада қызмет етсе, Айгүл мен Алмагүл ұстаздық жолды таңдаған. Аймереке – өз әулетінің түтінін түзу түтетіп отырған көпбалалы ана. Бір кезде қолымен арық қазған Егеубай атаның кенже ұлы Ерталап су саласында жұмыс істейді. Қадірменді қарияға перзенттік парызын өтеп, алғысқа кенеліп отыр.
Бұл естелік осыдан он екі жыл бұрын болған оқиға еді. Сол жылы ауданда он төрт ардагер қалғанын айтып, мақала жариялаған болатынбыз. Бүгінде соғыстың жалғыз ғана куәгері арамызда. Таулар алыстаған сайын биіктей береді. Өшпес өнеге, өрелі жолы қалған Егеубай Сахиұлы сынды саңлақтар ерліктің ерен үлгісі, ұлт тарихында орны қалатын елеулі жан, айтулы азамат.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
19 сәуір 2025 ж. 220 0

Отбасы – бақыт мекені

15 мамыр 2025 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031