Тәттіден табыс тапқан

Нұрбек жеке брендін қалыптастырып, кәсібін көтеруге 15 жылға жуық уақытын арнаған азамат бүгінде ел ықыласына бөленуде. Даму мен өсуді ойлаған талапшыл кәсіпкер бұл жолы жұртшылықты жаңа бастамасымен таңғалдыруда. Қазір Нұрбек халықтың қантқа деген сұранысын бағамдап, оны тұтынушыларға әрлеп, заман талабына сай әсемдеп беру жағын қолға алды.
Кез келген үйдің дастархан басында нанмен қатар қант тұратыны айдан анық. Осы түсінікке үйренгеніміз соншалықты, қантсыз дастархан бар дегенге сенгіміз келмейді. Шайға, түрлі ботқаларға және айранға араластырып салғанды жақсы көреміз. Қант – қант қызылшасы мен қант қамысынан алынатын тағамдық өнім. Ақ, сары немесе қоңыр түсті, тәтті дәмді кристалл. Қант және шақпақ қант (рафинад) түрінде шығарылады. 100 грамм қанттың энергетикалық құндылығы 410 ккал шамасында. Құрамы жағынан қанттардың көпшілігі – көмірсутектің сумен қосылысынан тұрады. Мысалы, гексоза, сахароза, сондықтан оларды көмірсулар деп те атайды. Қант кондитер, нан пісіру, консервілеу, тағы басқа өндірістерде пайдаланылады.
«Қантты күнделікті тұрмыста жиі қолданатынын жақсы білесіздер. Алайда жолда алып жүруге немесе той, өзге де шараларда қолдануға келгенде халық рафинадталған қантты пайдаланады. Осы жағын ойлана келе құмшекерді рафинадтап қана қоймай, оны әдемілеп қаптап ұсыну идеясын жүзеге асырғым келді», – дейді кәсіпкер.
Игі жобаны жүзеге асыру үшін арнайы құрал-жабдық қажет болды. Қажетті құрылғыларды арнайы тапсырыспен Ресей және Қытайдан әкеледі. Есепті қаржыны қарастырғанда кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламаға жүгінуді жөн санайды.
«Жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін зерттедім. Қандай бағдарламамен қаржыландыруға болатынына талдау жасадым. Облыстық бюджеттен аймақтың кәсіпкерлік саласын қолдауға қаржы бөлінгендігін білдім. Оны жүзеге асырып жатқан «Қызылорда» өңірлік орталығына барып өтініш бердім», – дейді Нұрбек Қазбергенов.
Өңірлік орталық мамандары кәсіпкердің өтінішін қысқа мерзімде қарап, жеңілдікпен 18,5 миллион теңге несие береді. Кәсіпкер аз ғана уақыт аралығында қажет құрал-жабдықтарын шет елдерден алдырып, бүгінде жұмысын бастап кетті.
«Бұл жоба аясында 3 адам жұмыс істеп жатыр. Арнайы қаптамамен дайындалған өнім қызының есімімен «Айару» аталды. Қазір аудан нарығына таралып, саудалануда. Сұраныс та жаман емес. Тапсырыс Қызылорда облысының аудандарынан түсуде. Әзірге күніне 100 келіге дейін өнім шығарып ұсынудамыз. Енді бастадық десек те болады. Сол үшін алдағы уақытта сұраныс бұдан да жоғары болады деген үмітіміз бар», – дейді қазалылық кәсіпкер.
Тәттіден табыс тапқан кәсіпкер Қазақстанның «тәтті нарығында» елеулі орны барын дәлелдеуде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА