"Нигериялық болсам да, ана тілім қазақ тілі" – Дэниель Джеймс
Фото: жасанды интеллект
Алматыдағы африкалық этномәдени орталығының төрағасы Дэниель Джеймс қазақ тілін үйренгісі келетіндерге кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақ тілін үйренетіндерге ұялмауға, қорықпауға, қате болса да, уайымдамауға кеңес беремін. Өйткені менде де қате болады. Бірақ оған уайымдамаймын. Ең бастысы – мемлекеттік тілімізді құрметтеу, - дейді алматылық.
Ол "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" деген мақалымыз бар екенін еске салды.
Мен нигериялық болсам да, ана тілім қазақ тілі деп есептеймін. Өйткені мен осы жерден қара нан жеймін, мөлдірдей таза су ішемін. Елімізге қалай алғыс білдіре аламыз? Ең бастысы – мемлекеттік тілді білу парыз, - деп айтты Дэниель Джеймс.
Ол тілді үйреніп жүргендерді уайымдамауға шақырып, бәрі жақсы болатынын айтты.
Бұған дейін Дэниель Джеймс қазақ қызына ғашық болып, қазақ тілін 10 жыл бұрын үйрене бастағанын жаздық.