Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЛЕМ ӘБІГЕР ҮСТІНДЕ

ӘЛЕМ ӘБІГЕР ҮСТІНДЕ

Фото: burakguralp
Қазір елдегі орын алып жатқан түрлі оқиғаларды көріп, жақсысына қуанып, жайсызына жаға ұстайтын жайымыз бар. Әлеуметтік желілерде, ақпараттық агенттіктерде, басылым беттерінде жедел хабар таратылуда. Әйтсе де әлемде не болып жатқанын бірі білсе, енді бірі хабарсыз. Сол үшін арнайы айдар ашып, ғаламда болып жатқан оқиғалармен бөлісуді қолға алған ендік. Шолып көрейік.

Сәуір басталысымен Малайзия астанасы Куала-Лумпурға жақын маңда газ құбыры жарылып, 112 адам жараланды. Денесін қатты күйік шалып, уланған 62-сі ауруханаға жатқызылды. Қауіпті аумақтағы тұрғындар шұғыл көшірілді. Ақпарат құралдары 49 үйдің отқа оранғанын хабарлады. Газ құбыры Petronas мемлекеттік энергетикалық компанияға тиесілі болып шықты.
Ал Оңтүстік Кореяда ормандағы өрттен құрбан болғандар саны 31 адамға жетті. 44 тұрғын жараланған. Бұл туралы «Рёнхап» агенттігі хабарлады. От толық сөндірілген. Тілсіз жау 4 мың үй, 7 ғибадатхана мен 986 басқа ғимаратты, сондай-ақ 2 мыңға жуық ауыл және мал шаруашылығы нысанын жалмады. Алапат өрт 11 аймақты қамтып, 48 мың жасыл желекті күлге айналдырған. 3 мыңнан астам адам жаппай көше бастады. Баспанасынан айырылғандар үшін 100-ден аса паналау орталығы ашылды.
Өзгелер өртпен күресіп жатқанда Венгрияның солтүстік-батысында аусылдың екінші ошағы пайда болды. Euronews-тің хабарлауынша, ауру жұқтырды деген 3 мыңға жуық сиыр жойылуы керек. Алдын ала есеп бойынша мал шаруашылығына 3 миллион 700 мың еуро шығын келген. Үкімет «малшыларға өтемақы береміз» деген. Алайда қанша көлемде екені әзірге белгісіз. Бұған дейін көршілес муниципалитет аумағынан аусыл шығып, 4 мың бас ірі қара жойылған болатын. Сау жануарларға да қазір жаппай екпе салынып жатыр.
Жақында ғана әлемді дүр сілкіндірген оқиға орын алды. Халық наразылығын білдіріп, кей елдер митингке шықты. Оның басты себебі – АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің бүкіл елдеріне тарифтер енгізген болатын. Ақ үй басшысы мұндай қатаң шаралар қабылдайтынын 2 ай бойы қайта-қайта ескертіп, ақыры тиісті жарлыққа қол қойған. Тізімде 185 ел бар. Трамп Қазақстанға – 27, Үндістанға – 26, Жапонияға – 24, Еуроодаққа – 20, Израиль – 17 және қалған елдерге 10 пайыздан салық салды. Ең көбі Камбоджа – 49, Лаосқа – 48, Вьетнамға – 46, Қытайға – 34, Швейцарияға – 31 пайызға дейін көтерген. Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан сияқты елдерді қамтыған 10 пайыздық жалпы тарифтер 5 сәуірде, ал жоғары тарифтер 9 сәуірде күшіне енбек. Сондай-ақ АҚШ-қа импортталатын кез келген көлік түріне 25 пайыздық тариф енгізіледі. Мыс, дәрі-дәрмек, жартылай өткізгіштер, ағаш бұйымдары, энергия, энергетикалық ресурстар мен кейбір аса маңызды пайдалы қазбаға мүлде салық салынбайды. Трамп Конгресті айналып өтіп, өзіне жарлық шығару құқын беру үшін АҚШ-та төтенше жағдай жариялаған. Оған былтыр 1 триллион 200 миллиард долларға жеткен «сауда тапшылығы» себеп екен. Дональд Трамп «Бүгін Азат ету күні. Бүгін Америка тарихындағы ең маңызды күндердің бірі. Бұл Американың экономикалық тәуелсіздігінің декларациясы. Біз Американы қайтадан ұлы және бай елге айналдырамыз. Біздің мемлекет 50 жылдан астам уақыт бойы тоналып келді. Енді мұндай сорақылық ешқашан болмайды» деді.
Кейбір елдер табиғи апаттардың құрбаны болса, адам қолынан мерт болып, соғыс шырғалаңында жүргендер жайы үйреншікті жағдайға айналғандай. Израиль Газа секторының солтүстігіндегі мектепті бомбалап, 33 адамды өлтірді. Тағы 70 палестиналық жараланған. «Әл-Жазира» телеарнасының хабарлауынша, марқұмдардың көбі балалар мен әйелдер. Мектеп ғимаратында баспанасынан айырылған тұрғындар болған. Ал Израиль билігі «Онда ХАМАС қозғалысының басқару орталықтарының бірі орналасқан» дейді. Қайғылы оқиға орнында дәрігерлер мен құтқарушылар жұмыс істеуде. Қиранды астында әлі де адамдар болуы мүмкін. Айта кететін жайт, Израиль әскерінің шабуылдарынан жалпы 1 күнде 112 палестиналық қаза тапқан.
Газа секторының жайы жұртшылықты алаңдатып отыр. Онда орын алып жатқан түрлі оқиғаның фото, видеолары әлеуметтік желілерді аралап жүр. Жаға ұстайсың, жүрегің ауырады. Газа секторы халқының 90 пайызы баспанасынан айырылған. Бұл – 1 милллион 900 мыңға жуық адам. Мұндай мәліметті Біріккен ұлттар ұйымының Таяу Шығыстағы өкілдігі келтірді. Палестиналықтардың жылы орнын суытуына Израиль әскерінің үздіксіз шабуылдары себеп. Баспана көрмей, қаңғып қалғандардың арасында мыңдаған бала бар. Барлық босқындар лагерьлері адамдарға лық толы. Оларға азық-түлік, ауызсу, дәрі-дәрмек, тазалық заттары жетіспейді. Наурыз айынан бері гуманитарлық көмек жіберілмей жатыр. Ал Израиль әуе соққылары мен құрлық операцияларын тоқтатар емес.
АҚШ тарифтерінен әлемдегі ең ауқатты 500 адамның дәулеті бір күнде 208 миллиард долларға азайды. Өйткені нарықта акциялары құлдырады. Бұл коронавирус пандемиясынан кейін болмаған жағдай. Әсіресе америкалық милилардерлер зор шығынға батты. Оның ішінде «Мета» платформасының иесі Марк Цукерберг пен «Амазон» компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос бар. Екеуі 33 миллиард долларынан айырылған. Әлемдегі ең бай адам Илон Маск 11 миллиард доллар жоғалтты. Байлар байлығын санап жатқанда Армения билігі Еурордаққа қосылуға ниетті екенін жасырмады. Тіпті ұйымға кіруге қажетті іс-шараларды бастап кетті. Президенті тиісті заңға қол қойды. Мұны Армения басшысының баспасөз қызметі хабарлады. Осыған дейін құжатты парламент қабылдаған еді. Оған 64 депутат дауыс берсе, жетеуі қарсы шыққан. Премьер-министр Никол Пашинянның айтуынша, халық қалауы ескеріледі. Алдымен елде референдум өткізіледі. «Тек соның нәтижесінен кейін ғана Еуроодақ мүшелігіне өту-өтпеуіміз белгілі болады» деді ол.
Ал Бразилияда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Бәрінен де туристер арасында аса танымал – Ангра-дус-Рейс қаласы қатты зардап шеккен. Мұнда бір күннің ішінде жауын-шашынның бір айлық мөлшері түсті. Бірнеше сағатта ондаған тұрғын үй мен басқа ғимараттар су астына кетті. 300-ден астам отбасы баспанасыз қалған. Тасқынның тез жүргені соншалықты, адамдар құнды заттары мен мүліктерін алып үлгірмеген. Үйсіз қалған тұрғындар әзірге уақытша тұру орталықтарына орналастырылды. Аймақта барлығы осындай 36 мекеме ашылған. Құрбандар мен жараланғандар туралы ақпарат жоқ.
Әлемдік әбігерге түскен тағы бір жайт бар. Ол – Мьянмадағы жер сілкінісі. Соңғы мәліметтер бойынша, зілзала құрбандарының саны 3564 адамға жеткен. Тағы 5 мың адам жараланған. Ізім-ғайым жоғалып кеткен 210 тұрғын әлі табылмады. Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бірақ оларға ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіріп тұр. Табиғат апаты болған өңірде жаңбыр жауып, түрлі аурулардың таралу қаупін арттырды. Ол аздай, күшті жел соғып, шатырлы лагерьдің астан-кестенін шығарды. Онда зілзаладан кейін баспанасыз қалғандар тұрып жатқан. Мьянмада 28 наурыздағы жер сілкінісінің магнитудасы 7,7 балға жетті. Қазір Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекетке әлемдік қауымдастық жәрдемдесіп жатыр. Бірақ әскерилер билігі мен көтерілісшілер арасындағы қарулы қақтығыс оған кедергі келтіруде.
АҚШ-та тек Трамп қана жаңалықтар легінде емес. Мұнда су тасқыны орын алып, құрбандарының саны 18 адамға жетті. Марқұмдардың көбі елдің шығысындағы Теннесси штатының тұрғындары. Өңірмен көршілес тағы 4 штатта ауа райына байланысты қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланды. Аймақта осымен бірнеше күн нөсер толастамай тұр. Жергілікті өзендерде су деңгейі күрт көтерілген. Тасқын салдарынан 126 мың үй жарықсыз қалды. 6 мыңнан аса әуе рейсі кейінге шегерілді. Қауіпті аймақта 40 миллионнан аса адам тұрады. Қазір тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде.

Айнұр ӘЛИ
08 сәуір 2025 ж. 42 0

КӨПКЕ ҮЛГІ АРДАГЕР

08 сәуір 2025 ж. 43

ӘЛЕМ ӘБІГЕР ҮСТІНДЕ

08 сәуір 2025 ж. 43

Не үшін кітап оқу керек?

07 сәуір 2025 ж. 133

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930