Әбігер әлемнің де әлегі бар
Соңғы уақытта елде болып жатқан оқиғаларды көріп, жағамызды ұстайтын жайымыз бар. Әйтсе де әлемде не болып жатқанын біле бермейміз. Арнайы айдар ашып, ғаламда болып жатқан оқиғалармен бөлісуді жөн көрдік.
Синьхуа агенттігінің мәліметінше, Моңғолияда барлығы 7,1 миллион мал қырылып, 5,6 миллион малдың өлексесі жойылып, көмілген.
«Ақ және темір жұт (қысқы тақыршылық) кезінде қырылған ірілі-ұсақты мал өлекселерін жою және көму бойынша 15 сәуірде басталған жұмыстарға зоонозды жұқпаны зерттеу орталықтарының қызметкерлері, сондай-ақ Моңғолияда малдың қырылуының ең жоғары көрсеткіші тіркелген аймақтардағы көшпелі малшылардың өздері тартылды», – делінген елдің Төтенше жағдайлар министрлігі бойынша бас басқармасы таратқан ақпаратта.
Моңғолияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың соңына қарай елдегі малдың жалпы саны 64,7 миллион басты құрапты.
Ал Нигерияның солтүстік-шығысында жайылған қызылша індетінен 42 адам көз жұмды. Адамава солтүстік-шығыс штатында бір апта ішінде қызылшадан 42 өлім тіркелген. Қызылша – ауа-тамшы жолымен жұғатын өте жұқпалы вирус. Оған негізінен 5 жасқа дейінгі балалар шалдығады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, қауіпті дерттің алдын қосдозалы вакцинамен алуға болады. Адамаваның денсаулық сақтау комиссары Феликс Тангвами қызылшаның көбеюі негізінен аумақтағы екі ауданда болған.
«Бұл аудандарға қызылшаға қарсы екпе жеткізілді және біздің далалық топ жағдайды бақылауда ұстайды» деді ол.
Ауғанстанда нөсер жауын салдарынан болған су тасқынынан жүздеген адам қаза болды. Табиғи апаттарды басқару министрлігі Талибан өкілінің айтуынша, су тасқыны Кабулға да әсер етті. Оның айтуынша, зардап шеккен аймақтарға азық-түлік және басқа да көмектері бар құтқару топтары жіберілген. Сәуірде толассыз жауған жаңбыр мен су тасқыны ел бойынша кем дегенде 70 адамның өмірін қиды.
Қырғыз Республикасындағы толассыз жауын-шашын, тұрақсыз ауа-райына байланысты «төтенше жағдай режимі» енгізілді. ОШ мэриясының мәліметінше, мұндай шешім Ош қаласының мэрі Бақытбек Жетігеновтің төрағалығымен өткен азаматтық қорғау штабының отырысында қабылданған. Режим селдің салдарын реттегенге дейін күшінде болады.
«Су басу қаупі бар аумақтарды тазарту, су тасқынынан қорғау арналары мен тосқауылдарын қалпына келтіру, профилактикалық іс-шараларды күшейту, қалалық ирригациялық желілер мен су бұру каналдарының жағдайын бақылау, сондай-ақ сел арналарына арнайы техниканың кедергісіз кіруін қамтамасыз ету мақсатында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтілді» деп жазылған Ресми мәліметте.
Ал Папуа-Жаңа Гвинеяда табиғи апаттан қаза тапқандар саны 670-ке жетті. Зардап шеккендер саны мыңнан асты. Бұл туралы БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы хабарлады. Оның мәліметтері бойынша, 150-ден астам үй қирандылардың астында қалған.
«Қазір үйінді астында 670-тен астам адам деген болжам бар» деді ұйымның елдегі миссиясының жетекшісі Серхан Актопрак жергілікті биліктің мәліметтеріне сілтеме жасай отырып.
Үндістанның оңтүстігіндегі Керала штатында нөсер жауын салдарынан кем дегенде 11 адам қаза болды. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері хабарлады. Соңғы 24 сағатта штаттың кейбір бөліктерінде 20 см-ден астам жауын-шашын түскен.
«Жауын-шашын салдарынан қаза тапқан 11 адамның алтауы түрлі суға батып кету оқиғаларынан көз жұмған, екеуі су толтырылған карьерлерге құлады, екеуі найзағай соғып, біреуі қабырғаның опырылуынан қаза тапты» деп мәлімдеді жергілікті шенеунік.
Сонымен қатар билік өкілі өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері және басқа да бөлімшелер кез келген оқиғаға сақадай сай екенін мәлімдеді.
Айнұр ӘЛИ